Кеше Мәжілісте өзін өзі басқаруды дамытуға арналған заң жобасы таныстырылды. Заң жобасы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп аталады.
Отырысты ашқан Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес заң жобасын талқылауға қоғамдық сарапшылар, парламенттік емес партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар және БАҚ өкілдері келіп отырғанын айтты. Соның ішінде талқылауға Бас прокуратураның, Ұлттық банктің, Парламентке енбеген «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы» (ЖСДП) мен «Бірлік», «Ауыл» партияларының, Азаматтық альянс, Қазақстандағы парламентаризмді жетілдіру қорының және т.б. қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Жергілікті жерлерден Қарағанды, Павлодар, Ақмола облыстық, Абай, Бұқар жырау, Нұра, Осакаров, Ақкөл, Шортанды аудандық мәслихаттарының депутаттары келді.
Таныстырылымды жүргізген Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов: «Заң жобасымен 4 кодекске (Бюджеттік, Азаматтық, Салық, Әкімшілік) және 4 заңға (Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару туралы, Жарнама туралы, Мемлекеттік мүлік туралы, Кәсiподақтар туралы) өзгерістер мен толықтырулар енгізілетінін айтты. Заң жобасына сәйкес жергілікті өзін өзі басқару органдары жергілікті маңызы бар мәселелерді тұрғындардың өздері шешуі үшін қаржылық және материалдық ресурстармен қамтамасыз ететін болады», – деді. Бұл өмір сүру деңгейін көтеруге және тұрғылықты жерде халықты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді екен. Сондай-ақ, ауылдарда, кенттерде, шағын қалаларда абаттандыру, көшелерді жарықтандыру, жергілікті жолдарды салу мен жөндеу, сумен қамтамасыз етуді ұйымдастыру, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, жақын жердегі мектепке дейін оқушыларды тегін жеткізу және басқа да мәселелерді жергілікті жер өзі шеше алатын көрінеді.
Талқылауға қатысқан Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев негізгі заңнамалық жаңалықтарды баяндап, сұрақтарға жауап берді. Заң жобасында жергілікті өзін өзі басқарудың дербес бюджеті мен ЖӨБ коммуналдық меншігін енгізу, ЖӨБ органдарының бюджеттік процесті және ЖӨБ коммуналдық меншігін басқарудағы өкілеттіктерін кеңейту кезіндегі туындайтын қоғамдық қатынастарды реттеу көзделеді.
ЖӨБ бюджетінің салық түсімдерінен және салықтық емес түсімдерден (айыппұлдар, коммуналдық меншік кірістері мен басқалары), коммуналдық меншікті сатудан түскен кірістерден, аудандық бюджеттің трансферттерінен тұратын кіріс көздерінен жинақталады. Ұлттық комиссияның ұсынымдарына сәйкес ЖӨБ бюджетін жергілікті қоғамдастық жиналысында талқылағаннан кейін аудандық мәслихат бекітетін болады, ал оны атқару ауыл әкімі аппаратына жүктелетін болады, деді министр.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»