* 5 қазанда Президент Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясында сөз сөйледі. Елбасы БҰҰ мінберінде әлемдік ауқымда ойлау қабілетін аңғартты. Әсіресе, Мемлекет басшысының әлемдік деңгейдегі күрделі мәселелерді сауатты талдай отырып, оның шешілу жолдарына қатысты ұсыныстарын жаһан жұртшылығы жылы қабылдады. Қазақстан Президенті осы күні БҰҰ Бас хатшысы Бутрос Ғалимен кездесті. Айта кетейік, Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ Бас Ассам-блеясының 47-ші сессиясында сөйлеген сөзі «Егеменді Қазақстан» газетінің 8 қазандағы нөмірінде жарияланды.
* 10 қазанда Көкшетауда Қазақстан мен Ресей президенттері – Нұрсұлтан Назарбаев пен Борис Ельциннің кездесуі өтті. Басқосуда тараптар мемлекетаралық қатынастарға, соның ішінде астық жеткізілуіне байланысты мәселелердің кең ауқымы бойынша келіссөз жүргізді. Келіссөз нәтижелері бойынша бірлескен мәлімдеме де жасалды. Онда бұдан әрі де стратегиялық күштерге біріккен командование мен ядролық қаруға біртұтас бақылау жасау, Байқоңыр ғарыш айлағында, Семей полигонында және екі мемлекеттегі қорғаныс кешенінің басқа да нысандарында құрылған ғылыми-техникалық потенциалды сақтау және дамыту қажеттігі айтылды.
*11 қазанда Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданында қазақтың 1783-1787 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілісінің қолбасшысы, батыр әрі шешен Сырым Датұлының туғанына 250 жыл толуы кең көлемде атап өтілді.
* 14 қазанда Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Шеврон» корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы, корпорация басшысы Кеннет Дерр бастаған делегациямен кездесті. Басқосуда 18 мамырда Вашингтонда Қазақстан мен «Шеврон» арасында бірлескен кәсіпорын құру жөнінде құрылтай келісіміне қол қойылғаннан кейін істің едәуір ілгерілегені сөз болды.
* 18 қазанда Алматыда рухани татулық жөніндегі бірінші дүниежүзілік конгресс болып өтті. Форумға әлемдегі аса ірі діни ағымдардың өкілдері, белгілі рухани ілім басшылары, ғалымдар, жазушылар, оқу-ағарту және мәдениет қайраткерлері, АҚШ-тан, Ұлыбританиядан, Германиядан, Австриядан, Италиядан, Швейцариядан, Үндістаннан және басқа да шет мемлекеттерден, ТМД-ның көптеген елдерінен келген шығармашылық интеллигенция өкілдері келді. Президент Нұрсұлтан Назарбаев конгреске қатысушыларға құттықтау жолдады.
*21 қазанда Қазақстан мен Ресей арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды. Екі елде өз елшіліктері ашылды.
* 22 қазанда Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ теледидары арқылы сөз сөйлеп, демократиялық қоғам құру, нарықтық экономика қалыптастыру бағытында туындап отырған күрделі мәселелер, Үкімет үш жылға есептеп, жасап шыққан реформалар сипаты жөнінде ел халқын хабардар етті. Елбасы сөзі «Егеменді Қазақстан» газетінің 24 қазандағы нөміріне басылды.
* 23 қазанда Президент Н.Ә.Назарбаевтың төрағалық етуімен Қауіпсіздік кеңесінің кезекті мәжілісі өтті. Мәжілісте республиканың әскери доктринасы мен әскери құрылысының тұжырымдамасы қаралды.
* 28 қазанда Түркияда тұңғыш рет еліміздің дипломатиялық өкілдігі – Қазақстан елшілігі ресми түрде ашылды.
* 29 қазанда Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев Түрік Республикасының құрылуының 69 жылдығына арналған Анкарадағы салтанатқа қатысты.
*30 қазанда Анкарадағы Ұлы ұлттық Мәжіліс үйінде түркі тілдес мемлекеттер мен үкіметтер басшыларының кеңесі ашылды. Ал ертеңіне Түркия, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Өзбекстан президенттері «Анкара декларациясына» қол қойды.
* 31 қазан – 2 қараша аралығында Елбасы Н.Ә.Назарбаев Иран Ислам Республикасында ресми сапармен болды. Сапар барысында Қазақстан мен Иран президенттерінің бірлескен мазмұндамасы жарияланды.
* 10 қараша Алматыда аудандар, қалалар мен облыстар әкімдері және халық депутаттары Кеңестері төрағаларының республикалық Кеңесі басталды. Кеңесте ел Президенті, Конституциялық комиссияның төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев баяндама жасады. «Мен қоғамды қайта өзгертудегі біздің барлық табыстарымыздың негізі – барлық қазақстандықтардың бірлігі, келісімі мен татулығы екенін қайталаудан ешқашанда жалықпаймын», – деді өз баяндамасында Елбасы.
* 24 қарашада Қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсіреповтің туғанына 90 жыл толуына орай Абай атындағы опера және балет театрында салтанатты кеш өтті. Айта кетейік, «Егеменді Қазақстан» газетінің 25 қарашадағы нөмірінде академик Зейнолла Қабдоловтың «Мүсірепов туралы сөз» тақырыбымен көлемді мақала жарияланды.
* 25 қарашада ЮНЕСКО штаб-пәтерінде Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрі Қуаныш Сұлтанов осы беделді халықаралық ұйымның бас директоры Федерико Майорға Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Абайдың туғанына 150 жыл толуын ЮНЕСКО шеңберінде тойлау мәселесіне байланысты жеке хатын табыс етті. Федерико Майор Абайдың 150 жылдық мерейтойына тікелей қолдау көрсететініне сендірді. Бұл мәселенің Елбасының тікелей араласуымен ғана шешілетін жөні де бар: ЮНЕСКО тәртібі бойынша әлемдік ауқымда ұлы тұлғалардың тек ғасырлық мүшел тойлары ғана аталып өтеді. Ереже талаптарының тілімен айтсақ, «датаның кемінде екі нөлмен бітуі», мысалы, 100, 200, 500, 1000 деген сияқты болып келуі шарт. Абай тойы осыдан кейін үш жыл өткенде, 1995 жылы ЮНЕСКО шеңберінде кеңінен аталып өтті.
* 26 қарашада М.Әуезов атындағы театрдың ғимаратында «Қазақ тілі» қоғамының ІІ құрылтайы өтті. Президент Н.Ә.Назарбаев құрылтайға қатысушылардың алдында сөз сөйледі. Құрылтайда қоғамның жарғысына уақыт талабына орай түзетулер мен толықтырулар енгізілді. Қоғамның қызмет ауқымы республика шеңберінен шығып, жалпы қазақ тілінің тағдырына қатысты мәселелерді шешуге атсалыса бастағанына байланысты мұнан былай оны Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы деп атау ұйғарылды. Қоғамның президенті болып Әбдуәли Қайдаров сайланды. Елбасының Құрылтайдағы сөзі «Егеменді Қазақстан» газетінің 28 қарашадағы санында «Халық мәңгілігінің мәселесі» тақырыбымен жарық көрді.
* 27 қарашада Қазақстанның, Қырғызстанның, Ресейдің және Тәжікстанның біріккен делегациясы мен Қытайдың үкімет делегациясы арасында шекара аудандарында қарулы күштер мен қару-жарақты өзара қысқарту және ТМД-ның аталған төрт елі мен Қытай Халық Республикасы арасында әскери саладағы өзара сенімді нығайту туралы мәселелер бойынша өткізілген келіссөздің Бейжіңде өткен сегізінші кезеңі аяқталды.