• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Қыркүйек, 2016

Сыр өңірі индустриялық аймаққа айнала ма?

693 рет
көрсетілді

Сыр тұнған Сыр елі жайлы соңғы жүзжылдықтарға қатысты әңгіме қозғай қалсақ, Кеңес өкіметі кезінде аграрлық секторға негізделген аймақтың алдымен ақ күріші айтылады. Облыс жерінің дені шөлейтті болғандықтан жергілікті тұрғындар атакәсіп мал шаруашылығын да жақсы дамытты. Дей тұрсақ та, бұл өңірдегі негізгі қос сала да мемлекеттің қолдауына мұқтаж болатын. Уақыт көші орнында тұрған ба? Егемендік алып, етек-жеңімізді жинаған шақта нарық заңы өз талаптарын қоя бастады. Өңір экономикасын өркендетудің енді шын мәніндегі қажеттілігі туды. Өткен ғасырдың соңын ала Тұран ойпатынан Құмкөл кешені ашылды. «Мұнайлы елдің мұңы жоқ» дегендей, қара алтын аймақтың әлеуетін арттырып, облысты еліміздегі мұнай өндіруші алдыңғы бестікке қосты. Алайда, әлемдегі алмағайып ахуал мұнай бағасының күрт төмендеуіне алып келіп, экономиканы алға апарудың өзге тетіктерін қарастыруға мәжбүрледі. Бүгінгі тәуелсіз елдің бағы да болар, кеңестік кезеңде Сыр бойындағы қарт Қаратаудың құтты қойнауы азды-көпті зерттелсе де, оны індетіп игеру қолға алына қойған жоқ еді. Осы күні мәлім болған деректерге сүйенсек, Сыр бойындағы қазба байлықта қисап жоқ деуге келеді. Экономиканы әртараптандыру индустриялық жобаларды іске қосу арқылы жүзеге асатыны белгілі ғой. Бұл бағытта Қызылорда облысында да кешенді шаралар қолға алынуда. Әңгіме өзегін осы жерден өрбітіп көрсек... Алдымен өткенге көз жіберіп ширек ғасыр ішінде атқарылған істерге аз-кем тоқталып кетер болсақ, өнеркәсіп өндірісінің үлесі бойынша жалпы ішкі өнім соңғы 25 жыл ішінде 3 пайыздан 48,9 пайызға өскен. Сонау тәуелсіздік алған 1991 жылы 2,1 миллион теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндірілген болса, өткен жылы оның көлемі 600,8 миллиард теңгеге жетті. Жас мемлекетіміздің түрлі қиындықтар мен дағдарыстарды бастан өткергенін қаперге алсақ, бұл көрсеткіштер өңірдің қарыштап дамығанын айғақтай алады. Негізгі капиталға салынған инвестиция он сегіз жыл бұрын 16,4 миллиард теңгені құраса, былтырғы жылы 237,0 миллиард теңгеге өсті немесе 14 есеге артты. Осы жылдарда облыс бойынша жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 1991 жылы – 2,7 мың теңгеден, 2015 жылы – 1 619,2 мың теңгеге дейін жетті. Біз бүгінгі таңда нақты атқарылып жатқан жұмыстардың жай-жапсарын облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереевке жолығып, жобаларды үйлестіруші басқарма жұмысы жайлы білген едік. – Алдымен индустрияландыру бағдарламасының бірінші бесжылдығы аясында атқарылған ауқымды істерге тоқталып өтейін, – деді ол. – Бірінші бес жылда облыс­та инвестиция көлемі 82 миллиард теңге құрайтын 17 жоба іске асырылып, 1 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Нәтижесінде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызы бар, халықтың әл-ауқатын жақсартуға айтарлықтай үлесін қосып, жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал жасаған облыс көлемінде бұрын-соңды болмаған жаңа өндіріс орындары мен жаңа өнім түрлері пайда болды. Атап айтқанда, 660 басқа арналған тауарлы-сүт фермасы, Қызылорда қаласы халқы мен кәсіпорындарын көгілдір отынмен қамтамасыз ететін мекемелер, облыстың электр қуатына тәуелділігін төмендетуге ықпал еткен электр энергиясын өндіретін кәсіпорындар, химия өнеркәсібін қалыптастырған – күкірт қышқылы мен химиялық реагент өндіретін зауыттар және басқа да нысандар бой көтерді. Индустрияландырудың бірінші бесжылдығы Мемлекет басшысының қатысуымен 2014 жылдың желтоқсан айында жалпыұлттық телекөпірде қорытындыланып, өз бағасын алды. Нәтижесінде кәсіпкерлік саласында өткізілген конкурстар бойынша біздің облыстың 2 кәсіпорны жеңімпаз атанды. Олар, «Қазақстанның үздік тауары» конкурсында «Үздік азық-түлік өнімдерін өндіретін кәсіпорын» номинациясы бойынша индус­трияландыру бағдарламасының қатысушысы – «РЗА» АҚ жеңімпаз атанса, бизнестің жауапкершілігін бағалайтын «Парыз» конкурсында «ҚазГерМұнай» БК» ЖШС гран-приді ұтып алды. Жалпы алғанда, индустрияландыру бағдарламасы өңдеу өнеркәсібінің облыс экономикасындағы үлесін арттыруға оң ықпал етті. Басқарма басшысының айтуынша, индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығы аясында облыста 2019 жылға дейін инвестиция көлемі 387 миллиард теңгені құрайтын 50 жобаны іске асыру күтіліп отыр. Бұл жобалар арқауында барлығы 5 мыңнан аса жұмыс орны ашылатын болады. Олардың ішінде бүгінгі күнге дейін құны 2,4 миллиард теңгені құрайтын 8 жоба іске қосылып, жаңа өнім түрлері – құрама-жем, метанмен автокөлікті жабдықтау стансасы, үй құрылысы комбинаты іске қосылды. Оның ішінде өткен жылдың желтоқсан айында Мемлекет басшы­сының қатысуымен өткен телекөпірде «РМЗ Шапағат» ЖШС Германияның «Weiller» компаниясының құрал-жабдығы пайдаланылған үй құры­лысы комбинатын іске қосты. Алдағы уақытта инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бағы­тындағы жұмыс – облыстың әлеу­меттік-экономикалық дамуы үшін ғана емес, жалпы республика үшін маңызды, экспорттық мүмкіндігі бар ірі жобаларды жүзеге асыруға бағытталған. Бір ғана құрылыс индустриясында шыны зауытымен қоса 2 цемент зауыты салынады. Нақты уақытта шыны зауытының құрылыс алаңына Еуропадан шыны балқыту пеші, отқа төзімді материалдар жеткізілді. Жыл соңына дейін 700-дей контейнермен құрал-жабдықтар келетін болады. Қазір 179 контейнер, яғни 26 пайызы алдырылып, құрылыс жұмыстарына 300-дей адам тартылған. Қаратау қойнауын игеру мақсатында металлургия саласында «Баласауысқандық» кенішінде ванадий және «Шалқия» кенішінде қорғасын-мырыш өндіру зауыттарын іске қосу жоспарда тұр. Кен орнындағы қор есебі бойынша «Шалқия» әлемдегі ең ірі кеніштер қатарына жатады. Зерттелген кен қоры 120 миллион тонна болса, оның ішінде 6,5 миллион тонна мырыш және 1,7 миллион тонна қорғасынның қоры бар. Биылғы жылдың мамыр айынан бастап кен байыту комбинатының құрылысы мен қуаты 80 МВт-тық газтурбиналы электр стансасының құрылыс жобасы жүзеге асырыла бастады. Жоспарға сәйкес, бірінші кезеңдегі кен байыту фабрикасы 2018 жылы іске қосылатын болады. Сырдың экономикасына сер­пін беретін келесі жоба – «Баласауыс­қан­дық» ванадий кенішін игеру жобасы. Есепті мерзімде өндірілген мета­ва­надат аммоний өнімін өткізуге ұзақ мерзімді келісімшарт жасау үшін АҚШ, Тайвань, Ресей елдеріне 20 тон­надан алғашқы тәжірибелік өнім жол­данды. Аймақта тұздың аса мол қоры бар. Демек, шикізат өзімізден. Соған орай химия саласында кальцийлендірген сода мен молибден тотығын шығару зауыты салынады. Бұған қоса, мұнай-газ саласында мұнай мен газ өңдеу зауыттары іске қосылатын болады. Таяу жылдары-ақ жүзеге асатын жобалар аясында жергілікті мыңдаған тұрғындар осы кәсіпорындардан нәпақаларын айырады. Рас, сырт көзге өңірден инвесторлар қызығарлықтай көзге ұрып тұрған ештеңе жоқ та сияқты. Дегенмен, алыс-жақын шетелдік инвесторлардың Сыр бойынан жиі табылуы аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың жұмысты жоғары деңгейде үйлестіре білуінде жатқанын жоққа шығара алмайсың. Биылғы жылдың сәуір айында Мемлекет басшысының Иранға ресми сапары аясында Қызылорда облысы әкімдігі экономикалық сипаттағы 6 келісім мен меморандумға қол қойып қайтты. Одан бөлек маусым айында Қытай Халық Республикасының Цзянси провинциясының вице-губернаторы бастаған құрамында 40-тан астам түрлі инвестициялық компаниялар мен бизнес өкілдері бар делегация облысқа арнайы шақыртылды. Нәтижесінде құны 450,5 миллион АҚШ долларын құрайтын өзара ынтымақтастық бағытындағы 13 меморандумға қол қойылды. Тамыз айында Вьетнам Социа­лис­тік Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Доан Тхи Суан Хйен ханым облыста іссапармен болды. Ол аймақтың инвестициялық мүм­кін­діктерімен және инвестиция қажет ететін жобаларымен танысып, бизнесмендермен кездесті. Нәти­жесінде Вьетнам елшілігіне инвес­тиция қажет ететін облыстың инвес­тициялық жобалары ұсынылды. Биыл­ғы жылдың қыркүйек айында Аста­на қаласында өтетін Қазақстан мен Вьет­нам елдері арасындағы бизнес-фо­румға облыстан арнайы делегация қатысатын болды. Бұған қоса, Түр­кия елшілігіне бірнеше жобалар ұсы­нылды. Қызығушылық танытыл­ған жобалар бойынша алдағы уақытта арнайы кездесу ұйымдас­тырылады. Өңірге инвестиция тарту бағы­тын­дағы жұмыстар бір сәтке толастаған емес. Өткен тамыз айының үшінші он­күндігінде Варшава қаласында Польша – Қазақстан елдерінің қарым-қаты­насы негізінде өткізілген форум ая­сында аталған елдің «Энерджи анд ме­таллурджикал продактс сполко» ком­паниясымен жобаны жүзеге асыру бойынша келісімшартқа қол қойды. Осы уақытқа дейін «Байқоңыр Инвест» форумы 7 мәрте өтіп, 100 мил­лиард теңгеден астам инвестиция тартуға қол жетті. Қорыта келе айтар болсақ, Сыр өңірінде индустриялық бағыттағы жұмыс­тар дәл бүгінгідей бұрын-соңды қар­қын алған емес. Оның бір ғана мы­салына ондаған жылдар бойы шешімін таппай келген шыны зауыты келесі жылы іске қосылатынын айтсақ та жеткілікті. Бастысы, Сыр өңірі дағдарыс кезеңінде дағдарып қалмай, индустриялық аймаққа айналу мақсатында батыл қадамдарға барып отыр. Ал бұл көңіл қуантады. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан» Қызылорда облысы