Бұландыға сапарымызда екі жасар бүлдіршін Каринаның туған күн тойының куәгері болдық. Серік және Жаңылған Әкімбаевтар асырап алған қызы Әлиядан көрген немересінің қуанышын жүрек төріндегі айрықша мереке ретінде атап өтті. Бұған қоса Жақсы ауданынан асырап алған ағайынды екі баланың кішісі Әділбектің биыл бірінші сыныпқа баруы той салтанатын асыра түскендей.
Коттедж үйдің шаңырағы шаттықпен шалқыды. Көрші-қолаң, ағайын-туысты былай қойғанда, бүгінгі күні бауырына басқан он үш баланың бәрі ән айтып, би биледі. Каринаға сый-сыяпаттар да жасалып жатыр. Ал, біз үшін Әкімбаевтар тәрбиесіндегі тоғыз ұлттың баласы өз ұлысының ән-жырын қалықтатқандағы жылы сезімнің әсері бөлек еді. Карина мен Әділбектің қуанышына қазақ, орыс, украин, молдован, неміс, сыған, чуваш тілдерінде ән тербетілгеніне сенер-сенбесімізді білмедік. Туған күн думанының отын қыздырған кешегі сыған бала Николай Ивановтың екі сәбиін ала келгеніне жан-дүниеңіз елжірейді.
Иә, тоғыз ұлттың баласын тербеткен шаңырақ жарастығы кім-кімді болсын тебіреніске бөлейтіні анық. Мырза жүрек жандар бұл қадамға қалай барды? Батылдыққа бастаған қандай қасиет дерсіз. Қарапайым ғана еңбек адамдары Серік пен Жаңылғанға ауыр да жауапты жүкті арқаларлықтай ерліктің қажеті бар ма еді? Осынау сансыз сұрақтың жауабы біреу ғана – мейірімділік, жадау көңілді жадыратуды ұлықтайтын азаматтық парыз.
Жаңылған жар таңдауда жаңылмаған екен. Оны мынадан да аңғаруға болады. Жаңаауылдың Серігі мен Макин қаласының Жаңылғаны үйленген кезде көршілері қолайсыздау болыпты. Күнделікті ұрыс-жанжал, екі баланың шырқыраған дауысы жас жұбайларды үрпитіп тастайтын. Ақыры әлгі «ата-ана» қос ұлынан безіп, басы ауған жаққа безіп кеткен. Бұлар жасөспірімдерді үйіне кіргізіп, төрінде мәпеледі. Оларды ешкім іздемеген, сұрау салынбаған. «Балаларды біз асырап алдық» деп Әкімбаевтар да айтпаған. Қағидатымызға жат нәрсе еді ғой бұл. Міне, қазір кешегі жәудіркөздер зіңгіттей жігіт болды. Үйленген, ел ішінде абыройсыз емес көрінеді.
Ізгілікті қастер тұтатын отбасының өнегесі жұғысты болатынына әуесің келеді. Мынаны қараңыз. Әкімбаевтардың ұлы Бауыржан анау бір жылғы қытымыр қыста далада тоңып жүрген тоғыз жасар Станислав Климентьевті үйге өзімен бірге ерте келіпті. Мүгедек екен. «Мұның қалай?» дейтін бұлар емес. Сол Слава 25 жасқа дейін осы бір жылы ұяда жүріпті. Қазір үзбей хабарласып тұратын көрінеді.
Аудан орталығы Макин қаласында 2004 жылы ойға қонбайтын оқиға болды. Жетім балалар үйі жабылды. Жәудіркөздердің көбісі облыстың өзге аймақтарындағы осы тақылеттес мекемелерге жөнелтіліп жатты. Үйреніскен ортадан жырақтаудың қаншалықты ауырлығын суреттеп жатудың қиындығы мен тауқыметін бағамдай беріңіз. Осындай күндердің бірінде Жаңылған күйеуі Серікке тосын ұсыныс жасаған. «Балаларды патронаттық тәрбиеге алайық» дейді. Отағасы ойланып қалған.
Ойланатындай жағдай. Жаңылған үй шаруасында, өзі І дәрежелі мүгедек ретінде азын-аулақ қана ақша алады. «Ақылдасайық» деді. Оңай шаруа емес екен. Осы жылы ғой «Бөбек» қорының төрайымы Сара Алпысқызы Назарбаеваға хат жазылғаны. Көзқарас өзгере бастады. Жергілікті «Надежда» баспанасынан екі баланы қамқорлыққа алды. Аудан әкімдігі ерекше бастаманы ықыластана қолдады.
Жылы қонысқа алғашқы болып қанат қаққан Руслан Баяндинов пен Ермек Әбдірашитов болды. Ал, 2006 жылы Ақкөл балалар үйінен алты жасөспірім келді. Сондай-ақ, 2009 жылы олардың қатарына Ақкөлден тағы да бес бала қосылды. Бұлардың барлығы да Қазақстанның «Неке және отбасы» Заңының 120-бабына сәйкес жасалған келісімшарт негізінде тәрбиеге алынған еді.
Бұланды ауданының әкімдігі 2008 жылдың 14 желтоқсандағы шешімімен жәудіркөздер тағдырына немқұрайды қарай алмайтын асыл жандар жұмысын жеңілдету мақсатында коттедж үлгісіндегі үйді бөлгеніне мың да бір рахмет айту қажет. Бұл мөлтек ауданның «Болашақ» аталатынына да риза боласыз.
Жалпы, соңғы оншақты жыл аралығында Әкімбаевтар отбасында 39 бала тәрбиеленген екен. Олардан 18 немере сүйіп отыр. Қазір біршамасы мектепті бітіріп, оқуларын жалғастыруда. Мәселен, Виктор Николайчук Көкшетауда программистер курсын бітіріп, Щучье қаласындағы колледжде қонақүй және мейрамхана бизнесі мамандығы бойынша оқып жатса, Евгения Смағұлова болашақ заңгер. Жоғарыда айтылған кішкене Каринаның анасы Әлия Смағұлова облыс орталығында банк операторы мамандығымен қызмет атқаруда.
Әкімбаевтар асырап алған үлкен қызы Әлияны айналып-толғанудан жалықпайтыны да жарасымды көрінді. Өйтетіндей жөні бар екен. Отбасындағы тұңғыш қыз ұзату тойы Әлиямен байланыстырылады. Қуаныш иелері халықтық дәстүрдегі құдалық өткізді, қыз жасауын жайнатып жасады. Бұлардың барлығы Жаңылған апаның мейір-шапағатындағы қыздардың қолымен тігіліп, кестеленген. Көкшетаудағы құдаларымен барыс-келіс үзілген емес. Сондай-ақ, Бақтияр да ержетіп, 21-ге келіп отыр. Олардың Жаңылған анасымен оңаша әңгімелері көбейіп бара жатқанын жақсы ырымға бастайды Сәкең. Бақыты ашылсын деген тілекке біз де қосыламыз.
Осы орайда, мына бір мәселені айта кетудің тағылымы бар екендігі даусыз. Тәртіп бойынша патронаттық тәрбие кәмелетке толмаған балғындарды қамтиды. Одан кейін тіркеуден шығарылып, қандай да бір әлеуметтік көмек атаулы тоқтатылады. Ал жылдар бойы жылы ұяға, әке-шешенің қамқорлығына бауыр басып қалған балаларды «өз күніңді өзің көрдің» ыңғайымен жырақтатып жіберу жүректерге жара салатыны жасырын емес. Әкімбаевтар отбасы мұндайдан алыс екен. Ересек ұлдары мен қыздары әлі күнге шаттық шаңырағынан алыстай қоймаған. Еңбекқор, ынтымақты, бауырмал орданың қызығы көбейе түскен. Университет, колледждегілердің киім-кешегі мен ас-суы Әкімбаевтар мойнында. Тіпті, колледждің 4-курсындағы Евгенияның 82 мың теңгелік оқу ақысын үзбей төлеп келеді. Бәрінен бұрын тағдыр толқынындағы жандардың өз ұясына, қадірлі әкесі мен анасына, қымбатты бауырларына асығып, қуана қауышуы айтып жеткізгісіз бақыт деп есептейміз. Думанды ортаның құт-берекесі сарқылмайтыны да сондықтан.
«Үлкеннен өнеге» демекші, мектеп жасындағы балалар аға-апаларының жақсы атын жарқыратуды парыз санайды. Аудандық білім бөлімінің бас маманы Татьяна Максимова Әкімбаевтар шаңырағындағы Витя Ахпяровтың, Петя Борисюктің, Саша Ковальчуктің, Алеша Курилиннің, Алексей, Толик, Гена Вездецкийдің қазақ сыныбында оқитынын, қалған алты баланың мектеп-гимназияның үздіктері екендігін айтады. Барлығы да мемлекеттік тілде еркін сөйлейді (әрқайсысының қазақша аты бар). Бұған қоса Гена (Ғабит) қазақ күресінен облыстық, республикалық жарыстардың жүлдегері, Руслан Баяндинов та білекті жігіт. Екеуі де спорт шеберлігіне кандидат. Ермегі алақұйын футболшы екен...
– Мұның барлығын көрініп қалу үшін істеп жүрген жоқпыз, – дейді Серік Әкімбаев. – Бұл – біздің адамгершілік парызымыз. Жақсылыққа жақын болу адамға қуат береді. Мүгедекпін деп отыратын жағдай жоқ менде қазір. Ақмола облысы бойынша мүгедектер қоғамының төрағасы, «Бұланды» корпоративті қорының президенті сияқты қоғамдық жұмыстарым бар. Осыған байланысты мемлекеттік қамқорлыққа да ризамыз, еңбегіміз ескерусіз емес. Алғаш аталып өткен «Отбасы күнінде» Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова қатысқан салтанатта болып, сый-сыяпат алдық. «Алтын жүрек» дипломының иегеріміз. Алматыдан «Халықтық батыр» жобасының жеңімпазы атанып келдік. Биыл облыстық «Мерейлі отбасы» Ұлттық байқауының ең жоғары тұғырына көтерілдік. Зайыбым Жаңылған Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІХ сессиясына делегат болып сайланды. Балалар жазғы демалыс лагерьлеріне бірінші кезекте жолдама алып жүр. Бұл біздің көп балалы, көп ұлтты отбасымыздың ортақ қуанышы.
Халқымызда «Баланың маңдайынан сипасаң, күн күліп тұрады», «Жетімнің алғысын алған екі дүниенің жақсылығына бөленеді» деген әдемі пайым бар. Мұның өзі өмірден туған ғақлия. Ертеңіміздің еңселі болуы да осындай асыл қасиеттерден өрбитіні хақ.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы,
Бұланды ауданы