Жуырда А.С.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасының ұжымы АҚШ-тың Огайо штатындағы Колумбус қаласында өткен Кітапханашылар Конгресінен жеңіспен оралды. Облыстық кітапхана қызметкерлерінің IT киіз үйде жасаған стендтік баяндамасы Бүкіләлемдік кітапхана және ақпараттық конгресінде «Ең үздік стенд» деп танылды. Шығысқазақстандық кітапханашылардың IFLA (Кітапхана мекемелері мен қауымдастықтарының халықаралық федерациясы) 82-конференциясы аясындағы бұл жеңісі туралы аталған мәртебелі ұйымның жеке сайтында да жазылды.
Бұл – әлемдік кітапханашылар қауымдастығының назарына ұсынылған тұңғыш қазақстандық постер-баяндама. Конгресте дүниенің әр тарабынан келген мемлекеттердің кітапханаларының атынан 205 стендтік баяндама ұсынылса, ТМД-дан Ресей мен Қазақстан елдері ғана қатысты.
«Баяндамаға кітапхананың IT киіз үйге орналастырылған «Ауылдық онлайн орталық» сияқты сәтті жобалары арқау болды. Оның ішінде БҰҰ Даму бағдарламасының техникалық қолдауымен және жергілікті атқарушы билікпен әріптестік аясында өңірдің ауыл кітапханалары базасында 2012 жылдан бастап жүзеге асырыла бастаған жобаны айтуға болады. Мәселен, биыл ауылдағы онлайн орталықтар саны 45-ке жетті. Ауыл оқырмандары осы орталықтар арқылы компьютермен және интернетпен жұмыс істеп, электронды үкімет порталында орналасқан ақпараттармен танысуға, мемлекеттік қызметті онлайн режимінде алуға, кәсіпкерлікті дамыту мақсатындағы бизнесті жоспарлау семинарларына қатысуға мүмкіндік алды. Біз бұл жеңісімізді Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойына арнаймыз», – деді облыстық кітапхананың директоры Қабиба Мырзақанқызы.
Думан АНАШ