Египетте коррупцияға қатысы бар деген күдікпен бұрынғы үш министр мен миллиардер тұтқындалды.
Экс-президент Хосни Мүбәрак әкімшілігінің шенеуніктері мен ірі бизнесмен бейсенбі күні Египет прокуратурасының нұсқауы бойынша ұсталды. Осылайша, бұрынғы ішкі істер министрі Хабиб әл Адли, бұрынғы туризм министрі Зухаир Гарана, бұрынғы тұрғын үй министрі Ахмед әл Маграби және болат құю саласының магнаты Ахмед Эзз қамауға алынып отыр. Оларға мемлекет қаржыларын жымқырды және қызмет бабын жеке бастарына пайдаланды деген айыптар тағылған. Сонымен бірге елдегі төңкеріс әлі аяқтала қойған жоқ. Жұма күні экс-президенттің қарсыластары Тахрир алаңында Мүбәрактің отставкаға кетуіне бір апта толуын тойламақшы.
ҚАЗА БОЛҒАНДАР САНЫ 25-КЕ ЖЕТКЕН
Ливияда ереуілшілердің құқық қорғау органдары қызметкерлерімен қақтығысуы салдарынан 24 адам қаза тапты деп хабарлайды «Рейтер» агенттігі.
Ливиядағы үкіметке қарсы ереуілдер 15 ақпан күні басталып, елдің Бенгази, Эль-Байда, Триполи сияқты қалаларында өткен болатын. Көп ұзамай Бенгазидегі тәртіпсіздіктерден соң ел басшысы Муаммар Каддафиді қолдаған марш болып өтті. Дәл осы сияқты марштар мемлекет басшысы туған Триполи мен Сирте қалаларында ұйымдастырылды. Әлемдегі ең ірі мұнай экспорттаушы болып табылатын Ливиядағы ереуілдер осы өңірдегі бірқатар елдерді қамтыған үкіметке қарсы манифестациялардан кейін басталып отыр.
ПАРСЫ ШЫҒАНАҒЫ ЕЛДЕРІ БАХРЕЙНГЕ ШЕТ ЕЛДЕРДІҢ ҚОЛ СҰҒУЫНА ҚАРСЫ
Парсы шығанағындағы мұнай өндіруші монархиялардың сыртқы саясат ведомстволары бүгінде үкіметке қарсы акциялар өтіп жатқан Бахрейн билігіне толық қолдау көрсететіндерін мәлімдеді.
Манамада өткен Парсы шығанағындағы Араб мемлекеттері қызметтестігі кеңесінің төтенше сессиясында ұйымға мүше елдердің сыртқы істер министрлерінің басшылары ұйымның қандай да бір мүшесіне қатер төндіретін кез келген қауіпке бәрінің бірлесіп қарсы тұратындықтарын мәлімдеді. Айта кету керек, аталған ұйымға Бахрейннің сыртында Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт, Катар және Оман мемлекеттері мүше болып табылады. Сондай-ақ олар Бахрейн ісіне шет ел мемлекеттерінің қол сұғуына да қарсылық білдіруде. Ұйым мүшелері ондай әрекетті Парсы шығанағындағы бүкіл араб елдерінің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына нұқсан келтіру ретінде бағалап отыр.
«ӨКІМЕТСІЗДІКТІҢ» ҰЗАҚТЫҒЫ БОЙЫНША РЕКОРД
Бельгияның саяси «өкіметсіздіктің» ұзақтығы жағынан әлемдік рекорд жасауына орай осы елдің Гент қаласында өткен халықтық мерекеге 10 мыңға жуық адам қатысты, деп хабарлайды ресейлік «Новости» ақпарат агенттігі.
Бельгияда кезектен тыс парламент сайлауы өтіп, оның қорытындысы бойынша жаңа министрлер кабинеті жасақталуға тиіс болғанына 17 ақпанда 249 күн толса да, жаңа кабинет әлі жасақталған жоқ. Осылайша Бельгия саяси дағдарыстың ұзаққа созылуы жағынан тек Еуропада ғана емес, бүкіл дүние жүзі бойынша «чемпион» атанып отыр. Француз тілінде және нидерланд тілінде сөйлейтін партиялар арасында мемлекеттік реформалар жүргізу ісіне қатысты туындағын алауыздық үкіметтік коалиция құру жөніндегі келіссөздерде шешілмейтін түйінге айналып отыр.
ПЛАГИАТҚА ҚОЛДАУ КӨРСЕТУ НИЕТІНДЕ
Германия канцлері Ангела Меркель кандидаттық диссертацияны көшіріп алды деген айып тағылғанына қарамастан, қорғаныс министрі Карл-Теодор цу Гуттенбергке өзінің қолдау көрсететіні жөнінде уәде берді, деп хабарлайды «Новости» ақпарат агенттігі.
Канцлер өзінің қолдау көрсететінін министрмен болған кездесу кезінде хабарлаған. Бірақ ол үшін министр ашық мәлімдеме жасап, өзгенің материалының бүтіндей бір абзацтарының сілтеме жасалмастан қалайша оның диссертациясына тап болғанын түсіндіріп беруі керек. Осы мәселеге байланысты бұқаралық ақпарат құралдары көтерген даудың өршіп тұрғанына да үш күн болды. Министрдің өзі болса, тағылған айыптар жөнінде «түсініксіз» дегеннен өзге ештеңе айта алмай отыр.
ҚЫРҒЫЗДАР ШЫҢҒА ПУТИННІҢ ЕСІМІН БЕРМЕК
Ресей премьері Владимир Путинге таулы шыңның бірінің атын бермек болған қырғыз өкіметі істі аяғына дейін жеткізуге бел шешіп отыр.
17 ақпан күні тиісті заң жобасы парламентте қабылданып, үкімет оны бекітіп те жіберді. Депутаттар заң жобасын талқылаусыз-ақ қабылдаған көрінеді. Бірақ қанша адамның қолдап дауыс бергені нақты хабарланған жоқ. Қырғызстандағы бір шыңды Путиннің есімімен атау туралы әңгіменің бар екендігі осыдан екі айдай бұрын мәлім болған. Идеяның кең тарап кеткені сондай, одан бас тарту ендігі жерде Ресей басшылығын сыйламағандық ретінде бағалануы мүмкін. Сонымен бірге, үкімет бекіткен құжаттың ел заңына сәйкес келмейтіні де белгілі болып отыр. Ол бойынша географиялық нысандарға тек қайтыс болған адамдардың ғана есімдері беріледі екен.
АРАЛДАРҒА ҰШАҚ ҮСТІНЕН КӨЗ САЛМАҚ
Жапония үкіметінің бас хатшысы Хокайдо аралына баратын екі күндік сапары кезінде Куриль аралдарын аспаннан бір қарап өтпек ниетте.
Токионың пікірінше, даулы аумақ болып саналатын аралдарға жапон шенеунігінің баруы Ресей басшысының осының алдында жасаған сапарына жауап ретінде болмақ. Сапар барысында Жапония министрлер кабинетінің бас хатшысы Юкио Эданоның Куриль аралдары тізбегінің оңтүстік бөлігінің тұрғындарымен әңгіме өткізбек те ойы бар көрінеді. Солтүстік аумақтар мәселесі, ол тек осы аралдардың бұрынғы тұрғындарының ғана проблемасы емес, сонымен қатар, ол бүкіл жапон халқының проблемасы, сондықтан мен жапон жұртшылығының осы мәселені түсіну деңгейін арттыра түскім келеді, деп мәлімдеген Эдано Токиода өткен баспасөз мәслихаты барысында.
Интернет материалдары бойынша әзірленді.