Соңғы кезде қазақ қоғамын толқытып, үлкен әңгімелерге өзек болып отырған жайт – білім мен мектеп, ұрпақ пен оның тәрбиесінің мәселесі. Бұл мәселелерге қоғам неге алаңдайды? Себебі бәріміз де ұрпақ үшін өмір сүріп жатқан ата-аналармыз. Тіпті, ең басты құндылығымыз Тәуелсіздігіміз де, мемлекетіміз де алдымен осы ұрпақ үшін керек. Ендеше, ұрпағымыз ұлт мүддесіне лайықты болмаса, онда болашағымыз бұлдыр болуы мүмкін деген күмән қазір әр ата-ананың көмекейінде бүлкілдеп тұр. Әсіресе білім саласындағы үштілділік саясат барлық алаң сауалдың бастысы болып отыр.
Негізі ұрпағымыздың көп тіл білгеніне ешкім де қарсы емес. Мен де қарсы емеспін. Өзім де үш тілді меңгерген адаммын. Тіл білгеннің пайдасы болмаса, зиянын көрген емеспін. Бірақ бұл бағдарламаны мектеп есігін енді ашқан, бірінші сыныптың партасына жаңа жайғасқан баланың зерде-зейін, қабілетіне қарай енгізбесе, мұның салдары ауыр болуы әбден мүмкін.
Ал біз 1-сыныптан бастап ағылшын тілі мен орыс тілін енгізіп жібердік. Алдағы нәтижесінің қалай боларын ешкім де болжай алмайды. Әр баланың азамат болып қалыптасу жолындағы алғашқы іргетасы ұлттың өз тілімен байланысты өрілуі керек деп есептеймін. Баланың өз ана тілінде ойлау жүйесі қалыптасып, өз тілін жетік меңгергеннен кейін ғана шет тілін білуді міндеттесек, ертеңгі күні бояуы қанық туған тілінде сөйлеуге зияны тимес еді. Әрине ерте бастан тілдерді араластырып оқытуда ең алдымен зардап шегетін ана тілі болмақ. Оның салдарын күн сайын көзбен көріп жүрміз.
Мысалы, менің өз балаларым қазақ мектебінде оқыды. Орыс тілін көршінің балаларымен ойнап жүріп үйреніп алды. Себебі Алматыда ойын тілі – орыс тілі. Байқаймын, уақыт өткен сайын он жыл туған тілінде ғана сөйлеген балаларымның қазақшасы әлсіреп бара жатыр. Өйткені қатар-құрбыларымен, жұмыс барысындағы әріптестерімен орысша сөйлеседі. Бұл таза қазақ тілі үстемдік құрған, барша ұлттық құндылықтарды басты орынға қойған отбасындағы жағдай.
Үлкен қалаларда қазақ ұрпағының орыстануы әлі тоқтаған жоқ. Осы жайтты бақылай отырып, «бара-бара тілімізден айырылып қалмаймыз ба?» деген ой үрейді ұшырады. Осыны ойлаған зиялы қауымның жан дауысы шығады.
Әрине үміт жоқ емес. Биылғы жаңа оқу жылында бір немеремді Алматы қаласындағы №90 мектептің 1-сыныбына алып бардым. Бұл мектеп кеңес кезінен орыс тілді мектеп болатын. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өзге мектептердегідей бұған да бастауыш қазақ сыныптары енгізілді. Бүгінгі нәтижесі де жаман емес – алғашқы қоңырау салтанаты қазақ тілінде басталды, Әнұран қазақша әуелеп тұр, бірақ жиынның соңғы жағы орысшаға ұласты. Бірақ осы жағдайдың өзі менің жүрегіме үміт ұялатты. Неге? Егер орыс мектептерінің басшысы қазақ болатын болса, онда қазақ тілі аяқасты болмайды екен ғой деген ой келді. Сенім пайда болды. Міне, осы жаңалық Қазақстандағы барлық орыс мектептеріне енгізілуі керек, орыс мектебін де, аралас мектептерді де басқарып отырған директорлар екі тілде бірдей сайрап тұруы керек деп ойлаймын. Қазақстанда отырып қазақ тіліне салғырт қарайтын мектептер болса, оларға сөзсіз шара қолданылуы керек.
Ел газетінің мінберінен сөз алған мүмкіндігімді пайдалана отырып, Білім және ғылым министріне ұсыныс айтқым келеді. Мектептердің маңдайындағы «қазақ мектебі», «орыс мектебі» деген жазуға түбегейлі қарсымын. Мектепте ұлттың аты жазылмауы тиіс. Мемлекеттің қаржысымен жұмыс істеп тұрған Қазақстан мектептері тек қана «мемлекеттік мектеп» болуы керек. Сол себепті барлық мектептерде мемлекеттік тіл үстемдікпен оқытылуы тиіс деп санаймын. Нәтижесінде, ұлтына қарамастан, мемлекеттік тілде білім алып шыққан барлық бала мектеп бітіргеннен кейінгі өмірде мемлекеттік тілде сөйлеуден қиналмайтын болады.
Сөз жоқ, орыс тілі – біз үшін аса қажет тіл. Әзірге Қазақстандағы тілдік ортаны орыс тілі жасап отыр. Ұзақ жылдарға дейін осылай болатыны анық. Құдай іргеміздегі алып елмен көрші етіп жаратқан соң бұл тіл бізге қажет те. Қай мектепті бітіргеніне қарамастан, азаматтардың барлығы, әсіресе жастар қазақ тілі мен орыс тілінде еркін сөйлей алатындай жағдай қалыптастырылуы керек.
Аяңдап ағылшын тілінің жағдайына келейін. Өз басым тоғыз жыл Прагада жүрген кезімде үздіксіз ағылшын тілін оқыдым. Тоғыз жыл оқысам да ағылшын тілінде сайрай алмай-ақ кеттім. Неге? Қазақстанға келгеннен кейін тілдік орта болмаған соң оқығанымның бәрі зая кетті. Тілдік орта жоқ жерде тіл ешқашан өркендемейді. Он жыл бойы ағылшынша оқыса да ертеңгі күні қажеттілік болмаса, тілдік орта қалыптаспаса, ол бәрібір еркін меңгеріп кете алмайды. Бірақ оқығанның, білгеннің зияны жоқ. Заманның әлпетіне қарай түсінетіндей сауат қалай да керек.
Үштілділік бағдарламасы бойынша бірінші болып оқуды бастаған менің немерем секілді балалар қазақ тілін қойыртпақ етпесе екен деп тілеймін. Үш тілдің арасында шөре-шөре болып жүрсе, онда баланың қор болғаны ғой. Біздің Білім және ғылым министрлігінің бұл бастамасы әзірге тәжірибеге ұқсайды. Егер бұл жүйе нашар нәтиже беретін болса, саналы азаматтар табылып, бұл эксперименттен бас тартар деп сенемін. Үштілділік саясаттың қандай жеміс беретіні үш-төрт жылда белгілі болады. Біз өле-өлгенше қазақ тілі үшін күресеміз. Мәңгілік Ел болудың кепілі ұрпағымыздың ана тілін білуінде жатыр. Ана тілін ұмытқан халықтың мәңгілік болмай-ақ өз-өзінен жер бетінен өшіп, жоғалып жатқанын көз көріп отыр. Бүгінгі ұлттың ұраны – Мәңгілік Ел болу. Ұрпақ мәселесімен осыны ұмытпайтын министрлер айналысуы керек.
Смағұл ЕЛУБАЕВ,
жазушы