Алматы қалалық сотының төрағасы Тілектес Бәрпібаевпен әңгіме
– Тілектес Ешейұлы, Президент Н.Назарбаев Қазақстан халқына биылғы Жолдауында құқық қорғау жүйесінде жүргізіліп жатқан реформаға оң баға бере келе, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бітіспес күрес жүріп жатқаны жөнінде ерекше тоқталды. Соңғы үш жылдың ішінде еліміз әлемдік антикоррупциялық рейтингтегі көрсеткішін бірден 45 сатыға жақсартыпты. Ал Алматы қалалық сотында осы қылмысқа қарсы күрестің жағдайы қалай? – «Ауруды емдегеннен гөрі оның алдын алған әлдеқайда пайдалы» деген бар. Осы қанатты сөзді сәл өзгертіп айтсақ, сыбайлас жемқорлықты әшкерелеген дұрыс шығар, ал меніңше, оның алдын алу қажет. Ол үшін басшы қатал тәртіп пен талап қоя білу керек. Әр жіберген заң бұзушылық жауапсыз қалмауы тиіс. Сот саласы қызметкерлерінің адам тағдырын шешіп отырып, қателесуге құқы жоқ. Мені қатал дейді. Бірақ 10 жыл басшы болып, ешкімнің обалына қалғаным жоқ, біреуді «көзің қыли екен» деп қудалаған емеспін. Алматы қалалық сотының судьялары мен сот қызметкерлерінің арасында коррупциялық қылмысты болдырмау жұмыстарын жүйелі жүргізіп келеміз. Осы мақсатта 2010 жылы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын жүргізетін жұмыс тобын ұйымдастырдық, іс-шаралар жоспары жасалып, зерделеу сабақтары өткізілуде. Оның нәтижесін байқап та отырмыз. Соңғы үш жылда қала соттарының бірде-бір судьясы немесе маманы сыбайлас жемқорлық фактілері үшін жауапкершілікке тартылған жоқ. – 2009 жылдың қорытындысы бойынша сот төрелігі сапасының нашарлығына байланысты қалалық соттың жұмысы қатаң сыналғаны есімізде... – Бұл сын негізсіз емес еді. Шынымен де азаматтық істерді қарау барысында біраз кемшіліктер жібердік. Осыған байланысты жағдайды дұрыстау үшін бірқатар шараларды қолға алдық. Ең алдымен бұл жұмысты соттарды мамандандырудан бастадық. Мәселен, қаладағы Жетісу, Бостандық, Алмалы, Әуезов аудандық соттарын азаматтық, қылмыстық істерді қарайтын соттар деп бөлдік. Оларды солай деп бөлгенмен азаматтық істер қараған судьялар, қылмыстық соттарда немесе керісінше, қылмыстық істерді қарауға маманданған судьялар азаматтық істерді қарайтын соттарда қалып қойды. Бірақ соттарды мамандандыру ісі өзінің оң нәтижесін берді. Мысалы, қала соттарында 2007 жылы 18608 шешім шығып, оның 303-і бұзылса, 394-і өзгертілген, ал 2008 жылы шығарылған 23915 шешімнің 311-і бұзылып, 473-і өзгертілген, 2009 жылы 28046 шешімнің 365-і бұзылып, 563-і өзгертілген болса, 2010 жылы бұл көрсеткіш әлдеқайда жақсарып, 36179 шешімнің 244-і бұзылып, 499-ы өзгертілген. Мұның өзі бұзылған және өзгертілген шешімдердің жылдан-жылға кеміп отырғанының дәлелі. Судьялардың кәсіби біліктіліктерін анықтау мақсатында 2010 жылдан бастап, Жоғарғы Соттың бастамасымен сот мониторингі жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Сот төрелігін атқаруда төмен көрсеткіштерге ие судьяларға талапты қатайттық. 33 судьяға мониторинг жүргізіліп, оның ішінде екі судья жұмыста жіберген келеңсіздіктері үшін атқарып отырған қызметтерінен босатылды. 7 судья өздерінің мұндай жауапкершілігі зор қызметті атқара алмайтынын түсініп, өз еріктерімен жұмыстарынан кетті. Алматы қаласының сот корпусында жас судьялар өте көп. Олар өздерінің кәсіби тәжірибесінің аздығынан қателіктерге жиі жол беріп жатады. Біз бұл мәселеде де біраз жұмыстар атқарып жатырмыз. Атап айтсақ, Алматы қалалық сотында олардың қатысуларымен кәсіби білімін жетілдіру мақсатында зерделеу сабақтары өткізіліп, тәжірибелі судьялар қатарынан оларға тәлімгерлер тағайындалды. – Елбасы биылғы Жолдауында «Үлкен қауіп төндірмейтін қылмыстар бойынша қылмыстық заңдылықты ізгілендіру жүргізілді, бостандығынан айырумен байланысты болмайтын, сондай-ақ қамауға алуға балама жазаларды қолданудың аясы кеңейтілді» деген болатын. Осы мәселеге, яғни қылмыстық заңдылықты ізгілендіруге байланысты қандай жұмыстар атқардыңыздар? – Жақында қылмыстық жазаны ізгілендіру туралы тиісті заң қабылданды. Қазіргі кезде судьяларымыз ізгілендіру мәселесіне көбірек назар аударатын болды. Сондықтан Алматы қаласының соттарында бас бостандығынан айыру жазасына сотталғандардың саны біршама кеміді. 2010 жылы 128 адамға қатысты үкімдер өзгертілді, соның ішінде 115 адамға бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазалар тағайындалды. Олардың ішінде ауыр қылмыс жасағандарға да жазаның осы түрін қолданған істер болды. Бірақ, бұл қылмыстық істер бойынша зардаптың орнын толтыру, жәбірленушінің пікірі, сотталушының алғашқы соттылығы, жеке басы сол сияқты тағы басқа да ерекше мән-жайлар ескерілді. – Қарап отырсақ барлық соттардағы мәселелер ортақ, астарлас болып шығады. Жетістіктерін айта бастаса, ол да бір-біріне ұқсас, кемшіліктерін тізе бастаса, ол да бір-бірінен айнымайды. Ал, керісінше, проблемалар туралы айтатын болсақ, әртүрлілік байқалады. Алматы қалалық сотына тән негізгі проблема қандай? – Мен Алматы қалалық сотының төрағасы қызметіне 2007 жылдың желтоқсан айында тағайындалдым. Өзіме жүктелген міндеттерді атқару алдында қалалық және аудандық соттар жұмысының жағдайымен танысып, нәтижесінде алдыма үш мәселе қойдым. Біріншісі, сот істерін қарауды жеделдету. Екіншісі, сот істерінің әділ әрі заңды қаралауын қамтамасыз ету, ал үшіншісі, соттарды мамандандыруды аяқтау. Осы мәселелерді шешу мақсатында тиісті іс шаралар белгіленіп, олардың орындалуы қатаң бақылауға алынды. Соның нәтижесінде бүгінгі күні заңда бекітілген мерзімдері бұзылып қаралған істер жоқтың қасы. – Судьялардың үстінен шағымдар түсіп жататыны да жасырын емес. Бұл жөнінде қандай пікіріңіз бар? – Судьялық қызмет – абыройлы да жауапты қызмет. Ол адам тағдырын шешіп, азаматтардың бұзылған құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуге міндетті. Сот әдебі кодексінің талаптарына сай судья мәдениетті, қарапайым, сонымен бірге әділ болып, заң талаптарын қатаң сақтауы тиіс. Дегенмен, 2010 жылы судьялардың әрекетіне қатысты 334 шағым түскен. Аталған шағымдардың ішінен 36-сы негізді болып, бұл шағымдар бойынша кінәлі судьялардың жауапкершіліктері қарастырылды. Судьялардың үстінен шағымдардың түсуінің бір себебі олардың өздерінің жіберген кемшіліктері болса, оның екінші жағы да бар. Сотқа жүгінген екі тараптың дауына судья төрелік етеді, шешім шығарады. Сот шешімі дауласып отырған тараптардың әрқайсысының көңілдерінен шығуы мүмкін бола бермейді. Ұтылған жақ көбінесе шешім шығарған судьяны кінәлайды, процессуальдық тәртіппен келіспеген сот шешіміне наразылық білдірудің орнына, оның үстінен негізсіз шағым түсіреді, яғни бұл көпшілік халықтың әлі де болса қолданыстағы заңдардың талаптарын жете біле бермеулерінің дәлелі. – Президент биылғы Жолдауында: «Қазақстандықтардың өзіміз өмір сүріп, елімізді жақсылықтарға бастап бара жатқан туған жерге атауын берген мемлекеттік тіл – қазақ тілін құрметпен және лайықты оқып үйрене бастағандығын атап өтудің өзі қуанышты», деген болатын. Расын айтуымыз керек, мемлекеттік тілге деген көзқарас жылдан-жылға жақсарып келеді. Ал сіз басқарған ұжымда мемлекеттік тілдің ахуалы қандай? – Алматы қаласындағы судьялардың мемлекеттік тілде іс қарай алатыны саусақпен санарлық. Қалалық сотта тек 5-6 судья ғана мемлекеттік тілде жаза алады. Мен осыған намыстанам. 20 жылдан бері үйренетін уақыт жетті емес пе? Өздері білмесе олардың балалары, немерелері қайдан білмек. «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңды жүзеге асыру мақсатында Алматы қаласының соттарында мемлекеттік тілді іс жүргізуге енгізу және қазақ тілінде іс жүргізуді оңтайландыру жөніндегі жұмыс жоспары дайындалып, жұмыс тобы құрылды. Жоғарғы Сот төрағасының 2009 жылғы маусымдағы өкіміне сәйкес Алматы қаласының соттарында судьялар және сот қызметкерлері арасында мемлекеттік тілді білу бойынша байқаулар өткізіліп тұрады. Бұл байқаулардың жеңімпаздары республикалық деңгейдегі байқауларға қатысады. Сондай-ақ мемлекеттік тілді дамыту мәселелері бойынша дөңгелек үстелдер, семинарлар, конференциялар өткізіліп тұрады. Мемлекеттік тіл мәселесіне қатысты қандай да болсын шаралар бір күндік немесе аз ғана уақыттық шаралар болып қалмауы керек. Бұл – үздіксіз жүргізілетін үдеріс. Әңгімелескен Шарафаддин ӘМІР.
•
22 Ақпан, 2011
Сыннан қорытынды шығару керек
447 рет
көрсетілді