Астана тұрғыны Ержан Исақұловтың бақшасына жеміс ағаштарын өсіріп, жемісін жеп жүргеніне бірнеше жыл болған. Ауа райы оңтүстікпен салыстырғанда әлдеқайда қатал Арқа жерінде алма өсіру оңай еместігі түсінікті. Ол үшін бағбандықтан хабарың болуы ғана аздық етеді. Арқаның аязына үсірмей, дауыл-боранына сындырмай, бүршігін бұршағына ұрғызбай өсіру үлкен еңбекті керек етеді.
Айтайын деп отырғанымыз, биыл Е.Исақұловтың ағаштары «тосын» мінез шығарды. «Тосын» мінез дейтініміз, алма ағашы әдетте көктемде бір мәрте гүлдеуші еді ғой. Ал Ержан Исақұловтың ағаштары биыл жаз ортасынан ауған шақта – алмалары пісіп қалған уақытта, өзінің айтуынша, 19 тамыз күні барлығы бір мезетте екінші рет гүлдепті. Бұл оқиға туралы еліміздегі республикалық телеарналар, басқа да БАҚ-тар хабарлағаны белгілі. «Егемен Қазақстан» да солардың қатарында болған еді. С.Сейфуллин атындағы аграрлық-техникалық университеттің ғалымдары да Ержан Бекбауұлының ағаштарын арнайы барып көрген.
Біз Қазақ жеміс және жүзім шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына хабарласып, ағаштардың жазда гүлдегенінің себебін сұраған едік. Бұл институт ғалымдары да Ержан Исақұловтың бақшасындағы жайт туралы білетін болып шықты. Институттың зертхана меңгерушісі С.Қарабаева арнайы барып, алма ағаштарының күрделі метеорологиялық ахуалға қарамастан, екінші мәрте гүлдегеніне көз жеткізіпті.
– Алма ағашының жаз ортасында екінші рет гүл ашуына жергілікті ауа райы ықпал еткен. Мұндай құбылыс табиғатта кездесіп тұрады. Ауа райында болған өзгерістер ағаштарға да әсер етпей қоймайды. Алматыда да кейбір ағаштар гүлдеген болатын. Ал Ержан Бекбауұлы өсірген ағаштардың қандай сұрыпқа жататынын анықтауға, сапасын, төзімділігін, басқа да қасиеттерін Биология және биотехнологиялар ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары анықтауы мүмкін. Осы институттың ғылыми зертханасының мүмкіндігі оған толық жеткілікті, – деді Қазақ жеміс және жүзім шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басшысы Гүлшария Қайырова.
Қостанай облысында Қарабалық ауылшаруашылық тәжірибелік стансасы бар. Ол өңірдің де табиғатының қаталдығы Астанадан кем түспейтіні белгілі. Осы мекеменің тәжірибе алаңында түрлі жеміс ағаштарын жерсіндіруге бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Дегенмен, оңтүстік аймақтардан әкелінген ағаштар Қостанайды әлі жерсіне қоймаған. Ержан Исақұловтың бақшасындағыдай жеміс төгіліп тұрған жоқ. Сол үшін ол жаққа Ресейден, басқа солтүстік өңірлерден әкелінген ағаштарды өсіреді екен.
Ал Ержан Исақұловтың табиғаты жылы өңірлерді ғана жерсінетін жеміс ағаштарын Астанада өсіре бастағанына біраз жылдың жүзі болған. 2000-жылдардың басында Елбасы Н.Назарбаевтың тікелей тапсырмасы бойынша елорданың төңірегіне 75 мың гектар жерге орман ағаштары отырғызылғаны белгілі. Қазір ол жерлердің ауқымы әлдеқайда ұлғайып, ағаштарының биіктігі бірнеше метрден асып, қоян, түлкі, қарсағы бар, қырғауылдары көбейген орманға айналған. Сол 2000 жылдардың басында Ержан аға да өзіне тиесілі жер телімінде үй салып, үйінің айналасына ағаш отырғызыпты. Сөйтіп, қайың, терек, жергілікті жабайы алма ағаштарын егіп, күтіп-баптауды әдетке айналдырған. Бірнеше жыл ішінде алма ағашы 3-4 метрге дейін өскен. 2004-2005 жылдары Е.Исақұлов өзінің туған жері Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданы Қасқасу ауылынан алма көшеттерін әкеліп, оны жергілікті алмамен будандастырады. Күтімі жақсы болды ма, әлде жергілікті топырақ жақты ма, әйтеуір, будандастырылған ағаш бір жылда 1,5-2 метрге дейін бой көтереді. Біресе жел сындырып, біресе кеміргіштер кеміріп кете бергенімен, ақыры сол ағаштар жеміс бере бастайды.
Бағбанның білгірлігі ме, Арқа жерінің топырағының құнары мен табиғаты жақты ма, әйтеуір Е.Исақұловтың бақшасында қатал табиғатқа қарамай жеміс беретін алма ағаштары өсіп тұр. Қысы суық, жазы ыстық, боран мен дауылға төтеп беретін алма ағаштарының мәуесі төгіліп, тіпті, жаз ортасынан ауғанда да гүл ашты. «Еңбегіне қарай өнбегі» дегенді дәл осы жайтқа қатысты айтсақ, артықтық етпейтіні анық. Бау-бақшасын гүлдендірген бағбан таяу болашақта Астананың көшелерінде, саябақтарында алма бақтары жайқалып тұрғанын қалайды. Ол ойының жүзеге асатынына да нық сенімді.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Ерлан ОМАРОВ,
«Егемен Қазақстан»