Сүйдіндегі пәрменнен хабардар болған генерал Андрей Бакич те өзінің Александр Дутовқа бағынудан және қарамағындағы корпусын оның басқаруына беруден бас тартатынын мәлімдейді. Орынбор атаманының оны орнынан түсіріп, қамауға алмақ әрекеті сәтсіз аяқталады. Бұл шиеленіс екі генералдың бірлесе жұмыс істеуі мүмкін емес екенін көрсетеді. Алайда, Александр Дутов өз штабының төңірегіне Шыңжаң аймағында ғана емес, большевиктер билігіндегі Ресей жеріндегі де коммунистерге қарсы барлық күштерді топтастыру әрекетін тоқтатпайды. Ол Қиыр Шығыстағы монархияшылар мен ақ гвардияшылар ұйымдарынан қаражат алып, Іле өлкесінде атыс қаруларын сатып ала бастайды. Барлау және қарсы барлау жұмыстарын жандандыра түседі.
Александр Дутов тұсында мұндағы арнаулы қызметтің бейресми жетекшісі былайғы қауымға Владимир Покровский есімімен белгілі игумен Иона еді. Ол қарсы барлауға жауапты болып, жасақ үшін қаражат жинаумен ғана айналысып қоймай, кеңестік Ресейге қарсы әскери қимылды насихаттаушы басты идеологтардың бірі болады. Поп әкей: «Бұл жорық енді зұлымдыққа қарсы шешуші шайқасты бейнелейтін соңғы жорық», – дегенді ел құлағына құйып, сіңіре бастайды. Осы пірадар туралы Түркістан майданының барлау бөліміндегі мәліметте былай делінген: «Дутовқа қосылған соң ол ешқандай қиындықсыз-ақ оны өз ырқына көндіріп алды. Атаманның оң қолына айналды да көп ұзамай әскердің бас діни қызметшісі болып тағайындалды. Уақыт өте оның Дутовқа ықпалы күшейгені сонша, генерал оның кез келген тілегін лезде орындайтын болды. Атаманның кеңестік Ресейге қарсы 1920 жылы басталады деп болжанып отырған шабуылы да осы тілектердің бірінен саналады».
1920 жылдың күзінде өзінің көп хаттарының бірінің иесіне жауап бере отырып Орынбор атаманы: «Жетісу мен Ташкент арасының өн бойында жұмыс жүріп жатыр. Мен Харбинмен және Қырымдағы генерал Врангельмен байланыс жасап тұрамын», деп хабарлайды. Зерттеуші Давид Голинковтың «КСРО-дағы антикеңестік құпия ұйымның күйреуі» атты кітабындағы деректерге қарағанда 1921 жылдың басында Александр Дутов ағылшын барлау қызметімен байланыс орнатады. Анығында бұл «байланыс» оның большевиктердің Жетісудағы жағдайын тұрақсыздандыруға орыс генералынан кем мүдделілік танытпайтын Қашқариядағы ағылшын консулымен әңгімелесуіне келіп тірелген сияқты. Осы мақсатқа жету үшін атаман шетелдердегі Кеңес өкіметіне қарсы ұйымдармен де, генерал Петр Врангельмен де белсенді түрде қатынас орнатады. Ол кезде Врангель Ресей эмиграциясының барлық әскери істерінің ресми жетекшісі ғана емес, қуғындағы үкімет ретінде «большевиктермен күрестегі барша күштерді біріктіретін заңды өкімет иесі», деп танылған Орыс кеңесінің төрағасы да еді.
Сонымен қатар, Александр Дутов Орта Азиядағы басмашылар қозғалысының жетекшілерімен, Жетісудағы Кеңес өкіметіне қарсы астыртын ұйымдармен де тығыз қатынаста болады. 1920 жылдың 1 қазанында Ферғана басмашыларының көсемі, құрбашы Эргашбай Бердиевке жазған хатында атаман былай деген: «1918 жылдың жазында-ақ Орынбордағы маған байланыс орнатып, бірлесе әрекет ету тапсырмасымен сізден бір адам келген еді. Мен одан өзіңізге хат және біздің достығымыз бен бірлескен әскери қимылымыздың белгісі ретінде күміс қанжар мен барқыт шапанды сыйлыққа жібергенмін. Бірақ ол адам сізге жете алмаған сияқты. Мен сіздің бірлесе әрекет ету туралы ұсынысыңызды Орынбор казактары әскерінің Әскери үкіметіне жеткізгенмін. Онда Үкімет алқасы өзінің шешімімен сізді Орынбор казактары қатарына қосып, өзіңізге жасауыл шенін берген болатын.
Содан бір жылдан соң генерал Зайцев келіп, сіздің маған деген құрметіңізді білдірді. Омбыдағы адмирал Колчактан Хиуа мен Бұхараға елшілер баратынын пайдаланып, сізге солар арқылы тағы да хат, жасауыл эполеті тағылған шапан, күміспен көмкерілген қару және өзімнің суретімді жіберген едім. Алайда, мендегі мәлімет бойынша, бұл елшілер сізге жетпеген көрінеді.
Мен сізбен байланыс жасауға үшінші рет әрекеттеніп отырмын. Қазір біз Қытай шекарасындағы Жаркентке таяу Сүйдін қаласындамыз. Менің қоластымда 6 мың адамға жуық жасақ бар. Туындаған жағдай мен тәртіпке байланысты мен қару-жарағымды әзірше Қытай үкіметіне тапсырдым. Енді тағы да шабуылға шығып, Жаркентке соққы берер сәтті күтіп жүрмін. Бұл үшін өзіңізбен байланыс және тізе қосқан қимыл керек. Мархабатты жауабыңызды күтемін. Сізге және сіздің батырларыңызға сәлемімді жолдаймын».
Алайда, Ферғана басмашылары Александр Дутовпен қандай да бір әскери бірлескен түрдегі әрекет жасауға үлгермейді. Құрбашы Эргашбай қожа Бердиев өзіне жолданған хатты ала алмайды. Ол 1920 жылдың көктемінде Кеңес өкіметімен ымыраға келеді де, көп ұзамай өз маңындағы адамдардың бірінің қолынан ажал құшады. Сүйдінге бассауғалап барған Орынбор атаманы мұны білмеген.
3.Операция
Ал енді шет жерге жетісімен бірден қарулы жасақ құрып, тіпті онымен де қоймай қарсы барлау жұмысын жандандырған ақ гвардияшыларға Кеңес өкіметінің көзқарасы қандай болуы керек еді? Орта Азиядағы басмашыларға хабаршыларын жіберіп аласұрған атаманға қызылдар қандай амал қолдануы тиіс-тін? Бұл мәселелердің сол кездегі жағдайға орай бір ғана ақылға қонымды шешімі «қайта шапқалы тұрған жауды» күш жинауға мүмкіндік бермей, жөргегінде тұншықтыру болатын. Тамырымен қопарып жойып жібермесе жаралы дұшпан қауіпті.
Қаскүнем күш басшысының көзін құрту Түркістан майданының Революциялық әскери кеңесіндегі Бүкілресейлік Төтенше комиссия – ВЧК-ның революция жаулары мен бүлікшілерге қарсы күрес және барлау бөліміне тапсырылады. Операция жоспарын РК(б)П Орталық Комитеті Түркістан бюросының мүшесі, ВЧК-ның Түркістандағы уәкілетті өкілі Яков Петерс жасайды. Ал оны ұйымдастырушы Түркістан майданы барлау бөлімі бастығының орынбасары Василий Давыдов болады. Операцияға жетекшілік етушілер Ташкентте отырады. Жергілікті жерде оның іске асуына аймақтық дәрежедегі басшылар: Жетісу облыстық ЧК басшысы Федор Эйхманс, Жаркент ЧК-сының бастығы Николай Суворов және оның орынбасары, Түркістан майданының арнайы бөлімінің Жаркенттегі бөлімшесінің меңгерушісі қызметін қоса атқарған Михаил Крейвис жауапты болады. Ал тапсырылған істің басты орындаушылары міндетін Жетісу облысындағы Жаркент милициясының бастығы Қасымхан Чанышев пен осы мекеменің қызметкері, чекист Махмұд Қожамияров және бұлардан басқа 5 адам өз жауапкершіліктеріне алады.
Қасымхан Чанышевке таңдау кездейсоқ түскен жоқ еді. Ол арғы тегі дәулетті, кейбір деректерге қарағанда, ата-бабасы І және ІІ гильдиялы көпестер әулетінен тарайтын адам болатын. Татар саудагерлері Чанышевтер көптеген жылдар бойы Шыңжаң мен Ресейдің шекаралас аймақтарында желі оңынан тұрып, сауда-саттық жасап жүрген адамдар еді. Милиция бастығы Қасымханның немере ағасы Құсайын Чанышев Шәуешек пен Үрімшіде кең де жайлы жеке үйлері болғанына қарамастан, үнемі Құлжада тұратын. Сондай-ақ, ол орыс консулдары және ақ гвардияшылар офицерлерімен жақсы қарым-қатынаста-тын. Осының бәрін ескергенде Жаркент милициясының бастығы чекистердің барлау операциясындағы болашақ «қашқын» кейпіне әбден лайықты еді.
Мұны Жаркент ЧК-сының бастығы Николай Суворовтың Жетісу облыстық ЧК бастығы Федор Эйхмансқа жолдаған хатындағы сөздер айғақтайды. Зерттеуші В.Данкеевтің «А.И.Дутовқа қарсы архив материалдарында» ол құжат былай сөйлейді: «Операцияны жүзеге асыру қолынан келеді дейтін барлаушылардың ұсынымнамаларын жан-жақты талқылағаннан кейін Жаркент милициясының бастығы Қасымхан Чанышевті дұрыс көріп отырмын. Ол революция ісіне шексіз берілген, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, қиын сәтте қисынды жол таба білетін жан. Шыңжаңдағы атақты көпестердің туысы. Өзі білімді, Дутовтың штабындағы полковник Абылайхановпен жақсы таныс. Біздің қолымыздағы деректерге қарағанда, ақ гвардияшыл сілімтіктер көптен бері Чанышевпен жақындасудың амалын таба алмай жүр...».
Құжат стилін сақтай отырып енді Қасымхан Чанышевтің хабарламасын оқиық: «Жетісу облыстық ЧК-сының жауапты қызметкері Давыдов (маған) 21 ақпаннан қалдырмай, яғни шекараның осы учаскесінде ақтардың шабуылға шығуы ықтимал кезге дейін, атаман Дутовтың көзін жоюды тапсырды. Операцияға әзірлік пен оның барысы туралы Суворовқа баяндап отыруға тиіс болдым. Топ іріктелді. Орынбасарым – Махмұд Қожамияров, Жаркент уездік милициясының қызметкері. Ол контрабандистермен күресте ерекше көзге түскен. Көрмеген жердің ой-шұқырын жақсы аңғарып, тез бейімделе кетеді, адамдармен қолма-қол тіл табыса біледі. Шығыс халықтары күресінің тәсілдерін жетік меңгерген, қарудың қай түрінен болса да өте жақсы ата алады. Мұқай Байсымақов. Жауынгер. Жүрек жұтқан батыл жігіт. Алып күштің иесі. Оның туысы – Құдыс (шын аты – Көдек – ред.) Байсымақов. Жауынгер. Аттың құлағында ойнайтын шабандоз. Ғазис Ушурбакиев. Жауынгер. Ату құралын өте жақсы меңгерген. Юсуп Қадыров. Жауынгер. Карабиннен құралайды көзге ататын мерген. Қылыш пен қанжарды тамаша пайдалана біледі. Сұлтан (шын аты – Солтанай – ред.) Маралбаев. Жаркент уездік милициясының қызметкері. Орыс, қытай тілдерін біледі, пистолеттен өте жақсы атады. Бұлар іс жүзінде кез келген жауынгерлік тапсырманы орындауға қабілетті екенін талай рет дәлелдеген жандар. Кезінде шекара арқылы сан рет мол мөлшерде апиын алып өтіп жүрген, құрамында 46 адамы бар, жақсы қаруланған контрабандистердің әрекетіне нақ осы топ тыйым салған болатын».
ЧК-ның ұйымдастыруы бойынша 1920 жылдың қыркүйегінде Қасымхан Чанышев жанына Махмұд Қожамияровты ертіп «құпия түрде» Сүйдінге «қашады». «Кеңес өкіметіне өкпелеген» адамның кейпі шынайы көрінуі үшін қауіпсіздік органдары Қасымхан Чанышевтің қатын-баласын, ет жақын туыстарын, барлығы он адамды тұтқынға алады. Бір айтарлығы, егер ол жоспарланған әрекеттен бас тартса, жауды алдау мақсатындағы бұл «тұтқындау» кепілге алынғандар үшін сұмдық шындыққа айналуы да мүмкін еді. Сонымен болашақ операция өтетін жерге келген күннің ертеңіне-ақ Қасымхан Чанышев өзінің ескі танысы, бір кезде полковник Павел Сидоровтың жағында революцияға қарсы белсенді түрде әрекет жасағаны үшін 20 жылға лагерьге айдалуға үкім етілген, бірақ жазадан қашып құтылған Жаркент қаласының бұрынғы дуанбасысы Ф. Миловскийді кездестіреді. Көп ұзамай полковник Абылайханов және Миловский Чанышев пен Қожамияровты генерал Дутовпен таныстыруға мүмкіндік туғызады.
Қасымхан Чанышев осылайша күндіз Жаркент милициясының басшысы, түнде «ақ гвардияшылардың жансызы» болып шекарадан әрі-бері өтіп жүреді. Осылай «екі жаққа да жұмыс істеу» арқылы ол Орынбор атаманының сеніміне кіреді. Александр Дутов оны «князь» деп құрмет көрсете атайтын болады. 1920 жылдың қарашасында «князьге» жазған хатында ол былай дейді: «Сіздің хатыңызды алдым. Берген мәлімет және тындырған жұмысыңыз үшін зор ризашылығымды білдіремін. Жаңалықтарға келетін болсақ, Алтай губерниясында және Семей маңында көтеріліс жүріп жатыр және жергілікті билік оны баса алмады. Қиыр Шығыспен, сондай-ақ, Врангельмен байланыс орнатқанбыз. Маған қызылдар Қытайға жорық жасамақ ниетте және әскери штаб Жаркентке көшіріледі деген сыбыс жетті... Бұл шындыққа жанаса ма? Сіздің егжей-тегжейлі сұрақтарыңызға жауапты келесі хабаршыңыз келгенде беремін. Оны 16 қараша күні кешқұрым уақытта жіберуіңізді сұраймын. Мен одан іс-қимылдың толық жоспарын беріп жіберемін...».
1920 жылдың желтоқсан айында Давыдов Петерске жеделхат жолдайды: «Жаркенттен. Әскери мазмұнда. Шұғыл. Құпия. Шәуешек маңындағы генерал Бакичтің корпусындағы және Степановтың дивизиясындағы адамдар саны – 5000. Құлжа төңірегінде 3 000 жауынгері бар атаман Дутов және Анненков күштерінің қалдықтары орналасқан. Дутов Жетісу казактары мен мұсылман байларына арқа сүйемек. Шекарадан өткен соң Ферғана, сондай-ақ, Бұхара басмашыларымен күш біріктіруді ойластыруда».
Бұған жауап ретінде ВЧК басшылығы Александр Дутовтың көзін жою операциясын жеделдетуге шешім қабылдайды Василий Давыдов, Федор Эйхманс және Яков Петерс ұсынған, сондай-ақ, ВЧК төрағасы Феликс Дзержинский мақұлдаған алғашқы жоспар бойынша Дутовты ұрлап, РСФСР-ға алып келіп, артынан ашық сот өткізілуі тиіс еді. Бұл шараға зор мән берілгені соншалық, РСФСР Халық Комиссариатының қаржы бөлімі Николай патша заманындағы алтын-күмістермен есептегенде оған сол кезде аса қомақты болып саналатын 20 мың рубль көлемінде ақша бөледі.
Деректі құжаттармен анықталғандай, бес кездесудің бірінде «қашқындарға» әбден сенген Александр Дутов олардан Кеңес жеріне халықты большевиктер үкіметіне қарсы көтерілуге шақыратын бір құшақ үгіт парақшаларын беріп жібереді. Үндеу мәтіні мына мазмұнда болатын: «Адасып, тығырыққа қамалған бауырлар, азап көрген отандастар! Сендердің қиналған дауыстарың маған жетті. Мен көз жастарыңды, қайғы-қасіреттеріңді, мұң-мұқтаждарың мен шеккен азаптарыңды көрдім. Кеудемдегі орыс жүрегі мен православ сенімі сендермен бірге!» – делінген онда.
Осы үнпарақтарды алып Жетісу ЧК-сына келген Қасымхан Чанышев тапсырманы қадағалап отырған Федор Эйхмансқа атаманды қолға түсіріп, оны тірідей Кеңес жеріне әкелу жоспарын іске асыру мүмкін емес екенін, себебі, оның күзетшілерінің тым көптігін айтып, өзі барып жүрген кезде ойға түйген басқа да қиындықтарды жасырмай баяндайды. Осыдан соң чекистерге жоспарды өзгертуге тура келеді. Ақ генералдың көзін сол Сүйдінде жою туралы шешім қабылданады.
4. Ымыртта атылған оқ
1921 жылдың қаңтары. Николай Суворов барлауға жіберген Махмұд Қожамияров, Мұқай Байсымақов және Юсуп Қадыров Сүйдіннен жағымсыз хабар әкеледі. Чекист, кейін біз сөз еткелі отырған оқиғаны тәптіштеп жазған Н.Миловановтың «Көрінбейтін майдан» атты жинақтағы келтірген дерегіне қарағанда, сол кездегі рождество мейрамынан кейін іргедегі Күре бекінісінде тұрған маньчжур полкі бүлік шығарғандықтан, Александр Дутов үйінен аттап баспайтын болған. Сүйдін қамалын қытайлар әскери жағдайда деп жариялаған және бұл бүлік толық басып-жаншылғанға дейін созылуы мүмкін. Арғы беттен оралып келген барлаушылар болжамы дұрысқа шығады. Тек қаңтар айының соңына қарай Шыңжаңның жергілікті халқы хунхуздар деп атап кеткен маньчжурлар полкі тынышталып, қамалдағы бейбіт өмір арнасына түседі.
Осы кезде Алматыдан облыстық ЧК-ның соңғы ақыл-кеңесін алып оралған Николай Суворов өзіне бірден Қасымхан Чанышевті шақырып алады.
– Негізінде бұл өте қарапайым жоспар, – дейді ол. – Сіз атаманға хат жіберіп, онда шекарадан өтерде кенеттен аяғыңызды «мертіктіріп алғаныңызды» айтасыз. Осыны сылтауратып оны өзіңіз тоқтаған үйге келіссөз жүргізуге шақырасыз. Егер ол бұған сенсе, сіз оны Сүйдіннен алып шығып, Жаркентке жеткізесіз. Қайтар жолдағы өзіңізге таныс жерлерде біздің адамдар қуғыннан жылдам құтқару үшін тың аттарды дайындап тұрады. Дутовтың ақымақ емес екеніне біз талай рет көз жеткізгенбіз. Ол сіздің аяғыңызды «мертіктіріп алғандықтан» уақытында оған өзіңіз келе алмағандығыңызға сенбеуі де мүмкін. Ондай жағдайда сізге ол жерден тезірек сытылып шығудан басқа жол қалмайды. Жоспар қарапайым болғанмен, оны орындау оңай емес. Күшімізді қалай орналастырған дұрыс екенін тағы бір салмақтап алайық. Әрине, ең маңызды да жауапты міндет өзіңізге жүктеледі. Барлық істің нәтижесі сіздің жылдам, батыл қимылыңызға байланысты. Бірақ атаманға өзіңіздің хатыңызды апаратын адамның да жауапкершілігінің маңызы кем емес. Қалай ойлайсыз, бұл тапсырманы кімге жүктеуге болады?
– Меніңше, бұл істі Махмұд Қожамияров қана тындыра алады. Біріншіден, біздің шабармандарымыздың арасында Александр Дутовқа ең жақсы таныс адам сол. Екіншіден, генералдың күзетшілері де оны біледі. Оның үстіне, егер атаман маған келуге ықылас танытпаса немесе одан да жаманы, өзіне тұзақ құрылғанын сезіп қалса, Махмұд өзге адамдар шыға алмайтын тұйықтан жол тауып кетеді.
– Не айтары бар, пікіріңіз орынды. Енді келесі мәселеге көшейік, – дейді Николай Суворов. – Ертең сіз Ғазис Ушурбакиев пен Махмұд Қожамияровтан басқа Мұқай және Құдыс Байсымақовтар, Юсуп Қадыров, Солтанай Маралбаев жолдастармен кездесіп, оларға тапсырманы түсіндіруіңіз керек. Өзіңіз 2 ақпаннан кешікпей Сүйдінге жетіп, сонда Ғазис Ушурбакиев арқылы жететін нұсқауды күтесіз.
– Ол жерге жеткен соң, – деп жалғастырады сөзін Николай Суворов, – жергілікті тұрғындар арасына Жаркентте атаманның тыңшысы болып жүрген Нехорошко тұтқындалыпты деген сыбыс таратасыз.
– Ол ұсталып па еді? – деді Қасымхан.
– Жоқ, бірақ бүгін түнде солай болады. Сонымен қатар, Қасымхан Чанышев өзге бір топ тыңшылармен бірге тұтқындаудан құтылып кетіп, ЧК оларды іздеп жатқан көрінеді деген қаңқу сөз таратасыз.
Осыдан кейін Николай Суворов қараңғылық қоюланған мезетте Махмұд Қожамияровпен кездеседі. Олар кеңсенің түпкі бөлмесінде бәсең дауыспен сөйлесіп отырады.
– Сіз алаңдамаңыз, – дейді ЧК бастығына Махмұд. – Егер атаман баруға келіспесе, біз оны... Жә, айтайын дегенім, Дутов мені жақсы таниды. Соңғы кезде тіпті ол менімен қол ұсынып сәлемдескен. Ал оның казактары қу адамдар. Олар атаманның кімге қалай қарайтынын осындай қимылдардан-ақ біледі.
...Белгіленген күні бір топ адам Сүйдін іргесінде жасырын әрекет жасайтын Ушурбакиевтің үлкені Насыр дайындаған үйге келеді. Қасымхан мұнда өз көмекшілерінің күндізгі уақытта жұрт назарын аударып көшеде жүруіне қатаң тыйым салады. Қамалдағы жағдай туралы барлық мәліметті ол түн мезгіліндегі кездесуде жинап отырады да тапсырманы орындауға тастүйін дайын болады. Баяу жылжыған уақыт сарыла күтумен өтіп жатады. Ақыры, 6 ақпан күні таңғы алакеуімде Жаркенттен Насыр Ушурбакиевтің інісі Ғазис: «Істі енді кешіктіруге болмайды. Бастаңдар!» – деген хабарды алып жетеді.
Бұл кезде бәрі дайын еді. Қасымхан Махмұдқа хатты тапсырады да топтағы адамдарына кешкі сағат алтыда қараңғылық түскенде өз үйінде жиналуға нұсқау береді.
Белгіленген уақыт та келеді. Қасымхан Чанышев Махмұд Қожамияровқа алтыатар ұсынып:
– Сақтықта қорлық жоқ, мынаны ал. Бірақ аса қысылтаяң жағдай болмаса оқ атпа, ал егер атаман бекіністен шығудан бас тартса немесе бүкіл топқа қауіп төнсе қапы қалма, – деп ескертеді. – Хатта басқаша жазсам да, қамалға мен сендермен бірге барамын.
Сонан соң Қасымхан қамалдың сызбасы түсірілген бір парақ қағазды жайып жібереді де:
– Мұнда қара. Мынау Александр Дутовтың жұмыс бөлмесінің терезесі, оның желдеткіші үнемі ашық тұрады. Мына жерде аттарды күтушіге тапсырып кетеміз. Ең бастысы, қарауыл үйінен атаманның күзетшілерін шығармау керек. Бұл шаруаны өз мойныма аламын. Күзетшілердің бір де бірі генералға көмекке келмейді деп үміттенемін. Әлдеқалай іс насырға шапса, атаманға және оның көмекшісіне шамаң жете ме?
– Алаң болма.
– Жақсы. Қамалдың ішінде өзімізді үйіміздегідей еркін ұстайық. Ісіміздің сәтті болатынына ешқандай күдік, ешқандай қобалжу болмасын. Не болса да шапшаң, батыл қимылдаймыз. Сонан соң атқа қонып, қақпаға тартамыз. Егер бәрі ойлағандай болып жатса, терезенің түбіндегі бізге естірте атаманға дауысыңды көтере алғыс айт. Онда мен дер кезінде қақпадан өтіп үйіме қайта ораламын да, қонақтарды қарсы аламын.
Жанболат АУПБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»
(Жалғасы бар)