«Невада-Семей» ядролық қаруға қарсы халықаралық қозғалысының ізін ала республиканың батыс аймағында «Нарын» қоғамдық қозғалысы құрылғаны мәлім. Бұл құрылым осы өңірде ракеталық полигондардың халыққа тигізген зардабын анықтаумен айналысып, тұрғындарға тиісті жеңілдіктер беру жөнінде жергілікті және жоғары мемлекеттік органдар алдына тиісті мәселелер қойған еді. Оған есімі елге танымал азамат Кәкен Көбейсінов жетекшілік жасап келді. Өткен 29 тамыз күні Астанада Семей ядролық полигонының жабылуына 25 жыл толуына арналған «Ядролық қарусыз әлем құру» атты халықаралық конференция еліміздің басты телеарналарынан көрсетілгеннен кейін, біз жасы сексеннің бесеуінен асып отырған, Ақжайықтың ардақты азаматы Кәкен Көбейсіновке арнайы барып жолығып бірнеше сауал қойған едік.
– Кәкен аға, денсаулығыңыз қалай? Ядролық қарудан азат әлем құруды мақсат еткен халықаралық конференция жұмысын теледидардан көре алдыңыз ба? Бұл жөнінде қандай ой-пікір айта алар едіңіз?
– Адамның жасы ұлғайған сайын, әртүрлі аурулар да бой көтере бастайтыны табиғи жайт. Соңғы уақытта көздің көруі әлсіреп, құлақтың естуі нашарлап барады. Соған қарамастан хал-қадерімше конференция материалдарымен танысуға барымды салып бақтым. Оны ең бірінші теледидардан көрсем, екінші күні өздеріңіз шығарып отырған еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстанда» осы тақырыпта берілген материалдарды оқып шықтым. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, маған бұл алқалы басқосудың деңгейі бұған дейінгі іс-шараларға қарағанда әлдеқайда тереңірек, ауқымы әлдеқайда артығырақ көрінді.
«Егеменде» осы халықаралық конференциядан жазылған есепке «Адамзат тарихындағы айтулы күн» деген тақырып қойылған екен. Менің ойымша осы тақырып оның алатын орны мен маңызын және арқалайтын жүгі мен салмағын айқындай алады. Сондай-ақ, конференцияға әзірлік жұмыстарына үлкен мән берілгені, жан-жақты ұйымдастыру жұмыстары жүргізілгені байқалады.
– Конференция кезінде сіздің жүрегіңізден терең орын тапқан мәселені атап бере алмас па екенсіз?
– Өз түсінуімше, ядролық қарудан азат әлемге қарай жол табу мәселесін талқылаған форумда айтылған мәселелердің қай-қайсысы да өзекті. Дегенмен, солардың арасында маған соңғы 25 жылдың ішінде елімізде ядролық қарудан азат әлем құрудың тиімді моделі қалыптасып үлгергені жөніндегі тың дерек айрықша әсер етті. Осы орайда Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев осы модельді әлемнің барлық елдеріне ұсынғаны барша адамзаттың қауіпсіздігін ойлаудан туған биік парасатты қадам болды деп білемін. Оның артық та емес, кем де емес, жеті арқаулық негізі бар екен. Бұл негіздердің халқымыз киелі сан деп есептеген жеті санымен көмкерілуі де бұл жолдың ашық болатынын меңзеп тұрғандай әсер қалдырады.
Осы негіздердің бірінде бұрынғы полигон аумағындағы экологиялық тепе-теңдікті сақтау және қалпына келтіру, радиациядан зардап шеккен адамдарға медициналық көмек көрсету жөнінде айтылған. Бұл өте маңызды мәселе. Болған нәрсе болып, бояуы сіңді ғой. Оның қасіретін кері қайтара алмайсыз. Дегенмен, сынақтар зардабынан дерт тауып алғандарды сауықтыру мәселелерін егжей-тегжейлі ойластыру – өте қажетті іс. Ойластырылып қана қоймай, бұл мәселеде елімізде нақты істер тындырылғаны, әрі оны әлемдегі бірқатар донор елдер жоғары бағалап отырғаны да бір мерей. Бұған өзгесін айтпағанда, республиканың батыс өңірінен де нақты мысал айта кетуге болады. Яғни «Нарын» қозғалысы көтерген мәселеге орай бұдан алты-жеті жыл бұрын мұнда Капустин Яр ракеталық сынақ полигонынан зардап шеккендерге арналған облысаралық сауықтыру орталығы салынып пайдалануға берілді.
Бұған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей шапағаты тигенін айтуды да зор мәртебе санаймын. Сондай-ақ, осы сәтті пайдалана отырып, «Нарын» қоғамдық қозғалысы қолға алған мәселелер бойынша Елбасы қабылдауында бірнеше рет болғанымды да айта кеткім келеді. Сол кезде Нұрсұлтан Әбішұлы қозғалыс жетекшісі ретінде айтқан ұсыныс-пікірлерімді қолдағаны, соған сәйкес өңірде кезінде үкіметтік деңгейдегі комиссия құрылғаны да ұмытыла қойған жоқ.
Түйіндеп айтқанда, Елбасының сынақтарды тоқтату, полигондарды жабу жөніндегі баға жетпес еңбегін тек бір ғана Семей атом сынақ полигонын жабуымен ғана шектей салуға болмайды. Оған қоса Мемлекет басшысы тарапынан еліміздегі өзге де сынақ полигондарының зардабын жою жөнінде нақты қадамдар жасалды.
– Кәкен аға, мазмұнды әңгімеңіз үшін сізге көп рахмет.
Әңгімелескен
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
ОРАЛ