• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
03 Қыркүйек, 2016

Айдыны шалқар Алакөл

1260 рет
көрсетілді

Туризмді дамытудағы ізденіс пен іркіліс Көк аспан шомылған көкпеңбек көлдің көркі көпке аян. Көркемдігі – көз сүйсінтеді, күміс суы көңіл жадыратады. Содан да шығар, көлді кемерінен кешкен жергілікті жұрт: «Алакөлдің бойында, дәнеңе жоқ ойында» деп мақамдайды. Тұнығына тарих тұнған Алакөлдің атақ-даңқы жаугершілік заманындағы аңыздармен сабақталатыны бекер емес. Арғыда Шыңғыс хан түмендерінің тұяғы тиген, Қаракерей Қабанбайдың қалың қолы қонған, сан ғасыр бойы сарбаздардың жарасын жазған қасиетті су ретінде сипатталса, бергіде Шоқан Уәлихановтың ұлы сапарларына бекет болған, Мұхтар Әуезовтің ұлы Ернар Әуезов Алакөл айдынына сән берген Аралтөбесі мен атақты реликті шағаласын зерттеген ғажайып табиғат аясы, қала берді, кешегі кеңестік заманда ғарышкерлер космостық радиациядан арылатын, еш жерде кездесе бермейтін минералды бай суы Алакөлдің атын шығарған айрықша жаратылыс сыйы еді. Инфрақұрылымға көңіл бөлінбек Алакөл бүгінде дамудың жаңа бетбұрыс кезеңінде тұр. Тұмса табиғат, ащы су, құрғақ ауа мен ыстық құм-тас. Бәрі тамаша-ақ. Бірақ заманның талабы – қызмет көрсету аясының олқы тұстарында болып тұр. Сервиске сүйенген саяхатшылардың зәуде айтар сөзі сол төңіректен табылады. Сондықтан қолда бар ресурстың игілігін көру тікелей өзіміздің жауапкершілігімізге байланыс­ты. Соның ішінде, әрине, облыс және аудан басшылығы­ның турис­тік кластерді үйлестіру қабі­летіне тәуелді екені жасы­рын емес. Жақында облыс әкімі Даниал Ахметов Алакөл жаға­лауы­­ның инфрақұрылымын дамы­­­туға назар аударып, нақты іс-қи­­­мылға көшу қажеттігін айтты. Өңір басшысының айтуын­ша, жағалауда орын тепкен 136 ны­сан­ның төртеуінде ғана қажетті инфра­құрылым бар. Қалған демалыс орындары мен үйлерінде өрт қауіпсіздігі, антисанитариялық жағ­дай сынды бірқыдыру кем­шін тұстар анықталған. Десе де, көп­теген демалыс үйлері қожа­йын­дарының қолында мемлекеттік комиссия қол қойған актілер бар. Осы орайда облыс әкімі жауапты мекеме басшыларына жағдайды анықтауды тапсырды. Әрине, ең бастысы, бұған дейін Алакөл жағалауын дамыту­дың бас жоспары жасалған жоқ. Бұл – жағалаудағы демалыс нысан­дарының стихиялы түрде бейберекет салынуына жол берген басты жағдай. Әйтсе де, кейінгі жылдары көл жағалауында оң өзгерістер басталған болатын. Соның бірі, алғаш рет «Алакөл-тазалық» мем­ле­кеттік коммуналдық кәсіп­оры­ны құрылды. 2014 жылы атал­ған мекеме қажетті техникалар­мен қамтамасыз етілді. Қазір бұл кәсіпорында механизаторлар мен жұмысшылардың бар­лы­ғын қосқанда 32 адам еңбек ете­ді. Осы мекеменің күшімен жа­ға­лауға қоқыс контейнерлері мен жәшіктері орнатылды. Киім ауыстыратын кабиналар, орын­дықтар мен сәкілер қойылды. Дәретханалар салынды. Жағалау күніне екі мәрте тазаланып тұра­тын болды. Нәтижесінде, жаға­лау­дың жағдайы біраз реттеліп қалды. Десе де құрылған кәсіпорын мәселені түпкілікті шешкен жоқ. «Алакөл-тазалық» мекемесінің тех­никаларынан бөлек, жаға­лаудағы қоқысты қолмен теретін кезекшілері болса-дағы демалыс аймағының тазалығы әлі де басты мәселелердің бірі болып тұр. – Біз қоқыс контейнерінен бөлек, техника бара алмайтын жер­лердегі қоқыстарды күн са­йын екі мәрте тазалап шығамыз. Еңбек­ақымыз – 45 мың теңге. Жаға­лаудан күнделікті үш трак­тор тіркемесі тола қоқыс шыға­ды. Бұл демалушылардың қорша­ған ортаға жауапсыз қарай­тын­дығын көрсетеді. Жағажайдағы адам­дарға қоқыс тастамау жөнін­де ескертеміз. Бірақ одан нәти­же аз болып тұр, – дейді «Алакөл-таза­лық» мекемесінің жұмыс­шы­сы Сәбит Тәуірбек. Жағажайдағы жағдай Аталған мекеменің директоры Ерлан Әділғазиннен суға шомылып, күнге қыздырынып жатқан тынығушыларға төніп тұрған жағажайдағы бейберекет орындарының заңдылығы жөнінде сұрадық. Расында, бал­мұз­дақ, қытырлақ картоп, қауын-қарбыз, кәуап, сусын және самса сататын дүңгіршектер мен орын­дардың жағалауға өңешін соза еніп кеткені рабайсыз көрінеді. – Біздің ойымызша, жағажай белгілі бір иелікте болуы керек. Мекемемізге жағажай жері бекі­тіліп берілмегендіктен, оған иелік ете алмаймыз. Сондық­тан, жағалауды тәртіпке келтіру­дің заңды түрде шешімін ойлас­ты­р­ған жөн. Мәселен, сіз тынығып жатқанда жаныңызда әлдекім түтіндетіп, кәуап пісіріп жатқаны ұнай қоймасы анық. Жағалауда осы сияқты жосықсыз әрекет­терге ты­йым салудың жолдарын қарас­­­тырып жатырмыз, – деді «Алакөл-тазалық» КМК директоры Е.Әділғазин. Жағалаудағы бірден-бір мем­ле­к­еттік мекеменің басшысы айт­қан тағы бір мәселеге тоқталайық. Алакөлде жылдан жылға демалушылар қатары көбейіп келеді. Сәйкесінше, демалыс үйлерінің қатары да артуда. Биылдың өзінде 30-ға жуық демалыс базасының құрылысы салынды. Осыған орай, «Алакөл-тазалықтың» күш-қуаты көл жағалауына толы­ғымен қызмет көрсетуге жеткі­лік­сіз болып отыр. Бұл ретте Үржар ауданының әкімі Серік Зай­нулдиннің бастамасымен жағалауды реттеу мен дамытуға байланысты арнайы комиссия құрылған екен. Комиссияның енгізген ұсыныстары негізінде кәсіпорынның штаттық кестесі мен техника санын ұлғайту жөнін­­де мәселе көтерілген. Аудан әкім­дігі келер жылы мекеме штатын көбейтуді көздеп отыр. Бұл жұмыс тиімділігін арт­­ты­­ру­ға сеп­тесетіні сөзсіз. Мәселен, «Ала­көл-тазалық» кәсіп­орны­ның қалдық су сорғыш техникалары жағалаудағы орта және шағын демалыс орындарынан тұратын 38 нысанға қызмет көрсетеді. Алайда, «Әйгерім», «Алакөл-Арасан», «Керуен», «Дорожник» сияқты ірі демалыс орындарының меншік ассенизатор техникалары болғандықтан, кәсіпорынмен қалдық шығару жөніндегі келі­сім­шартқа отырмаған. Тіпті, келі­сімге қол қойылған күннің өзін­де «Алакөл-тазалық» қолда бар екі су сорғыш техникасымен бар­лық демалыс базаларын қам­ти алмайды. Кәсіпорынның табыс көзі – қалдық шығару қыз­меті­не тәуелді. Сондықтан, меке­ме ди­рек­торы қолбайлау болып отыр­ған техниканың жетіс­пеу­ші­лігі шешілсе деген ұсынысын жет­кізді. Сондай-ақ, қалдықтарды төге­тін полигон – Қабанбай ауыл­дық округіне тиесілі. Алайда, ірі дема­лыс орындарының барлы­ғы қоқыс полигонын тегін пайдалана­ды. Яғни, полигонды кәсіп­орынның қарауына беріп, оны пай­да­ланудың белгілі мөлшердегі тари­фін енгізу қажеттілігі де өзекті мәселе. Ардагерлер мен балалар тегін демалады Үржар ауданы әкімдігінің қолдауы­мен Алакөлдің жаға­лауында жыл сайын ардагерлердің демалысын ұйымдастыру жолға қойылған. Біз жұмыс сапарымен барғанда «Үржарайым» демалыс лагерінде аудан ардагерлері концерт тамашалап отыр екен. Биыл мұнда 100-ден астам ардагер тегін демалыпты. Лагерьде тыны­ғып жатқан ақсақалдар мен әжелерге аудан өнерпаздарының арнайы мерекелік бағдарлама даяр­лағанына куә болдық. Соны­мен бірге, қариялар арасында дойбы мен шахматтан жарыс ұйым­дастырылады. Мақаншы аудандық ауруханасының жыл­жы­малы диагностикалық орта­лы­ғы ауыл ардагерлерінің денсау­лық­т­арын тексерсе, демалыстың ойдағыдай өтуіне аудандық жұмыспен қамту, спорт және мәдениет бөлімдері мен ауылдық округтердің ұжымдары да атсалысып, әрқайсысы өзіндік қолғабысын тигізіп келеді. Аталған кеш барысында: Сұрасаң, ауылым – Қарабұлақ, Көрсең болды, өзіңе қалар ұнап, Зәулім, ақ үйлер жарасып тұр, Көшеміз жыл сайын барады ұзап, – деді көл жағасындағы ауылын ақ өлеңге қосқан Серікхан Сейілханова есімді әже. Ал демалыс үйінде жатқан бір апта ішінде бәрінің бір туысқандай болып кеткенін жеткізген ауыл тұрғыны Шеризадан Тоқтарбаев: «Алакөл – қазақтың қасиетті жері. Шалқайсаң басың Барлыққа тиеді, созсаң аяғыңды Алакөлдің суы шаяды. Мұндай қасиетті жер екінің біріне бұйыра бермейді. Қасиеті болмаса адам келе ме?! Сондықтан, көңілге де, дертке де шипа табатын көлдің бағасын білуіміз керек», деп түйді сөзін. Табыстың көзі көп Алакөл – бейберекет ошағы. Мұнда екі айлық шомылу маусымында іргедегі ауылдардан бастап алыстағы қалалардан да нәпақа табу үшін арнайы келетін­дер көбейген. Бұрын жағалау­дағы қарабалшықты сататын қараборбай ауыл балалары көп болса, қазір қала балаларының да аз-кем қаржы тауып қалуға құм­былдығын байқадық. Мәсе­лен, Ернар есімді бала қолына қондырған бүркітімен демалушы­ларды суретке түсіреді. Шаң­қыл­даған қыранына күніне бір уақыт шикі ет беретіндігін айтқан Ернар бүркітпен бір мәрте суретке түсу құны 500 теңге тұратындығын жеткізді. Ол Алматы қаласынан кел­ген екен. Айтуынша, көл жа­ға­­сын­дағы ауылда жездесі тұра­ды. Сон­дай-ақ, қауын-қарбыз са­ту­­шы­лар да сауданың көрігін қыз­дырып тұр. – Осы көлдің маңайындағы шаруа қожалықтарының өнімдерін саудалаймыз. Қарбыздың килосы 40 теңгеден сатылады. Алайда, оңтүстік өңірлерден келген өнім­дер көп болғандықтан, жер­гілік­ті өнімді толық өткізу мүм­кін емес. Сондықтан да мұн­дағы шаруа­шылықтардың дамуы­на, ісін іл­герілетуіне мүм­кін­дік жоқ, – дейді көлге құятын Шаған­тоғай өзенінің бойына бақша дақылдарын еккен Нұрлыбек Әлиев. Әрине, жағалауда ұсақ сауда­ның түрі көп. Оның ішінде суда жүзетін қайықтың түр-түрі мен судағы батуттар, демалушыларға жағалауды аралап жүріп ұсына­тын жүгері, құрт-ірімшік, қымыз, самса сияқты тағам түрлеріне де сұраныс жоғары екенін бай­қай­сыз. Сауданың ең ірісі – демалыс үйлері мен қоғамдық тамақ­тану орындары. – Біз Семей қаласынан келдік. Бұрын жағалаудағы қарапайым кеңестік асханаларда, вагон мен киіз үйлерде тек қой етінен жасалған сірне мен тандыр нан ғана болатыны есімде. Қазір «Арасан-Алакөл», «Апельсин», «Падишаһ» сынды кейінгі жылдары салынған демалыс орындары мен мейрамханалар заман талабына сай қызмет көрсетеді. Бұл орындарда еуропалық және қазақ­тың ұлттық ас мәзірін ұсы­на­ды. Бізге ұнады, – дейді Тандилия есімді демалушы. Әлбетте, соңғы жылдары көл жағасында заманауи демалыс үйлері көбейе бастады. Жұлдыз­ды отельдер болмаса да, ішін­де барлық жағдайы жасалған бөлме­лер сұранысқа ие. Бұл тынығуға келген туристер үшін қолайлы. Пирс қашан салынады? Алакөлдің атақты желі – Ебі. Кей күндері секундына 20 метрге дейінгі жылдамдықпен соғатын жел көлдің ақкөбік толқындарын аспанға көтеріп, әп-сәтте ұйқы-тұйқысын шығарады. Ашулы толқындар жарқабақтан аса шапшығанда шыдас беру тіпті де мүмкін емес. Қиғаштай соққан толқын жағадағы жарды үңги береді. Соның әсерінен жағалау жыл сайын 10-20 метрге жылжып, демалыс үйлері су астында қалуда. Осы орайда көл жағалауы мен демалыс аймағын сақтап қалу үшін пирс құрылысы басталған болатын. Алайда құрылысы аяқсыз қалып, жарым-жартылай салынған пирс көлдің көркін бұзып тұр. Мамандар оның тұмсығында суды жарып тұратын қалқан болуы керектігін айтады. – Жоба бойынша Алакөлдегі демалыс аймағына тиесілі 2 шақырымдық жағалауға 8 пирс салу жоспарланған болатын. Бұл жұмыстар 2008 жылы басталды. Жобаның құны 3 миллиард 800 миллион теңгені құрады. 2008-2009 жылдары жүргізілген құрылыс барысында 600 миллион теңге қаржы бөлініп, игерілді. Кейіннен республикалық бюджеттен қаржы бөлінбей қалды. Бұл жерде «Казсельбурводстрой» деген семейлік мердігердің де жауапсыздығы да байқалды. Қазір аталған жоба республикалық Құ­рылыс және тұрғын үй-ком­­му­налдық шаруашылығы агент­ті­гінің қарауында жатыр. 2008 жылдан бері баға да өзгер­­ген­діктен, жо­­баға түзетулер мен толық­ты­ру­­лар енгізу керек. Барлық мәсе­­ле қа­ражатқа келіп тіреліп тұр, – дейді бұл мәселе жөнінде Үр­жар ауданы құрылыс және сәу­лет бө­лімінің басшысы Дидар Хамитов. Айта кету керек, биылдан бас­тап көл жағалауындағы дема­­лыс аймағына автобус­тар кір­гізілмейді. Осыған дейін көлдің жағасына келетін автобус­тардың, жеңіл көліктердің шектен тыс көбеюіне байланысты жағалау­ға кіріп-шығуы мұң болған. Сон­дықтан «Алакөл-тазалық» меке­месінің күшімен жағаға 400 метр жетпей автобекет салынды. Аталған бекетке Алматы, Тал­дықорған, Өскемен, Семей қала­ларынан күнделікті 17 автобус келіп тоқтайды. Бұл бекет алдағы жылы ақылы негізде қызмет көрсетпек. Соңғы жылдары көлдің демалыс аймағы жедел кеңейіп келеді. Бұл – Алакөлге ағылған адамның көптігінің айғағы. Айталық, былтыр көлде 110 мың турист демалған екен. Бұл облыстағы туризмнің 25 пайызын еншілейтін ең үлкен көрсеткіш. Осы мерзімде демалушыларға 438 миллион теңгенің қызметі көрсетілген. Әрине, Алакөл бойындағы барын бере береді, ал Алакөлге біз не береміз?.. Осы сауалға жауап беретін бетбұрыс кезеңі жақын деп сенейік. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан» Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы