Хоккейден Қазақстан құрамасы 2018 жылғы Олимпиялық ойындардың финалдық іріктеу турнирінің F тобындағы бірінші матчын Ослода Норвегия командасымен өткізіп, овертаймда 4:3 етіп ұтты.
Кездесудің бірінші кезеңінде норвегтер белсендірек ойнады. Ал екінші кезеңде Андрей Назаровтың шәкірттері айдындағы ойыншы артықшылығын жақсы пайдаланып, есеп ашты. Оны 22-минутта Роман Старченко салды. Ал алаң иелері Матс Цукареллоның күш салуымен 2 минуттан кейін есепті теңестіріп үлгерді. Бірақ қонақтар осы кезеңде тағы екі шайба түсіріп, таразы басын өзіне бұрып жібергендей болды. Оларды Кевин Даллмэн мен Старченко өз есептеріне жазды.
Норвегия құрамасы үшінші кезеңде осы басымдықтың орнын жауып, ақырғы есепті 3:3-ке жеткізді. Содан кейін овертайм ойналды. Мұнда Брэндон Боченски салған шайба біздің жерлестерімізді жеңіске жеткізді.
Кеше кешкісін Қазақстан құрамасы Франциямен ойнап, 4:1 есебімен жеңіліп қалды. Сөйтіп, Олимпиадаға бару мүмкіндігінен іс жүзінде айырылды.
Дамир ҚОЖАМҚҰЛ