• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
08 Қыркүйек, 2016

Балаларды бөтен ақпараттан қалай қорғаймыз?

272 рет
көрсетілді

«Барлық телевизия білім береді. Мәселе оның не нәрсеге үйрететіндігінде ғана», деген екен 1978 жылы АҚШ коммуникациялар жөніндегі федералдық комиссиясының төрағасы Н.Джонсон. Осы сөзді бүгін жалпы БАҚ-қа қарата да қолдануға болады. Біздің БАҚ қоғамға не ұсынып, ұрпақты қалай тәрбиелеп жатыр? Әлбетте отандық ақпарат құралдары ел дамуында, оның бірлігі мен тұтастығын сақтау мәселесінде баға жетпес қызмет атқарып келе жатқаны рас. Бірақ мәселенің екінші жағы да бар. Бүгінгі баспасөзіміз де, басқа сөзіміз де зорлық-зомбылықтың, күнделікті қылмыстық оқиғалардың төңірегінде өрбімесе, өзегіміз талатындай күйге жеттік. Барлығы бірдей деп айтудан аулақпыз, бірақ әсіресе жаңалықтар топтамасында кісі өлімі немесе суицид оқиғасы кездеспейтін телеарналар мен интернет-ресурс­тар кемде-кем қазір. Өмір ғой деп бұл үрдіске де көз жұма қарауға болар еді. Бірақ осы жаңалықтардың кейінгі кезде тым көбейіп бара жатқаны еріксіз ойлантады. Қолы қалтырамастан қарт кісіні соққыға жығатын қатыгездер, балиғатқа жетпеген бүлдіршінді, алпыстан асқан кейуананы зорлайтын азғындар саны артып барады. Бұның себебі неде? Әлеуметтік жағдайдың ауырлығынан көрейін десек, «бұдан жаман күнімізде де тойға барған», сарыуайымға салынбаған халық емес пе едік. Құдайға шүкір, қазіргі тұрмысымыз, әлеуметтік ахуалымыз 90-жылдардың басындағыдан әлдеқайда жақсы ғой. Қазіргі балаларға сол кездері нан пісіруге бидай тұрмақ, жүгерінің ұнын зорға тапқанымыз туралы айтсақ, ертегідей көрінеді. Алайда сондай қиын заманда өмір сүрсек те өзіне қол жұмсайтын, суицидке ұрынатын жасөспірімдер туралы естімейтін едік. Ұрлық-қарлық, кісі өлтіру сияқты қылмыстар болып жатты. Бірақ төрінен көрі жақын қарияны балталайтын қаныпезерді көрмеп едік. Әрине ол кезде қазіргідей интернет жоқ болатын деп уәж айтарсыз, бірақ дәл бүгінгідей еді деп таласа алмайтыныңыз да анық. Дж. Гербнер деген америкалық психолог сәл ертеректе «адамзат тарихында талай дәуірлер болды, бірақ дәл біздің кезеңдегідей зорлық-зомбылықты бойына сіңіргені болған жоқ» деген тұжырым жасапты. Ол 1967 жылдан бастап АҚШ телеарналарының хабарлар кестесін зерделеген екен. Сонда байқағаны – әрбір үш бағдарламаның екеуінің сюжетінде зорлық-зомбылық немесе кісі өлтіру көріністері болған. Әрбір бала мектеп бітіргенге дейін телеарна арқылы кісі өліміне қатысты 8 мың және әртүрлі зорлық әрекеттері бар 100 мың көріністі көрген. Ал осындай жағдайды зерттеген көптеген ғалымдар алған ақпарат санада жатталып қалатынын, кей жағдайларда оның тура сондай іс-қимылға түрткі болатынын жоққа шығармайды. Америкада болып жатқан оқиғалар соның жемісі емес пе? Сондықтан бар бәле өзімізде, дәлірегі ақпарат құралдарында – интернет-ресурстар мен телеарналарда жатқан сияқты. Жасыратыны жоқ, қылмыс хроникасы – бүгінгі рейтингтің негізгі драйверлерінің бірі. Рейтинг жоғары болса, жарнама келеді, табыс түседі. Осылайша, рейтинг қуалаймыз деп халыққа қызыл қаны шашырап жатқан оқиғаларды, қылмыстың қалай жасалғаны туралы ақпараттарды бірінен соң бірін ұсынамыз. Ежіктеп жазып, бүге-шігесіне дейін сипаттаймыз. Кім кімді мал сойғандай мүшелеп тастағанын және оны қалай жасырғанын тәптіштеп, әдістемелік құрал сияқты баяндап береміз. Бұған қоса, зорлық-зомбылық пен қулық-сұмдықтың неше атасын үйрететін фильмдер мен сериалдар көрсетеміз. Енді осы қатарға жылдам хабар тарататын уотсап сияқты месенжерлер де қосылды. Жаманат көрсек дереу бейнежазбаға түсіріп, сүйінші сұрағандай таратамыз. Сол арқылы жантүршігерлік қылмыстарға көзімізді де, бойымызды да үйретеміз. Ең қорқыныштысы, қылмысты осылай істеуге болады деген сұмдық ойдың дәнін түйсік түкпіріне өзіміз егіп жатырмыз. Сөйте тұра, ел естімеген қылмыс түрлері неге көбейіп кетті деп бас қатырамыз. Ел естімеген демекші, бала кезімізде үлкендер бір жаман хабар шықса, бізден жасырып, «балалар естімесін», «айтқан жерден аулақ», «өзімен кетсін» деп  құпиялап жатқанын байқаушы едік. Сөйтсек санамызды сан-сапалақ ойлардан сақтауға тырысады екен ғой. Ұлттық тәрбиенің озық тұсының бірі осы болса керек. Дәл бүгінгідей ашық қоғам жағдайында біз де кейінгі ұрпақты жаманаттан сақтандыру жағын жұрт болып ойласқанымыз жөн. Бұл мәселеге бір жағынан жұртшылық өкілдері, екінші жағынан ақпарат құралдары түгел атсалысуы тиіс. Мүмкін, осындай негативті ақпараттар легін қадағалайтын қоғамдық кеңестер құрған да жөн шығар. Тек бұл қадам жалпы цензураға айналып кетпеуін ескеру керек. Айбын Бақытұлы, «Егемен Қазақстан»