Достастық елдері ынтымақтастығының көкжиегін кеңейтеді
Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қырғыз Республикасына жұмыс сапарымен барып, Бішкекте өткен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері басшылары кеңесінің отырысына қатысты.
Бұл алқалы жиында, сондай-ақ, Армения Президенті Серж Саргсян, Әзербайжан Президенті Ильхам Алиев, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин болды. Ал Достастыққа мүше басқа мемлекеттердің басшылары келе алмағанымен арнайы өкілдері қатысып отырды.
Әрине, жиынға көпшілік Өзбекстаннан кім келер екен деп күткен. Өзбектер қазір желтоқсандағы президент сайлауына әзірленуде, сондықтан, президенттің қызметін уақытша атқарып отырған Ш.Мирзиеевтің орнына Сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов келді. Ал Украина отырысқа Бішкектегі елшісін жіберіпті. Сондай-ақ, Молдова мен Түрікменстан президенттері де қатысқан жоқ.
Өткен жылы ТМД басшылары біздің елде бас қосқан болатын. Биыл төрағалық тізгіні Қырғызстанда. Ал бұл жолғы саммит Достастықтың 25 жылдық мерейтойына орайлас келіп отыр. Иә, Тәуелсіздік тарихынан тамыр тартқан ТМД-ның сол 1991 жылы азаттықтың ақ таңын атырған алмағайып кезеңде қазығы қағылған еді. Бұл егемендіктің дәмін бірге татқан тағдырлас елдердің тұтастығын бұзбай, ынтымақтастығына ықпал еткен бірлестік болды.
Әрине, уақыт сырғып, бұрынғы кеңестік елдердің өрісі кеңейіп, даму даңғылдары әрқилы деңгейде даралана бастаған қазіргідей сәттерде Достастықтың соншалықты саяси, я болмаса экономикалық салмағы жоқ деген сыңайдағы пікірлер де айтылып қалып жүр. Бірақ бұған дұрыс-бұрыс деп баға беретін біз емес. Оны тек саяси сарапшылардың сарасына қалдырдық. Ал біздің айтпағымыз, қалай дегенмен, бақандай 25 жыл достық туының астында қаншама елдің басын біріктірген бұл құрылымның өзіне мүше әрбір мемлекет үшін өзіндік бергені, керек кезінде көмегі, қажетінде демеуі болғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Оған қазірдің өзінде елдердің экономикалық байланысын бекемдеп қана қоймай, қауіпсіздігіне де қолдау көрсетіп жүрген ұстанымы дәлел.
25 жылдық деп ерекшелей айтылғанымен, биылғы жиынның айтарлықтай артықшылығы болған жоқ. Тек ауа райының қолайсыздығынан ұшағы ұшпай, екі сағатқа кешігіп келген Ресей Президенті В.Путинді БАҚ өкілдері жаңалық етіп жарысып жазып жатты. Жиынның басталу уақыты онсыз да сәл кешірек, түстен кейінгі 4-ке жоспарланған еді, сөйтіп отырыс көршінің қолайсыз ауа райы салдарынан кешігуіне байланысты сағат тілі кешкі 6-дан асқанда ғана басталды. Қалыптасқан халықаралық хаттамаға сәйкес президенттерді «үй иесі» А.Атамбаев «Ала-Арча» резиденциясының алдында күтіп алып, қол алысып, суретке түсті.
Жиын алдымен шағын құрамда басталды. Қырғызстан Президенті отырысты ашып, басқосуға қатысқаны үшін делегация басшыларына алғыс айтты, сондай-ақ Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының мерейтойы – 25 жылдығымен құттықтады. Отырысты дайындап, өткізуге көмектескені үшін ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы Сергей Лебедевке ризашылық білдірді. «Қырғыз Республикасы Достастық елдерінің кеңесіне оның 25 жылдық мерейтойы қарсаңында төрағалық етіп, үлкен құрметке бөленді», деді Қырғызстан Президенті.
Оның айтуынша, Қырғызстан төрағалық еткен жылы Достастықтың жұмысын оңтайландыруды талқылау жұмыстарына белсене араласты, саяси ұйымды одан әрі дамытуға оң әсер ететін ұсыныстар жасады. Сонымен қатар, ол мерейтойлық отырыс достастық және сындарлы жағдайда өтетініне, тараптар барлық мәселеге қатысты ортақ шешімге келетініне сенім білдірді.
Отырыста сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Достастықтың құрылуының мерейтойы жылында өтіп отырғанын айтты. 1991 жылы қол қойылған Алматы декларациясы арқылы негізі қаланған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы бүгінде елдерімізді жақындастыра түсетін бірегей алаң болып қала береді. Біздің Достастық жұмысын жалғастырып және болашаққа деген жоспарларды іске асыра отырып, өзінің өміршеңдігін, тиімділігін және перспективалылығын дәлелдеді. Сондай-ақ, Достастықтың тәжірибесі ЕАЭО және ШЫҰ тәрізді интеграциялық ұйымдарға да септігін тигізді. Осылайша, Алматыда 1991 жылы 21 желтоқсанда ТМД-ның құрылуы зор тарихи мәнге ие болды. Менің бастамам бойынша бүгін біз ТМД-ның 25 жылдығы жөнінде мәлімдеме қабылдап отырмыз. Ол бағдарды айқындап, алдымызға жаңа міндеттер қояды, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен бірге, Мемлекет басшысы жақында өткен G-20 саммитінде әлемдік экономиканың орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін экономикалық саясатты үйлестіру туралы уағдаластыққа қол жеткізілгенін атап өтті. Саммитте дамудың ескірген моделін алмастыру және жаһандық индустриялық революциядан соң келген жаңа сандық экономикаға көшу мәселелері талқыланды. Бұл – энергияның жаңа түріне, валютаның жаңа санатына және қоғамдық қарым-қатынастың жаңа формаларына негізделген қоғамдық өндірістің жаңа тәсілін табу мен игере бастаудың нышаны. Жаңа проблемалар алдында ТМД аясында бізге де тығыз өзара іс-қимыл жасап, бірлескен жобаларды жандандыру қажет, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті Достастықтың қазір 2008 жылы қабылданған экономикалық даму стратегиясын іске асырудың үшінші кезеңіне көшкеніне назар аударды. Қазіргі уақытта әлемдік экономикадағы жағдай айтарлықтай өзгерді. Сондықтан Қазақстан Достастық елдерінің экономикалық дамуына серпін беруге арналған шаралар жиынтығын жандандыра түсуді ұсынды, деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті ТМД елдерін дамытудағы көлік-транзит әлеуетін тиімді пайдаланудың маңызды рөлін атады. Кей жағдайда ауқымды көлік-транзиттік жобаларды іске асыруда елдер арасында бір-бірін қайталау кездесіп қалады, өзара келісудің жетіспейтіндігі байқалады. Осыған байланысты, бұл саладағы саясатымызды үйлестіру қажет. Бұл жобаларымыздың тиімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен бірге, Елбасы өткен жолғы кездесуде ТМД-ны заманауи жағдайға бейімдеу қажеттігі жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізілгенін кеңеске қатысушылардың есіне салды. Тараптардың белсенді өзара іс-қимылы арқасында Достастықтың тиімділігін арттыратын нақты шаралар әзірленді. ТМД қызметін жетілдіріп, оның функциялық икемділігіне қол жеткізу үшін тұрақты түрде жұмыс жүргізіп отыру қажет, деді Қазақстан Президенті.
Соңында Мемлекет басшысы ТМД-ға 2017 жылы Ресей Федерациясының төрағалық етуі жөніндегі шешімді Қазақстанның құптайтынын жеткізді.
Шағын құрамдағы басқосуда негізінен төрт мәселе қаралды. Алдымен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері басшыларының ТМД-ның 25 жылдығына орай мәлімдемесі талқыланды. Мәлімдемеде ТМД қызметінің 25 жылдық қорытындысы шығарылып, Достастықтың бірегейлігі мен әмбебаптығы, халықаралық қарым-қатынастағы маңызды рөлі айтылды. Сонымен қатар, ТМД пішіміндегі ынтымақтастықты заманауи сын-қатерлерге қарсы бағыттау туралы ортақ шешім қабылданды. ТМД-ның заманауи жағдайларға бейімделуі бойынша ұйымдастырушылық және тәжірибелік шаралары қарастырылды.
Бұдан әрі отырыс кеңейтілген ауқымға ауысты. Оны қатысушылар алдымен жақында дүниеден озған әріптестері – Өзбекстан Президенті Ислам Каримовты бір минут үнсіздікпен еске алудан бастады. Содан соң жиынға төрағалық етуші Қырғызстан Президенті сөз сөйлеп, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен ТМД саммиті атынан Өзбекстанға көңіл айту нотасы жолданғанын айтты. Сонымен қатар, А.Атамбаев шағын құрамдағы талқылаудың нәтижесінде келесі жылғы төрағалық Ресей Федерациясына өткенін мәлімдеді.
Өз кезегінде Ресей Президенті Владимир Путин көрсетілген сенімге алғысын білдірді.
Отырыста, сондай-ақ, гуманитарлық салада өзара байланысты кеңейту аясында бірқатар шешімдер қаралды. Мәселен, 2017 жылды – Отбасы жылы, 2018 жылды – Мәдениет жылы етіп белгілеу туралы шешім қабылданды. Ал Әзербайжанның Гянджа көне қаласына ТМД-ның мәдени астанасы мәртебесі берілді. Экономикалық ынтымақтастықты тереңдету және кеңейту мақсатында бірқатар құжаттар қабылданды. Сондай-ақ, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінде 2020 жылы халық санағын өткізу туралы мәселе талқыланды. Бұл Достастық елдеріне өзара халық саны туралы ақпарат алмасуға, демографиялық, этностық, экономикалық және әлеуметтік қоғам құрылымы мен мемлекет пен өңірдегі жағдай туралы мәліметтермен бөлісуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, саммитте ТМД елдері арасындағы өңіраралық ынтымақтастық конвенциясы, ТМД елдері басшыларының Нюрнберг процесі аяқталуының 70 жылдығына байланысты мәлімдемесі қаралды. Оған қоса, жаңа сын-қатерлер мен тәуекелдерге қарсы тұру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша бірқатар құжаттар қабылданды. Жиынтығы он алты құжатқа қол қойылды.
Осылайша Достастық елдері басшыларының саммиті табысты аяқталды деп қорытынды жасауға толық негіз бар.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан» –
Бішкектен (Қырғызстан)
Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды