«Елу жылда ел жаңа» деген, соңғы жылдары Түймекент ауылында тұрғындар саны көбейіп, осындағы 600 балаға арналған орта мектепке оқушылар сыймауға айналған-ды. Содан амал жоқ, үш ауысыммен оқуға мәжбүр болды. Енді, міне, кешегі білім күнінде түймекенттік өрендер жаңа оқу ғимаратының табалдырығын аттап, үлкен қуанышқа бөленді.
– Елімізде білім беру саласын дамытып-өркендетуге ерекше көңіл бөлініп отыр. Әсіресе, үш ауысыммен оқытатын және апатты жағдайдағы мектептер мәселесін шешу бағытында үлкен істер қолға алынып жатқанынан барша жұрт хабардар. Басты мақсат – әр баланың сапалы, лайықты білім алуы үшін барынша жағдай жасау, – дейді осы жөнінде Байзақ ауданының әкімі Мұратхан Шүкеев.
Мектеп кабинеттерінің барлығы дерлік заманауи құрал-жабдықтармен, жиһаздармен жабдықталған. Мультимедиялық, лингафондық, компьютерлік сыныптар, химия-биология, физика пәндері зертханалары үшін жаңа құрылғылар алынған. Биологиялық, географиялық, лабораториялық-тәжірибелік жұмыстарды ұйымдастыруға арналған оқу-тәжірибелік аймағы бар. Жаңа ғимараттағы ер балаларға арналған шеберханаларда ағашпен, темірмен жұмыс жасауға қажетті станоктар, тағы да басқа құрал-жабдықтар тұрса, қыздарға арналған шеберханаларға жаңа тігін машиналары қойылыпты. Тұсауы енді кесілген бұл білім ошағында 450 оқушы дәріс ала бастады.
Сондай-ақ бұл күндері Тараз қаласының «Құмшағал» шағын ауданында 300 орындық мектеп, сондай-ақ Тараз, Жаңатас, Масаншы ауылында 280 орындық мемлекеттік және Шу қаласында 200 орындық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде салынған балабақшалар ашылды. Жаңа мектепке дейінгі білім мекемелерінде барлық заманауи талаптарға сай ең озық құрал-жабдықтармен жабдықталған.
Жалпы алғанда жаңа оқу жылына өңірде 5 жаңа мектеп, 4 балабақша пайдалануға берілді.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы
Суретті түсірген
Алтынбек ҚАРТАБАЙ