• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
03 Қыркүйек, 2016

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің бұйрығы№361

192 рет
көрсетілді

2015 жылғы 27 наурыз ,   Астана қаласы Кемелердiң портқа кiру және олардың порттан шығу, кемелердiң порт акваториясы шегінде жүзуі мен портта тұру қағидаларын бекіту туралы «Ішкі су көлігі туралы» 2002 жылғы 17 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабы 1-тармағының 26-16) тармақшасына сәйкес бұйырамын: 1. Қоса беріліп отырған Кемелердiң портқа кiру және олардың порттан шығу, кемелердiң порт акваториясы шегінде жүзуі мен портта тұру қағидалары бекітілсін. 2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Көлік комитеті (Ә.А.Асавбаев): 1) осы бұйрықтың заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін; 2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін, күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді; 3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастырылуын; 4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелгеннен кейiн он жұмыс күні iшiнде Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлiгiнiң Заң департаментiне осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәлiметтердi ұсынуды қамтамасыз етсiн. 3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылауды өзіме қалдырамын. 4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушы Ж.ҚАСЫМБЕК Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушысының 2015 жылғы 27 наурыздағы №361 бұйрығымен бекітілген Кемелердiң портқа кiру және олардың порттан шығу, кемелердiң порт акваториясы шегінде жүзуі мен портта тұру қағидалары 1. Жалпы ережелер 1. Осы Кемелердiң портқа кiру және олардың порттан шығу, кемелердiң порт акваториясы шегінде жүзуі мен портта тұру қағидалары (бұдан әрi – Қағидалар) «Iшкi су көлiгi туралы» 2002 жылғы 6 шiлдедегi Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабы 1-тармағының 26-16) тармақшасына сәйкес әзiрлендi және кемелердiң портқа кiру және порттан шығу, кемелердiң порт акваториясы мен порттағы тұрақ шегiнде жүзуі тәртiбiн айқындайды. 2. Осы Қағидалар порттар мен олардың акваториялары аумақтарында қызметiн жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға, сондай-ақ порттарға кiретiн және олардан шығатын, порт акваториясы шегiнде жүзетiн және тұратын кемелерге қолданылады. Қазақстан Республикасының порттарына шетел кемелерiнiң кiруi және оларға қызмет көрсету халықаралық шарттар негiзiнде жүзеге асырылады. 2. Кемелердiң портқа кiру және олардың порттан шығу тәртiбi 3. Кеменiң межелi портқа жақындауы туралы ақпаратты кеме капитаны портының кезекшi диспетчерiне 12 сағат бұрын хабарланады және жақындауға дейiн 4 сағат қалғанда нақтыланады. Өтудiң ұзақтығы кемiнде 12 сағат болғанда – кеменiң жөнелту портынан шыққанынан кейiн 2 сағат шегiнде. Балық аулау кәсiптiк флоты кемелерiнiң капитандары кәсiптi бiтiру уақытын, сондай-ақ портқа жақындау уақытын 12 сағаттан кешiктiрмей хабарлайды. 4. Осы портқа жатқызылмаған кеменің немесе шетел кемесінің капитаны жақындау туралы ақпаратта мынадай деректердi: 1) кеменiң атауын, оның туын, иесiнiң атауын; 2) жөнелту портын (соңғы кiру порты, кәсiп жасау ауданы, бұрғылау қондырғысы); 3) кеменiң ең үлкен ұзындығын; 4) алдыңғы және артқы жағымен кеменiң шөгуiн; 5) жолаушылар санын; 6) жүк атауын, жүктiң ерекше қасиеттерiн, фумигант атауын (егер жүк кемеде фумингацияда болса), жүктiң санын (массасын), жүктiң кемеде: палубада, твиндекте, трюмдар бойынша (тура өтпелi трюмдар болған кезде - әрбiр люк бойынша) орналасуын, ұзын өлшемдi жүктiң бiр орнының ұзындығы мен ауыр салмақты жүктiң массасын (3 тоннадан астам), сондай-ақ жүк түсiруге бара жатқан танкер үшiн – айлақ алдындағы балласт массасы мен балластан босату уақытын, бұрын әкелген жүктiң атауын; 7) жүк алушылардың атауын; 8) бункерге, тұщы суға, жабдықтарға қажеттiлiгiн; 9) қосымша техникалық және жөндеу операцияларын орындау қажеттiлiгiн хабарлайды, сондай-ақ қажет болған кезде: льялды, балластық, шаруашылық-фекальды ағын суларын тапсыру үшiн баржаға және қоқысқа арналған контейнерлерге; тiркеп сүйреу кемелерi мен тiркеп сүйреу қызметтерiне; лоцманға өтiнiм бередi. 5. Кеме капитаны өзiнiң жақындау туралы ақпаратында кеменiң барлық жүк құрылғыларының (механизмдерiнiң) ақаулықтары туралы хабарлайды. 6. Ақпарат болмау немесе кеме анықтамалған ақпаратты не уақытында ақпарат бермеу жағдайларында, соның салдарынан кеменi өңдеу кiдiрiп қалғанда, оның бос тұрған уақыты кеме есебiне жатқызылады. 7. Портының кезекшi диспетчерi кеменi оның зәкiрлiк тұру, арқандап байлау орны және тиеу-түсiру немесе басқа жұмыстарды орындау тәсiлi туралы кеменiң портқа келуiне дейiн 2 сағаттан кешiктiрмей хабардар етедi. 8. Егер рейсте Кеме қатынасының тіркелімі техникалық жай-күйiн бақылауға жауап беретiн құрылғылардың немесе тораптар мен механизмдердiң қандай да бiр сынулары болса, кеме капитаны портқа келуi бойынша бұл туралы Кеме қатынасының тіркеліміне және аумақтық бөлiмшеге жазбаша хабарлайды. 9. Кемелер өз кемесiнен немесе кез келген басқа кемеден кез келген зиянды заттардың тасталу жағдайлары туралы, сондай-ақ байқалған ластану туралы кiру портының кезекшi диспетчерiне дереу хабарлайды. 10. Порт кемеде жиналып қалған ластанған сулардың және тұрмыстық қалдықтардың барлық түрлерiн қабылдауды қамтамасыз етедi. 11. Қатты сепаратордан өткiзiлген мұнай өнiмдерiнiң қалдықтары, майланған шүберек, қоқыс, ұсақ ыдыс, техникалық, тағам және басқа да тұрмыстық қалдықтар кемеден өтiнiш бойынша порт ұсынатын арнайы ыдыспен шығарылады. 12. Портта айлақ маңында тұрған кемеде салқындату суының құю шпигаттарын арнайы қалқандармен жабу, ал борт сыртына шығарылатын буды қосымша құбырлармен суға жiберу қажет. Қалқандар кеме айлаққа келгенге дейiн орнатылады. 13. Кеменiң рейске шығуы кеменiң қанағаттанарлық техникалық жай-күйiн растайтын кеме құжаттары болған кезде жүргiзiледi. 14. Кеме мен жүк аумақтық бөлiмшеде авария, құтқару туындаған, кемелер соқтығысқан немесе өзге де зиян келтiрiлген жағдайларда, сондай-ақ порттық құрылыстардың, порттағы өзге де мүлiктiң және навигациялық құралдар жағдайының бұзылуынан туындаған порттың талабы бойынша кеме иесiнiң немесе жүк иесiнiң жеткiлiктi қамтамасыз етудi ұсынуына дейiн ұсталады. 15. Қазақстан Республикасы кемесiнiң капитаны өзен сағасында орналасқан порттан шығуды ресiмдеу үшiн аумақтық бөлiмшеге мыналарды ұсынады: 1) жалпы декларацияны немесе кету құқығына арналған өтiнiштi; 2) кеме рөлiн; 3) экипаж мүшелерiнiң дипломдары мен бiлiктiлiк куәлiктерiн; 4) жолаушылар тiзiмiн; 5) ауытқымаушылық есебiн; 6) сусымалы жүктердi қабылдау кезiнде – технологиялық режимдердiң карталарын және тиеудiң үлгi жоспарларын немесе жүктiң дымқылдығы мен табиғи еңiс бұрышы көрсетiлген жүкке арналған сертификатты; 7) конверсия кiтабын ұсынады. 16. Тiркеп сүйретiлетiн кеменiң немесе тiркеп сүйретiлетiн керуеннiң шығуы үшін өту жоспары, тiркеп сүйреу желiсiнiң схемасы мен есебi әзірленеді. 3. Порт акваториясы шегiнде кемелердiң жүзу тәртiбi 17. Порт акваториясы шегiнде және оған кiреберiсте жүзу кезiнде белгiленген қозғалыс жолдарын ұстану, түбiн тереңдету кемелерiмен айырмашылық ерекшелiктерiн ескеру және кемелердiң, брандвахталардың және жүзу режимi туралы кемелерге хабарландыруды жүзеге асыратын жағалау посттарының айырмашылық сигналдарын бiлу керек. 18. Шетел кемесiне Қазақстан Республикасының iшкi су көлiгi саласындағы заңнамасында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда белгiленген құжаттар болған кезде Қазақстан Республикасының аумақтық суларына кiру және оларда жүзу мүмкiндiгi берiледi. 19. Портқа кiретiн кеме порттан шығатын кемеге жол бередi. Портқа кiретiн кеме: 1) жол беруге мүмкiндiгiнен шектеулi болғанда және «Ішкі су көлігі туралы» 2004 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабы 1 тармағының 26-23) тармақшасына сәйкес бекітілген Ішкi су жолдарында жүзу қағидасына (бұдан әрі – Ішкi су жолдарында жүзу қағидасы) сәйкес оттар мен белгiлердi алып жүргенде; 2) өзi шөгуiнен қысылған және Ішкi су жолдарында жүзу қағидасына сәйкес сигналдар алып жүрген жағдайлары ерекшелiктi құрайды. 20. Қарсы бағыттардан тар орынға, бұрылысқа немесе бiр қақпақтан екiншi қақпаққа ауысқан орынға екi кеме жақындаған кезде осындай жерден екi кеме бiр мезгiлде өту мүмкiн болмағанда немесе қауiптi болғанда, онда басқа кемеге жол беруге мiндеттi кеме, соңғысының қауiпсiз қашықтықта тұрып, оның бұрылуды аяқтауына мүмкiндiк бередi. 21. Тар жерлерде арнайы және түбiн тереңдету жұмыстарымен айналысатын кемелерден алшақтау олардан еркiн өту мүмкiндiгi туралы растауды алғаннан кейiн жүзеге асырылады. 22. Арнайы жұмыстармен айналысқан кемеге жақындаған кезде онымен ультрақысқа толқынды радиобайланыста оның жанынан өту мүмкiндiгi туралы алдын ала уағдаласу не жылдамдықты алдын ала азайту және одан кемiнде 5 кабельтер қашықтықта бiр ұзақ сигнал беру қажет. Арнайы жұмыстармен айналысқан кеме осы сигнал бойынша жұмысын тоқтатады және ол көтерген оттарын (белгiлерiн) түсiредi. Оттарды (белгiлердi) түсiру өтетiн жолдың босағанын бiлдiредi. 23. Қауiптi толқын көбеюiн болдырмау үшiн капитан мынадай жағдайларда: 1) тiркеп сүйреу керуендерi мен шағын көлемдi кемелерден алшақтағанда; 2) жұмыс iстеген крандарының, экскаваторларының, дебаркадерлерiнiң, айлақтардың, айлақта арқандап байлаудан босатылған мұнай құю кемелерiнiң жанынан өткенде; 3) зәкiрде немесе қайраңда тұрған кемелердi айналып өткенде; 4) су асты, гидротехникалық және басқа да арнайы жұмыс орындалатын жерден өткенде; 5) түбiн тереңдету кемелерiн айналып өткенде; 6) айлақта, кеме бортында жұмыс iстейтiн адамдары бар салдар мен шлюпкалардың маңынан өткенде алдын ала кеме жылдамдығын азайтады. 24. Су асты қанаттары бар кемелерге көзбен шолып қарау 5 кабельт және одан төмен болғанда фарватерлер мен арналар бойынша тек су ығыстырғыштық жағдайларында қозғалуға рұқсат етiледi. 25. Арнада немесе фарватерде кеменi зәкiрге қою мынадай жағдайларды қоспағанда жүзеге асырылады: 1) одан әрi қозғалу анық қауiп төндiргенде; 2) техникалық бұзылу салдарынан кеме тоқтауға мәжбүр болса; 3) өту жолы басқа кемелерге жабық болса. 26. Фарватерде немесе арнада зәкiрге тұруға (немесе айлақтық бағаналарға арқандап байлауға) мәжбүр болған кеменiң капитаны порттың кезекші диспетчеріне бұл туралы қолда бар байланыс құралдарымен жедел хабарлайды. Хабарламада кеменiң атауы, кеменiң зәкiрге қойылған (арқандап байлау) уақыты, орны мен себептерi, сондай-ақ тұру ауданында қозғалыстың қаншалықты дәрежеде қиындағаны туралы мәлiметтер көрсетiледi. 27. Порт суларында кемелердi тiркеп сүйреуге басшылық етудi порттың кезекші диспетчері жүзеге асырады. 28. Тiркеп сүйреу басталғанға дейiн порт иесi тiркеп сүйреу операциясына қатысатын кемелер капитандарымен оны жүргiзу тәртiбiн келiседi. Егер тiркеп сүйреу лоцмандық қамтамасыз етумен жүзеге асырылса, онда оны жүргiзу тәртiбiн келiсуге лоцман да қатысады. 29. Тiркеп сүйреу кемелерi қозғалтқыштарының қуаты мен маневрлiк сапасын, жүзу керуенiнiң сенiмдi басқарылуын қамтамасыз етпесе (жел мен ағысты ескергенде) тiркеп сүйреу жүргiзiлмейдi. 30. Кемелер тез тұтанатын мұнай өнiмдерi құйылмалы жүктелген жағдайда лагпен тiркеп сүйреу жүргiзiлмейдi, сондай-ақ бiр тiркеп сүйрегiшпен бiр уақытта мұнай өнiмдерi құйылмалы жүктелген бiрнеше кемелер тiркеп сүйретiлген болса, тiркеп сүйреу жүргiзiлмейдi. 31. Зауыт акваториясынан жүрiс сынағына келе жатқан кеме порт акваториясы арқылы тiркеп сүйретумен жүргiзiледi. 32. Өздiгiнен жүзетiн кеменi оның бортынан арқандап байланған жүзу құралдарымен тiркеп сүйреу жүргiзiлмейдi. 33. Тiркеп сүйрейтiн кеме тiркеп сүйрейтiн кемедегi жұмыстан тек тiркеп сүйреу басшылығының командасы бойынша босатылады. 34. Тiркеп сүйрететiн кеменiң төңкерiлiп кету қаупi бар тiкелей төнген жағдайда ғана тiркеп сүйрейтiн кемеден команда түспей-ақ тiркеп сүйреу арқаны тасталады. 4. Кемелердiң портта тұруы 35. Кемелердi зәкiрге қою немесе тұрақ орнын ауыстыру әрбiр жағдайда портының кезекшi диспетчерiнің рұқсатымен (нұсқауымен) орындалады. 36. Кемелер мен салдарда және өзге де жүзу объектiлерiнде навигациялық белгi болып көрiнуi мүмкiн әртүрлi оттарды көтеруге рұқсат етiлмейдi. 37. Зәкiрде тұрған кемеде тәулiктiң қараңғы уақытында штаттық сыртқы жарықтандыру қосылады. 38. Артқы жағында зәкiрмен (верптермен) бекiтiлiп, рейдте тұрған кеме тәулiктiң қараңғы уақытында ақ от, ал күндiз кеменiң артқы жағында борт биiктiгiнiң жарымына дейiн зәкiр шынжырының қасында төмен түсiрiлген қызыл жалау бекiтiледi. 39. Тiркеп сүйреуi жоқ өздiгiнен жүрмейтiн жүзу құралдарын зәкiрде экипажсыз қалдыруға рұқсат етiлмейдi. 40. Кеме капитаны бөтен адамдарды бортқа қабылдағанда немесе кемеде байқағанда бұл туралы аумақтық бөлiмшеге хабарлайды және осы адамдарды iшкi iстер органдарына тапсырады. 41. Катерлер мен шлюпкаларды суға түсiру порт иесінің рұқсатымен ғана рұқсат етiледi. Осы талап суға батушыларға көмек көрсету және авариялық-құтқару жұмыстарын орындау үшiн кемедегi жүзу құралдарын жедел пайдалану қажет болған жағдайларда қолданылмайды. 42. Айлақ иесi кемелердiң кiруi мен шығуына айлақ дайындығын қамтамасыз етедi. 43. Айлақты дайындау кезiнде: 1) кiретiн кеменi арқандап байлау үшiн айлақтың жеткiлiктi бос ұзындығы қамтамасыз етiледi; 2) қалыпты арқандап байлауға (арқаннан босатуға) кедергi болатын жүктер мен басқа заттардан айлақ кордоны босатылады; 3) арқандау (арқаннан босату) бойынша жұмыстар жүргiзiлетiн айлақтың кордон маңының бөлiгi мұз бен қардан тазартылады және барлық ұзындығы бойы құм шашылады; 4) арқандап байлау айлағында барлық көлiк түрлерiнiң жұмыстары мен қозғалысы тоқтатылады; 5) тәулiктiң қараңғы уақытында айлақтың толық жарықтандыру жүйесi қосылады. Кеменiң арқандап байланатын орны (форштевень тұрған жерi) айлақ иесiнiң өкiлi былай көрсетедi: күндiз - қызыл жалаумен, түнде - қызыл от жарығымен. 44. Кеме капитаны арқандап байлауға дейiн портының кезекшi диспетчерiнен немесе лоцманнан айлақтың жай-күйi, бос кiреберiс мөлшерi туралы, айлаққа кiреберiстегi және оның бойындағы тереңдiк туралы ақпарат алады. 45. Кеменi айлаққа арқандап байлау үшiн айлақ иесi олардың саны кеменiң жалпы сыйымдылығына байланысты болатын арқандап байлаушыларды бөледi. 46. Кеменi айлақта тұрған кеме бортына арқандап байлау кезiнде соңғы кеме өз экипажының күшiмен өз бортының кранцты қорғалуын қамтамасыз етедi және кемеге лақтырылатын арқан ұштарын қағып алады. Жағада арқан ұштарын қағып алуды порт иесi қамтамасыз етедi. 47. Шағын көлемдi кеме айлаққа портының кезекшi диспетчерiнiң рұқсатымен ғана арқандап байланады. 48. Кемелердi айлақ жанында орналастыруды порт иесі жүзеге асырады. Кемелер арасындағы қашықтық кемiнде 10 метр болуы тиiс. 49. Айлақ жанында борты бортқа тiрелiп (лагымен) тұратын кемелердiң жеткiлiктi санын әрбiр нақты жағдайда порт иесі белгiлейдi. 50. Бiрiнiң бортында қауiптi жүктер бар, бiр-бiрiне лагымен арқандап байланған екi кеменiң тұруына рұқсат етiлмейдi. 51. Айлақ жанында арқанға байланған кеменiң капитаны су бетiнiң, айлақ пен су түбiнiң ластануын болдырмау, сондай-ақ траптар ауданындағы жерлердi қар мен кiрден тұрақта тазалауды ұйымдастыру үшiн шаралар қабылдайды. 52. Айлаққа кемеден берiлетiн түскiштер мен басқыштар тұтқалармен немесе қоршаулармен жабдықталады. Басқыштар мен түскiштер алаңында адамдардың суға құлауын болдырмайтын қорғағыш тор тартылады. Тәулiктiң қараңғы уақытында басқыштар (түскiштер) жарықтандырылады. 53. Айлақта тұрған кемеде тәулiктiң қараңғы уақытында сыртқы жарықтандыру қосылады, ал багi мен артында кеменiң шеттерiн бiлдiретiн оттар қойылады. 54. Сұйық отыны бар танкер немесе бункерлеушi, егер оның жүк танкерi жүк қалдығы мен газдан тазаланбаса, жоғарыда аталған оттардан басқа, неғұрлым көрiнетiн жерде Ішкi су жолдарында жүзу қағидасына сәйкес бүкiл көкжиек бойынша көрiнетiн бiр қызыл отты көтередi. 55. Айлақта тұрған кемеде оның мөлшерi мен тиесiлiгiне қарамастан басқыш алдында вахта қойылады. Вахталық қызмет аумақтық бөлiмше телефондарының нөмiрлерiмен қамтамасыз етiледi. 56. Авариялық кемеге қасында тұрған немесе оның жанынан өтетiн кемелер адамдарды, кеменi, жүк және басқа мүлiктердi құтқару бойынша көмек көрсету шараларын қабылдайды. 57. Тұрақты экипаж ұстауға жабдықталмаған шағын көлемдi кемелердiң иелерi өз кемелерiнiң тәулiк бойы күзетiлуiн және олардың тұрақтарын қадағалауды қамтамасыз етедi. 58. Жүк операциялары кезiнде кеменiң қисаюы 50 градустан аспайды. Әрбiр қайта тиеу механизмдерi үшiн жел жылдамдығы паспорт деректерiнен артық болған кезде жүк жұмыстарын жүргiзуге жол берілмейді. 59. Кезекшi диспетчер кеменiң тұрақ орнынан алдағы ауысуы туралы кеме капитанына жұмыс уақытында 2 сағат бұрын кешiктiрмей хабарлайды. 60. Егер кеменi қайта арқандап байлау, тарту және орнын ауыстыру алдағы тәулiктiң сағат 17.00-ден бастап 8.00-ге дейiн жоспарланса, онда порт иесi бұл туралы капитанға 15 сағат бұрын хабарлайды. 61. Егер тұрақ орнын ауыстыратын кеме айлақта тұрған басқа кеменiң бортына лагпен қойылса, онда соңғы кемеге бұл туралы қайта ауыстыру басталғанға дейiн кемiнде 1 сағат бұрын ескертiледi. 62. Кеменi бiр айлақтан басқасына ауыстыру немесе оны айлақтан рейдке апару тек кемеде капитан немесе аға көмекшi болған кезде ғана рұқсат етiледi. 63. Кеменi алдағы айлақтың ұзына бойы тартқан жағдайда оған басқа кемеден әкелiнген арқандар, бұл жөнiнде басқа кеме капитанының вахта көмекшiсiне хабарланғаннан кейiн ғана берiледi. Егер арқандарды беру кезiнде олар басқа кеме арқандарымен қыстырылып қалса, басқа кеменiң вахта қызметi өзiнiң арқан бауларын беру кезiнде босатады. 64. Портының кезекшi диспетчерi ауа райының тез бұзылатыны туралы деректер алғаннан бастап порт айлақтарында тұрған барлық кемелердiң капитандарына дереу хабарлайды. 65. Кеме капитаны дауыл туралы ескерту алған кезде немесе ауа райы нашарлауының анық белгiлерi болған кезде кеме қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қабылдайды. 66. Портының кезекшi диспетчерi дауыл туралы ескерту алғаннан бастап кеме капитандарына портта қалған кемелер мен жүзу құралдарының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiнде қажеттi iс-шаралар жүргiзу туралы нұсқаулар бередi. 67. Кемелердiң меншiк иелерi немесе кеме иесiнiң немесе кеме капитанының өтiнiмi бойынша кеменiң қысқы тұрағының, жөндеуде тұру немесе қазықта тұру мүмкiндiгi туралы шешiмдi әрбiр жағдайда порт иесi қабылдайды, онда әрбiр кеме бойынша мыналар көрсетiледi: 1) үлгiсi, атауы, тiркеу нөмiрi, ұзындығы, енi және шөгуi; 2) тiркелген порты; 3) портта қалаған тұрақ орны; 4) капитанның немесе өзге де жауапты адамның тегi; 5) кемеде қыстап қалатын экипаж мүшелерiнiң немесе кемеде тұратын күзетшiнiң тегi; 6) команданың вахта қызметiн жүргiзу тәртiбi және кезекшiлiк кестесi; 7) кеменiң меншiк иесiнiң немесе кеме иесiнiң және кеме капитанының мекенжайлары; 8) кемелердi орналастыру сызбасы. 68. Бiрнеше кемелер қыстаған кезде кеменiң меншiк иесi немесе кеме иесi керуен қалыптастырады, керуендегi барлық кемелердiң тұру қауiпсiздiгiне жауапты керуен капитанын тағайындайды. 69. Кеме капитаны қыстау портынан шыққан жағдайда порт иесін ол болмаған кезде кемеге және экипажға жауапты адам туралы хабардар етедi. 70. Қыстауға қойылған кемелерде кеме иесi әзiрлеп, бекiткен және аумақтық бөлімшемен келiсiлген кеменiң тұрақта тұрған кезеңiнде кеме қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шаралар жоспары болады. 71. Құйылма кемелерiн тұраққа қою алдында танкiлерi мен сорғы бөлiмшелерiн толық тазалау және газсыздандыру орындалады. 72. Қыстайтын кемеде сұйық отын қоры тек порт иесінiң рұқсатымен ғана қалдырылады. 73. Тұру кезiнде кемелер порт иесімен байланыспен қамтамасыз етiледi. Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылғы 30 сәуірдегі Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №10896 болып енгізілді.