Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2030» Стратегиясында данышпан философ Сенеканың мына бір нақылын тегіннен тегін келтірмесе керек: «Қай портқа бет алғанын білмейтін кеменің желі де оңынан тұрмайды». Яғни, тәуелсіз Қазақстан сол кездің өзінде өзінің қай бағытта алға басатынын, басым деген бағыттарын дәл айқындады. Жыл сайын сол алға қойған мақсат-мұраттарға жету үшін жоспарлар құрылды.
Қазақстан тәуелсіздік алған 20 жыл ішінде адам танымастай өзгерді. Елге 120 миллиард АҚШ доллары мөлшерінде инвестиция тартылды. Резервтік қордағы қаражат 60 млрд. долларға жетті, біздің ел 126 шет елге өнім шығаратын болды, өткен жылы ішкі жалпы өнімнің өсімі 7% құрады, орташа еңбекақы 80 мың теңгеге жетті. Халықтың әл-ауқаты жөніндегі көрсеткіші 26 сатыға жоғарылап, Қазақ елі 110 елдің ішінде 50-орынға табан тіреді. Елбасының дамыған елу елдің қатарында болу туралы алға қойған міндеті осылайша жүзеге асты. Қазақстанда еңбекақы 5,5 есе, зейнетақы 4 есе жоғарылады. Бүгіндер 500 денсаулық сақтау нысаны салынып, пайдалануға берілді, 750 жаңа мектепте біздің болашағымыз – балаларымыз бен немерелеріміз оқып жатыр.
Мынандай да бір ғажап дерек бар. 1994 жылы елімізде әрбір адамға шаққанда ішкі жалпы өнім тек қана 700 доллардан келсе, бүгін оның мөлшері 9 мың долларға жетіпті. Өсім – 12 есе! Мұндай қарқынмен дамыған жер бетінде бірде-бір тәуелсіздік алған мемлекет жоқ екен. Тіпті Оңтүстік Корея, Сингапур, Малайзия да мұндай белеске жете алмапты.
Тәуелсіз Қазақстанда экономиканың қарыштап дамып, әлеуметтік-мәдени саладағы ғажайып өзгерістердің болып жатқанын бүгіндер бүкіл әлем біледі. Жүз қырықтай ұлт пен ұлыстың басын біріктіріп, бір атаның баласындай бауырластырған Қазақ еліне кім де болса бүгіндері қызыға қарайды. Оны Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Саммиті кезінде бүкіл әлем мойындаған қайраткерлер де ағынан ақтарыла айтты. Қазақстанның ұлтаралық, конфессияаралық саладағы оң тәжірибесі – бүкіл әлемге үлгі боларлық үрдіс. Бұл енді дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат.
Мен жүрген жерімде, сайлаушылармен кездескен сәттерде Елбасының мына сөздерін үнемі айта жүремін: «...Қазір бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман. Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады. Ашу – дұшпан, ақыл – дос. Ашу емес, бәрін ақыл шешу керек. Елдің тыныштығын бұзу ұлтымыздың болашағына балта шапқанмен бірдей. Өз халқын сүйетін адам, өз жұртына жақсылық тілеген кісі өзге халықтарды ашындырмайды, өз ұлтын ешкімге қарсы қоймайды».
Міне, сондықтан да болар Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан- 2030» Стратегиясының бір тарауына Төле бидің «Бірлік жоқ жерде – тірлік жоқ» деген сөзін эпиграф етіп алыпты. Ал енді осы мақаланың тақырыбына шығарған «Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ» деген қазақтың халық мақалын да біз сол тарихи құжаттан кездестірдік.
Елбасы биылғы Жолдауында сол өткен күндерде жүріп өткен жолдарымызды саралады, жетістік-кемшіліктерімізді талдады және, ең бастысы, келер күннің міндеттерін нақтылап, Үкіметке, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясына, барлық деңгейдегі әкімдерге, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдарға нақтылы тапсырмалар берді. Солардың ең бастысы – үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама. Айта кетейік, осы өміршең бағдарламаның өткен жылғы қорытындылары көңілге қуаныш ұялатады. Осы бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде Қазақ елі шикізаттық республикадан нағыз индустриялы елге айналғалы отыр. Оның алғашқы қадамдары қазірдің өзінде белгілі. Енді кейбір деректерге тоқталайық.
Еліміз бойынша 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде өткен жылдың алғашқы жартыжылдығында 350 млрд.теңгеден астам сомаға 72 инвестициялық жоба жүзеге асты және 12 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Екінші жартыжылдықта 80 жоба іске қосылды. 2010 жылы барлығы 800 млрд. теңгеден астам сомаға 152 жоба пайдалануға берілді, 24 мыңдай жұмыс орны ашылды.
Мал шаруашылығы біздің ұлт үшін қашаннан дәстүрлі сала болған. Тек соңғы кездері осы табысты салаға мән берілмеді. Төскейдегі төрт түлік азайды. Енді Елбасы алға қойған міндет мал шаруашылығын дамыта түсуге ерекше серпін берері сөзсіз. Және мұның ауыл тіршілігін жандандыра түсуге, ауыл адамдарын жұмыспен қамтуға, бір сөзбен айтқанда, ауыл өмірінің ажарын кіргізуге тигізер әсері де орасан болмақ.
Қазақстан Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Елбасы өзінің өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту туралы бастамашы топқа, бұл бастаманы қолдап, қол қойған бес миллионнан астам отандастарға риясыз алғысын айтты. Конституциялық кеңес қабылданған құжаттардың заңдылығы туралы қаулы шығарғаннан кейін өз шешімін айтатынын мәлімдеді.
Енді, міне, Конституциялық Кеңестің шешімі де белгілі болды. Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті – Елбасының өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту жөнінде референдум өткізу Конституция талаптарына сәйкес келмейтіні анықталды. Мұның алдында Президент Парламент қабылдаған Конституцияға өзгерістер туралы заңды қабылдаудан бас тартқаны белгілі.
31 қаңтар күні Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Үндеу арнап, бірден-бір дұрыс шешім қабылдады деп білемін. Ол референдумды жақтап қол қойған бес миллионнан астам адамның шешіміне, бастамашы топ пен зиялы қауымның, Парламент депутаттарының және «Қазақстан-2020» демократиялық күштер коалициясының ұйғарымына құлақ аса отырып, мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізу туралы ұсыныс айтып, референдумнан бас тартты. Сөйтіп, ол Конституцияның мызғымастығын сақтап қана қоймай, нағыз демократиялық принциптердің адамы екенін тағы бір рет жария етіп, дәлелдеді.
Сөз соңында «Қазақстан- 2030» Стратегиялық бағдарламасына қайта айналып соққалы отырмын. Онда былай делінген: «2030 жылға қарай Қазақстан Орта Азия Барысына айналады және өзге дамушы елдер үшін үлгі болады деп сенемін».
Тоқтарбай ҚАДАМБАЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты.