Бердібек Сапарбаев шырайлы Шығыстың тізгінін ұстағанынан бері екі жыл зыр етіп өте шықты. «Мен Бердібекке сенемін. Ол бұған дейін екі ірі облысты, министрлікті іскерлікпен басқарды. Қай салада еңбек етсе де соңынан жылы сөз естілгеніне куә болып жүрміз. Еліміздің алтын тәжі – Кенді Алтайды да өркендете береді деген ойдамын», деген еді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өңірге келген кезінде.
2009 жылдың басында жаңа қызметке тағайындалған Б.Сапарбаев айналасы бірер айда барлық қалалар мен аудандарда сапармен болып, жергілікті әкімдердің атқарып жатқан істерімен танысып шықты. Атқарылған жұмыстар бар болғанымен, кемшіліктер де көп екен. Өңір басшысы оларға қадау-қадау тапсырма жүктеп, бірер айдан соң қайта айналып келетінін, егер кемшіліктер түзелмесе, қатаң шара қолданатынын ескертті. Қашанғы мемлекет қаржысына сене бересің, бюджет коржынын толтыру үшін шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту қажет. Мал тұқымын асылдандыру, аудандар мен қалаларда жаңа жұмыс орындарын ашу мәселесіне облыс әкімі қатты назар аударды. Расында да, бір-екі айдан кейін өңір басшысы аймақты тағы аралап қайтты. Кемшіліктен қорытынды шығармаған әкімдердің кейбіріне қатаң ескерту жасады. Сонымен, жаңа әкімнің өз сөзінде тұратыны, ескертулері шындыққа жақын екені белгілі болып қалды. Әкім-қаралар етек-жеңдерін жинап, өз істеріне жауапкершілікпен қарай бастады.
Алтайдың алты айға созылатын аязды қысы өңірдің жаңа басшысын қатты сынаққа алды. 40 градустан асатын аяз, апта сайын соғатын қатты боран республикалық деңгейдегі жолдарды жиі жаба бастады. Оларды тазарту оңай шаруа емес. Кейде жолдар екі күн жабылып қалған кезде оған жауапты адамдармен қатаң сөйлесті. Техника жетіспейді, жанар май мәселесі де ауыртпалықтар жүктейді деген соң, ол мәселенің де шешімін тапты жаңа басшы. Өткен жылдың 17 наурызында күн қүрт жылып, Тарбағатай ауданының Көкжыра, Жәнтекей, Күршім және Зайсан аудандарының бірнеше ауылдарын су шайып, 600-ге тарта тұрғын үй бұзылды, біраз мал қырылды. Осынау сын сәтте Елбасы қамқорлық танытып, Үкіметтен қыруар қаржы бөлгізді. Айналасы үш-төрт айда зардап шеккен отызға тарта елді мекенде 600-ге тарта тұрғын үй пайдалануға беріліп, қажетті тұрмыстық заттар сатып әперілді. Өңір басшысы тек Тарбағатайдың Көкжыра ауылында жиырмашақты рет болды. Қыркүйектің басында Елбасы Н.Назарбаев Көкжыра ауылында болған кезде жаңа ауылды көріп, ризашылығын білдірді, облыс әкімі Б.Сапарбаевтың еңбегіне алғысын айтты.
Б.Сапарбаевтың Шығыс Қазақстан халқы алдында есеп беру кездесуінде, міне, осы жайлардың барлығы экраннан көрсетілді. Әкімнің есебі «он-лайн» режімінде өткендіктен, қала, аудан әкімдері жұртшылықтың қатысуымен оны мұқият тыңдап отырды. Көптеген сауалдар қойылды.
– Биыл еліміздің өз Тәуелсіздігін алып, бодан жұрттан бостан жұртқа айналғанына 20 жыл толады. Сонымен қатар төрт құрлықта орналасқан, әлемнің 1,5 млрд. халқы тұратын 57 мемлекеттің басын біріктірген беделді Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық етеміз. Шілде айында Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтеді. Барыс жылы ұлтымыз үшін қандай табысты жыл болса, босағадан аттаған қоян жылы да жақсы жаңалықтарымен басталды. Жақында ғана Астана мен Алматы қалаларында мәреге жеткен бүкіл Азия құрлығындағы дүбірлі додалардың бірі – 7-ші Қысқы Азиада Қазақстанның әлем алдындағы беделін тағы бір көтеріп тастады. Байрақты бәсекеде еліміздің мәртебесінің асқақтап, көк туымыздың желбіреуіне Шығыс Қазақстан спортшылары ерекше үлес қосты, – деді Бердібек Мәшбекұлы. – Мен өзім Өскемен, Семей, Риддер қалалары мен 5 ауылдық округ әкімінің есепті кездесуіне қатыстым. Орынбасарларым, облыс әкімі аппаратының жауапты қызметкерлері және облыстық басқармалардың бастықтары қалалар мен аудандар әкімдері өткізген барлық есептік кездесулерге қатысты.
2011 жылғы есептер тұрғындар арасындағы белсенділікті көрсетті. Көтерілетін мәселелердің сипаты өзгерді, өзіне өзі сын айту тұрғысындағы баяндамалар қатары артты, түскен ұсыныстар саны екі есеге жуық азайды. Өткізілген есептік кездесулерге азаматтардың белсене қатысуы атқарушы билік органдарына сенімнің артқанын дәлелдейді. Қалыптасқан дәстүр бойынша, есептік кездесулер қарсаңында азаматтардың ескертулері мен ұсыныстарын қабылдау жүргізілді. Өткен жылы облыс басшысының атына 150 өтініш түссе, оларда 175 мәселе көтерілген екен.
Былтыр өңірлік өнім көлемі 1 триллион 070 миллиард теңгені құрады. Облыс өнеркәсібінде 624 миллирад теңгенің өнімі өндірілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда біршама артық. Қазыналы өңірде алтын өндіру мен өңдеу көлему – 22 пайыз, қорғасын – 17, тас көмір 9 пайыз өсіп, жеңіл автокөлік өндірісі 4,2 есе артты. Міне, күні кеше Өскемендегі тұңғыш автокөлік өндірісінің қарлығашы – «Азия-авто» құрастыру зауыты өзінің 25 мыңыншы көлігін шығарды.
Елбасының бастамасымен дүниеге келген индустрияландыру бағдарламасы және «Жол картасы» өміршеңдігін қазірдің өзінде дәлелдеді. Индустрияландыру картасына облыс бойынша жалпы сомасы 493,5 миллиард теңгенің 29 инвестициялық жобасы кірді. Оның сегізі республикалық маңызы бар жоба. «Казцинк» ЖШС-де былтыр екі зауыт пайдалануға берілді. Үлбі металлургия зауыты мен Өскемен титан-магний комбинаты өз қуаттарын жыл сайын арттырып келеді. Былтыр 12 инвестициялық жоба жүзеге асты. Бұл белгіленгеннен бір жобаға артық, олардың жалпы құны 139 миллиард теңге. Міне, соның арқасында өндірісте бір жарым мың жұмыс орны ашылды.
2015 жылға дейін индустрияландыру картасына қосымша 67 жоба енгізу жоспарланып отыр. Олардың құны 580 миллиард теңге болмақ. Демек, нәтижесінде өндіріс көлемі 16,1 пайыз артып, жаңадан 25 мың жұмыс орны ашылады. Қазіргі таңда отандық өнімнің бәсекеге қабілеттігін арттыру бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Өңірдің 230 кәсіпорны менеджмент жүйесін енгізген. Бұл 2009 жылмен салыстырғанда 30 пайызға көп.
Өңір басшысы Шығыстың агроөнеркәсіп кешені жайлы да мағлұматтар берді. Өткен жылы ауа-райының қолайсыз болуына қарамастан, бұл сала бойынша 151,2 миллиард теңгенің табиғи көлем индексіне қол жеткен. Ауыл шаруашылығын дамытуға әр түрлі қаржыландыру көздерінен 10,5 пайыз өсіммен 14,5 миллиард теңге тартылған. Оның ішінде субсидиялау көлемі 5 миллиард теңгеден асып түссе, 28 асыл тұқымды мал шаруашылығы, 23 бордақылау алаңы, бір тауарлы-сүт фермасы құрылыпты. Сондықтан да ет пен сүт өндіру көлемі тиісінше 9,1 және 3,1 пайыз ұлғайған.
Өңірде бірнеше құс фабрикасы бар. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында «Өскемен құс фабрикасы» АҚ-та қайта жаңғырту жүзеге асырылмақ. Черемшанка құс фабрикасы қоғамын қалпына келтіру жүргізіліп жатыр. Бесінші түлік – марал шаруашылығын дамытуды субсидиялау басталып кетсе, облыста асыл тұқымды маралдардың үлес салмағы 48,1 пайызға ұлғайған. Еліміз бойынша өзіндік алар орны бар омарта шаруашылығын дамыту да назарда. Ара ұяларының жалпы саны 29,2 пайызға артып, бал өндірісі 36,1 пайыз өскен.
Облыс әкімі денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, т.б. маңызды салалар бойынша да айтарлықтай жұмыстар атқарылғанын атап көрсетіп, сөзін цифрлармен тұздықтап отырды. Әкім есебінде құрылыс саласы да назардан тыс қалған жоқ.
Облыс әкімінің баяндамасы аяқталған соң залға орнатылған үш микрофонның жанына қырыққа тарта адам кезекке тұрып, сауалдарды қарша боратты. Глубокое ауданындағы Черемшанка құс фабрикасы өткен жылы банкротқа ұшырап, онда еңбек ететін 450 адам жалақыларын ала алмай, сан соғып қалған. Қиын кезде өңір басшысы Б.Сапарбаев жаңа инвестор тауып, оның «екінші» тынысын ашқан. Фабрика жұмысшысы П.Ермаков облыс әкіміне:
– Сіз біздің фабриканың болашағы жайлы қандай ойдасыз? – деген сауал қойды.
– Құс фабрикасы жайынан хабардармыз. Инвесторлар жалақы қарызынан құтылды. Салыққа біраз қарыздары бар. Оның үстіне олар балабақшаны жөндеп береміз деп отыр. Жалпы құны 700 миллион теңгенің қаржысын салмақ, – деп жауап қатты өңір басшысы.
Қаланың Жібек мата комбинаты қалашығындағы ақсақалдар алқасының төрағасы С.Оразбаев әкімнің бір жылғы жұмысына жақсы баға беріп, өзін толғандырған мәселелерді ортаға салды. Оның айтуынша, сол жағалауда балалар ауруханасы болғанымен, емхана жоқ. Кезекте 8600 бала тұрады. Сондықтан жаңа емхана салып, тіс емдейтін емхана құрылысына да көңіл бөлінгені жөн.
– Келер жылы жаңа аурухана салу ойда бар. «Казцинк» ЖШС өздерінің профилакторийін қалалықтарға берген. Ал тіс емдейтін емхана мәселесін ойластырамыз, – деді облыс әкімі.
Зырян қаласының тұрғыны Н.Ивенко құрылысы 2008 жылы басталып, әлі күнге аяқталмай отырған 60 пәтерлі тұрғын үйге қаржы бөлуді өтінді. Құрылысты аяқтау үшін 410 миллион теңге қажет екені көлденең тартылды. Аз ақша емес. Сондықтан құрылысты екі жылға тең бөліп аяқтау ойда бар екені мәлімделді.
Шемонаиха ауданындағы «Восход» шаруа қожалығының төрағасы В.Лонский жанар майға, техника сатып алуға субсидия бөлу, Күршім ауданындағы Теректі ауылындағы орта мектептің директоры С.Ақанов жол, Катонқарағай ауданының тұрғыны Қ.Өскенбаев Аршаты ауылындағы мектептің апатты жағдайда екені жайлы сауалдар қойды. Өңір басшысы сауалдарға тиянақты жауап қайтарды. А.Еркебұлан, С.Ысқақов, Өскемендегі «Алға» партиясының мүшесі И.Кәкімова, жеке кәсіпкер К.Кемпірбаев, тағы басқалар жол, мектеп, басқа да өзекті мәселелерге қатысты қойған сауалдарына тиянақты жауап алды.
Он-лайн режімінде теледидардан да сауалдар қойылып, оларға да жауап берілді. Облыс әкімінің бір жылғы жұмысына жиналғандар жақсы деген баға берді. Облыс әкімінің есеп беру кездесуіне Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Ж.Ахметов, Парламент Сенатының депутаты Т.Абайділдин қатысты.
Оңдасын ЕЛУБАЙ.
Өскемен.