Оңтүстік Қытай теңізіндегі жаттығу
Ресей мен Қытай «Теңіз әріптестігі – 2016» әскери-теңіз жаттығуын бастады. Оңтүстік Қытай теңізінде өтетін жаттығуда Қытайдың көрші елдермен дауы бар аумақтағы аралдар мен қайраңдарды «басып алу және бақылау орнату» жайы пысықталмақ.
Жаттығуға суасты қайықтары мен кемелер, ұшақтар, амфибиялар, әскери басқа да техникалар және теңіз әскерлері қатысады. Жаттығу екі ел арасындағы стратегиялық әріптестік пен достық байланысты нығайтуға бағытталған дейді Қытай билігі. Бейжің мен Мәскеу арасындағы бірлескен жаттығулар соңғы жылдары бұл аймақтағы АҚШ пен оның одақтастарының әрекетіне қатысты жиі өткізілетін болды. Қазіргі кезде Қытай Оңтүстік Қытай теңізі аумағына әскери инфрақұрылымы бар жасанды аралдар сала бастаған.
Апатқа қатысты жаңа деректер бар сияқты
Польша президенті ұшағының 2010 жылы Ресейдің Смоленск қаласының маңында апатқа ұшырауының себебін анықтау жөніндегі комиссия апат болған күні ресейлік диспетчерлердің не туралы сөйлескенін талдай келіп, олар ұшақ экипажын шатастырған деген пікірге келген.
Комиссия жетекшісі Вацлав Берчиньскийдің айтуынша, комиссия Смоленск әуежайының бақылау мұнарасында болған әңгімелердің аудиотаспасын тыңдаған кезде диспетчерлердің ұшақ экипажына әуежайдың ұшу-қону алаңының қай жерден басталатыны туралы ақпаратты қате бергенін анықтаған. Тергеушілер бұл жайт ұшақ апатына себеп болуы мүмкін деп санайды. Комиссия мүшелері 15 қыркүйекте баспасөз мәслихатын өткізіп, апат себебін тергеу ісі жайлы барлығын баяндап бермек. Смоленск түбіндегі ұшақ апатынан Польша президенті Лех Качиньскиймен бірге 95 адам қаза тапқан еді.
Үміткер денсаулығында не кінәрат бар?
АҚШ президентігіне Демократиялық партиядан кандидат Хиллари Клинтон өзін жақсы сезінетінін және жұмысқа жарамсыз адам ретінде отыра беру ұнамайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар, ол өзінің сауығып кетуіне тілектестік білдіргендердің барлығына алғыс айтты.
«Мен өзімді жақсы сезінемін және сауығып келемін. Жақын күнде сайлауалды бәсеке кезінде қайта кездесетін боламыз», – деді саясаткер. Өткен дүйсенбі күні Хилари Клинтонның сайлауалды штабы бір аптаның ішінде кандидаттың денсаулығына қатысты қосымша мәліметтерді жария етуге уәде берген еді. Сенбі, 11 қыркүйекте Х.Клинтон Нью-Йоркте 2001 жылғы террорлық актіден құрбан болғандарды еске алуға арналған қаралы шара кезінде өзін нашар сезінген болатын.
Қысқа қайырып айтқанда:
Түркияның Ван қаласындағы жарылыстан жараланған адамдардың саны елуге жақындады. Жарылғыш зат жасырылған көлік биліктегі Әділет және даму партиясының аймақтық кеңсесінің маңында жарылған. Кеңсеге жақын жерде полиция бөлімшесінің қызмет орны да бар екен.
Австрияда 2 қазанға тағайындалған президент сайлауы кейінге қалдырылды. Бұл жөнінде елдің ішкі істер министрі Вольфганг Соботка мәлімдеді. Сайлау мерзімін шегеруге пошта арқылы дауыс беруге арналған конверттердегі сапасыз желім себеп болған.
Сирияда әскери қақтығысты тоқтату туралы АҚШ пен Ресей дипломаттарының келісімі дүйсенбіде жергілікті уақыт бойынша сағат 19.00-де күшіне енді. Бітімге келудің басталуы Құрбан айт мейрамына байланысты.
Аргентина ғалымдары елдің солтүстігіндегі Эль-Чако провинциясынан салмағы 30 тоннадан асатын метеорит тапты. Астрономдар бұл аумақ төрт мың жыл бұрын метеорит «жаңбырына» ұшырағанын айтады.
Кэмерон парламенттен кететінін хабарлады
Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Дэвид Кэмерон өзінің Консервативтік партиядан Британия парламентінің қауымдар палатасы мүшелігіне сайланған қызметінен кететінін хабарлады.
Дэвид Кэмеронның сөзіне қарағанда, ол парламенттегі жұмысын өзіне артылған сенім және үлкен мәртебе деп санайды. Бірақ, бұл лауазымда отыра беру өзі үшін қиын және ол жаңа үкіметтің жұмысына кедергі жасағысы келмейді. Сондай-ақ, Кэмерон премьер-министр кезінде өзі қарсылық білдірген білім беру жүйесін реформалау жөніндегі үкіметтің жоспарына байланысты емес екенін де атап өтті. Оның парламенттен кету шешімін елдің қазіргі премьер-министрі Тереза Мэй де түсіністікпен қабылдаған. Д.Кэмерон осы жылдың 24 маусымында Ұлыбританияның Еуропалық одаққа мүшелік туралы референдум нәтижесі бойынша отставкаға кеткен еді.
Беларусь парламентіндегі оппозиционер
Жексенбі күні Белоруссияда парламент сайлауы өтті. Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, дауыс беруге сайлаушылардың 74,32 пайызы қатысқан.
Парламент сайлауына түскен 521 кандидаттың 176-сы оппозиция өкілдері екен. Дауыс беру барысын Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымынан 400-ден астам байқаушы қадағалаған. Кейбір ақпарат көздеріне қарағанда, Беларусь парламентіндегі 110 орынның кемінде біреуін оппозициялық партия – Біріккен азаматтық партия өкілі алған көрінеді. Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Лидия Ермошинаның хабардар етуінше, Біріккен азаматтық партияның мүшесі Анна Конопацкая Минск қаласындағы сайлау округтерінің бірінде жеңіске жеткен. Оппозиционер 2015 жылы Беларусь президенттігіне кандидат ретінде сайлауға түскен Татьяна Короткевичтің өзін артта қалдырыпты.
Ядролық қаруын сынауды жалғастырады
Оңтүстік Кореяның бұқаралық ақпарат құралдары бір шенеуніктің сөзіне сілтеме жасау арқылы Солтүстік Корея тағы бір ядролық қаруын сынақтан өткізуге дайын деп хабарлады.
Кореялық агенттіктердің таратқан ақпараттары бойынша, Пхеньян өздерінің Пунгине-ри аталатын полигонындағы бұрын қолданбаған жерасты туннельді сынаққа дайындау жұмыстарын толықтай аяқтаған. Солтүстік Корея 9 қыркүйекте бесінші рет ядролық қаруын сынақтан өткізген еді. Сол күні БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі Пхеньянға қосымша санкциялар салу жөнінде кеңескен болатын. Солтүстік Корея ядролық қаруын алғаш рет сынаған 2006 жылдан бері бұл елге бесінші мәрте санкция салынып отыр. АҚШ КХДР-ға санкция салуға дайын екенін мәлімдеді. Ал Пхеньян өзіне қарсы наразы пікірлерді елемейтінін білдіріп те үлгерді.
Интернет материалдары негізінде әзірленді