(Жазушы-публицист Жомарт Әбдіхалықтың
жарияланбаған хаттарынан)
Халық тіршілігіне қыртыс-қыртыс өзгерістер әкелетін бірбеткей оқиғалар тарих әлемінде ғасыр аралатып келетіні аян, дегенмен бүгінгі үрдіс даму – техникалық прогресс заманында әлеуметтік-әдеттік жаңғырулар бұрынғысынан жеделдей түсті. * * * Сен артық-кем бірдеңелер емексігенмен, құнға тұратындай терең тамыр менде бар ма екен өзі?! Методология жөнінен біршама әзірлік бар, бұл нақты творчествоға үлкен демесін. Мен әуел баста әдебиеттануға арналған еңбектерді оқи жүріп, Адам проблемасының мәнділігіне, оның көп тармақты екеніне көзім жеті. Сонсоң ғылыми таным теориясына мойынұсындым, бұл кездейсоқ құбылыс емес деп ойлаймын. Енді олар бір-бірімен тоғысып жүйеленген сайын, қоғамдық өмір, практикалық тіршілік көңіл аудартып, соны саралап ұғу мән ала бастады. Мұнда әлеуметтік философияның бастауы, негізі барын ұқтым. * * * Өткен үшін зілденіп, зарланып жатпау керек, мәселе – ертеңгі болашаққа қызмет ететін бүгінгі баға, бүгінгі таным жөнінде. Марксизмнің туын көтеріп, ғылым докторының (садағасы кеткір) пижамасын жамылып отырып, жалдаптық мінез көрсеткенге лағнет айтқың келеді. Сенің үмітсізденетінің де осындай тұстар шығар. * * * Мен: ұрпақ көзі ояу, дәуірмен өрелес таным деңгейіне іліктік дегенде, біздің халық ретіндегі ой-санамыздың, мәдениетіміздің даму деңгейін, тенденциясын айтқанмын. Бұл тенденция әлі де таным, ғылым, диалектикалық ойлау құралдарымен кемелдене, қорлана, қуаттана түсуі керек. * * * Әр халықтың өзіндік ұлттық сана-сезімін құрметтей отырып, оны белгілі тарихи-объективтік шеңберінен асырып не төмендетіп (кемітіп, кемсітіп) алмау керек. * * * Менің байқауымша, сен халықтың томаға-тұйық дамуын әсте қаламайсың (ол абсолютті түрде мүмкін емес жағдай), сол сияқты сен ұлттың (бүкіл болмысының) таза бірыңғай өркендеуін де күйттемеуің керек. * * * Әр халықтың тарихи қалыптасқан халықтық (дара) қасиеттері қайда? Қалай? Тұрмыс кешіп, нендей тіршілікпен айналысуына байланысты болғанын білесің, сөйте тұра бүгінгі заманның тіршілік аңысына үйлеспейтін (немесе нақты мүмкіндіктен тыс үйлестіруге тырысатын) талаптар қойып, қынжылуыңда қандай логика бар? – Мен бұл пікірді саған әдейі асыра (батыра) айтып отырмын. * * * Егер бүгіннен бір осалдық тапсаң, біздің ұрпаққа Абайдың ақ тебіренісі жетпейтін шығар! Шоқанның шарқ ұруынан да кенделігіміз бар, бірақ марғаусың деп жазғыра алмассың тегі. Ұшқары ойлап, ұрт мінез көрсетудің заманы емес қазір, таразыны теңестірген миллионның бір бөлігіндей әділдікті ғылым тілі, ғұмыр тілі ұқ, әрекетке айналдыр деп отырған заман... Бұйығылық, омыраумен аламыз деп жылт етіп, жылмаң қағып жүргендер – бұрынғы мимырттықтың жалғасы. * * * Қала – деген қала, көңілі қанша кемел болса да қала жұрты – қалтылдақ; мұнда, әсіресе, халқымыздың қазан түсіруге жомарт пейіліне көп нұқсан келтірер себептер бар. Сол қитыққан шаруа және жылдан- жылға елдің естілігінен айырып, есеңгіретіп барады. Бұл не ғаламат!.. * * * Тақырып жөніндегі менің саған айтқаным – айтқан; хикаялардың жазылуы табиғи баспалдақ екенін кезінде ескерткенмін. Енді бір бүгінгі-кейінгі бағдардың аңысын аңдатып халықтық тіршілікке ой жүгірту керек. «Қарт пен канал» – сондай нышанды шығарма. Дегенмен оның да емеурін сездіре алмай тұрған жерлері мол. Меніңше, қартты жұртта отырған жалғыз үй ретінде алмай, ауыл-орамды қалыптан шығарып, салмақтандырса, яғни өзі сияқты бірнеше қарттың сөзін сөйлеуші етсе... * * * Сен кейисің, асықтырасың – мен Гегельді түсіну үшін, оның алдында Гегельді түсіндіргендерді түсіну үшін қанша уақыт жіберді десеңші!.. * * * Халықтық болмысқа ортақтасу қай кезеңде де жеке адамдар үшін оңай шаруа болмаған. Біздің заманымызда бұл жағдай тіпті күрделі сипатқа ауысты. Адамдар кіндік қазығынан алшақтап барады. Керек десең, олар тіпті бір-біріне бұрынғыдан жақындаса түскеннің орнына, суысып бара жатқанға ұқсайды. Шарттылық, шектелу басым. Үндестік, үйлесім, қылаусыз жарасым табу қиындап барады... * * * Ал халықтық болмыстың ертеңгі-бүгінгі қалпына сын көзімен қарап, құндыны сұрыптау үшін, ойлау стихиясын жетілдіру керек. Жаппай еңбекші, дене жұмысының технологиясын осы заман дәрежесінде жетік меңгерген, механикалық ойлау қабілетін меңгерген адамдарымыз – ол да бір жеткен баспалдақ. * * * Адамдар арасындағы үндестік, гармония – ұлы мұрат. Бәлкім, бүкіл адамзат тарихының күрес жолынан, тіршілік тағдырынан жіктеліп қорытылған ең маңдайалды шындық осы болар. Енді оның елдер, халықтар, қала берді, жеке адамдар арасындағы уақытпен өрелес даму қалпын, жеткен өнерін өзің бағамдай бер. * * * Шындыққа көз жетпей, беттен қалқып бірдеңе білгендерің бойынша ғылым әлемінде, сіздің көркемсөз өнеріңізде де шынтуайт сөздің шашбауын сипау ұяттың ұяты емес пе!.. Екеуміздің ауызекі пікір жобасында, хат арқылы тілдесуімізде артық-кем кеткендеріміз ол – лабораториядағы жағдай сияқты, ал халыққа айтар сөзде кемшілік, тексеріссіз пікір жіберіп алу кешірімсіз жай. * * * Менің қазымырлап, көпке ұзатып жүрген еңбегім – дүниеге неғұрлым ауқымды көзқарас қалыптастырудың жайы. Бұл әр деңгейде ойлау қабілетіне қатысты құбылыс. Адамдардың бәрі ойлайды, бірақ олардың көбі қалай, қай дәрежеде ойлап отырғанына назар салмайды. Әрине, ол көп жағдайда, атүсті тіршілікті қанағат еткендерге қажет те емес. * * * Ал біз адамдар ерте ме, кеш пе, күнкешпелік қамытынан құтылады, деп үміттіміз ғой. Дұрыс ойлау, ақиқатқа үйлес дүниетанымның көкесі сол мұратқа жеткенге дейін аса қажет. Ал философияны «пәлсапа» деп «кәләкайттап» жүрген біздің қауым (үшін) әлі бірқатар мәнге бой ұру керек, бойлап сүңгу керек. * * * Мен осы салада өз жұртымызға қозғау болар бір еңбектің ұшы-қиырын жағалап жүрмін. Көз жеткен жайды бір емес, бірнеше төңкерістіріп, бір тоқайға келіп те қалған жайым бар. Оны жазып шықтым ба, дүние жарық: философияң да тәк тұрады, эстетикаңның да жалында ойнауға тиіспін. Оның өзгеге де ұлағаты сондай болмақ... Сен мені көзеп жүрсің. Көзелген сайын «кері тартып» барамын. Не керемет, мендегі мораль сондай!.. * * * Жалпы қазақ әдеби интеллигенциясының соры қалың, көресісі әлі алда екен! Опасыз шимайбеттер осылай садақтасып жүргенде, өнегелі өсер жұрт көп нәрсені бізден бұрын да тиянақты қармап кетеді ғой!.. * * * Мынау – көптен күйі келмей, ақыры жазылып біткен «Ақыл таразысына» сын. Өзің оқып алған соң, хабарлас. «Жұлдызға» берсек, ана жылға кетіп қалады-ау; қысқарған соң – мән шықпай ма деп ойлаймын. Абзалы, сендер басатындай болсаңдар, кейбір біліктілерге қаратуларың да мүмкін ғой, ал менің ойым: Зейнолланың (Серікқалиев) өзіне құлақтандыра (қажет десе, оқыта) сал. * * * «Ойлау туралы ойлау» кітабымды жаңа жылға дейін қолжазбалап бітірсем деп құлшынудамын. Мынау, бүгінгі қолыңа тиіп отырған, сондағы ой-тұжырымдардың жолшыбай сілемі ғана. * * * Дарын екі сипатты құбылыс, түп негізінде (гендік құрылымында) бір түзулік бола тұрып, қолайлы жағдайлар әлетінде қара таныта қалыптасатын қабілет-қасиет те – бірі; екіншісі – саналы бағыттау, күштеп-еңбекпен жетілген дарын құрылымы. * * * Өнер мүддесі – жекелердің тақиясының гүлі емес, оның табиғаты түп жаратылысында одан әлдеқайда биік дүние. Бұ жолы біз мүдірдік; бәлкім аңдаусыз, аңғырттық жасадық, тіпті туралай айтса, компромистік халге ұрындық. Кім үшін, не үшін деген сұрақтар жауабын күтіп тұр. Тегі осынымыз сүйекке таңба болып жүрмесін!.. * * * Менің сенен өзге сөзді ұғар, түс жарысар достарым аз болмауға тиіс еді, бірақ олардың біреуі жоқ қасымда. Сірә, солар мен күткен үміттегідей енді өмір бақи да жаннан табылмайтын шығар. «Бірге тумақ бар, бірге жүрмек жоқ, бірге өлмек жоқ» деген сөзге де қонақ беремін. Мәселе: алыс-жақын тұруда емес, жан-жүрегіңнің алыс-жақын тұтуында ғой. Жақында тұрдың не, жүрегің жылы тартпаған соң!.. Адамды адамға жақындатқызбайтын өмір неге керек?! * * * Кейде мені өте бір жаман сезім билейді – сенің өзің алыс, жат кісісің маған. Қанша біріктіргім келгенмен, мендік дүниелер Сенің жадыңа ілікпесе екен деп қалаймын. Бәлкім, осы күнге дейін іліктірмеуге де тырысып жүрмін. Бұдан саған келіп-кетер ештеңе жоқ; мендік халді Сен білгеннен өзгеріп кетер де ештеңе жоқ. Сөйтсе де, сенің сәл-пәл бірдеңені сезгенің артық. * * * «... Күмбездеріңді» бүгін түс әлетінде толық бітірдім. Үзіп оқыдым, әлдебір топшылау-тұжырым пікірлерді салыстыруға да мұрша болмады, бірақ өз түсінік-түйгендерім қанша оқысам, сонша сенің еңбегіңе (болмысыңа) бағытталып, ойлаумен, «осынысы қалай?» деумен жүрмін. Дүниеде ешқандай кітап әлдебір сырт талапқа тура сәйкестікпен жазылмайды. Кітаптың тәңірі – авторы, бірақ бұл әрбір қалам ұстағанның қалауы жоқ құдайдың құдіретіндей нысаптан тыс болсын дегендік емес. * * * Бұл күндері Сен туралы ойланған ой аз емес. Мен сезетін, білетін тіршілік халің тегіс дерлік көз алдымнан өтті. Маған сенің қазіргі кім болғаныңнан ертеңгі кім болатындығың аз күдік, аз арман, аз қиял болмағанын және айтқым келеді. Иә, сен – Ақселеу, қазір кімсің? Ертең кім болмақсың? Және кімдер үшін кімсің? Кім болмақсың? * * * Маған бір қызық ой келеді: Өмір тек сұрақтан тұрғанда ғана мәнді сияқты... Сұрақтың шешуін дәйектеу, әрине, ұлы жеңіс! * * * Мен «Адам бағы» деген еңбекке (жазуға) кірістім. Бұл – қатерлі шаруа. Кітап жазбаған адам да адам; ал денсаулық болып, бұл істі тындырмай өтсем, мені бұл топтан іздемеңдер. Шарт осы. Мен бұл еңбекті жазып шықпасам, өмір деп іздегенім зая, «Елім!» деп еміренгенім түкке тұрғысыз, жандағым да еш орынға жүрмейді деп есептеймін. Серт осы. * * * Адам жолы кеңістікте нақты, уақыт тұрғысынан шектеулі болып басталады. Ал адамзат өкілі ретінде ол бәріне даяр, бірақ үлгермеген, көрмеген, өткермеген. Сондықтан оның жарық-сәулеге ұмтылған алақаны жаюлы, күллі терезесі ашық. Мұндай халдің өзіне ол ұзақ (тым ұзақ) жыл жүріп, тарихи дәуірлерден өтіп жеткен. * * * Енді композиция осылай құрылғанда, кітаптың жанры, жазылу стилі, концепциялық бағдары қандай болмақ. Ғылым – анық, философиялық деңгейде қозғалатыны – анық, публицистикалық арын болатыны – күмәнсіз. Сонда жанры ғылыми-публицистикалық толғау болатын сияқты. * * * Адамдар, ерте ме, кеш пе, мейлі қандай күй кешсін, объективті әлеммен, елімен (демек, жерімен), өзара бір-бірімен тағдырлас екенін сезініп (ол аз), түсініп (бұл да аз), әрекетке, мақсатты (әрине, кең ауқымдағы) әрекетке көшуі керек. Бұл еңбек осындай ақиқатты әркімге жеткізе алса, сонысымен оларға септігін тигізсе, менің бір мақсатым «Адам бағы» арқылы орындалды деп білемін. * * * Пенде-тіршілік, бөкен-ғұмыр алданыш іздейді аз күнге, – онысын табады да!.. Бір сұмдықтың сорабы, тәркі дүниенің дауасыздығы осында жатыр. Біреу – таққа, біреу бапқа риза. Ал енді біреу басындағы барына місе тұтпай, – беймаза. Соның бәрінен тойымы, шегі, толасы жоқ өмір құралып тұр. * * * Кешір, мына бір тұста туған халқың ғана емес, оның шөжебас әлдеқандай ұрпақтары ғана емес, исі адамзат әулетінің не күн кешіп келе жатқандығы толқытып кетті. Сасық борсықтың сасқанындай есеңгіреген әлем: оның тарихын айттың не, үмітін айттың не?! Тілеуі мен тілегі, іздегені мен ұмтылысы табыса алмай жатқан әлем... Бұл – кең шеңбердегі сәйкессіздік, бәлкім, өте ұзақ, шексіздіктің өзіндей сәйкессіздік. Жақыннан да, алыстан да қанағат таппаған біз енді не боламыз? * * * Рухани әлемнің булығуы мен тепсінісінде, дүниеауи тіршіліктің әлдебір мәнсіздігіне күрсіністе шек жоқ. Әлбетте мен өзімдегі осалдықты, кемшін-кемістікті ашықтау айтсам, сенің маған деген үміт-ықылас ниетіңнің сағын сындырып алам ба деп сескенем. Бірақ қалмаған көңіл, суымаған сезім бар ма?.. * * * Енді Гумилевке келейік. Бұл кісің жалпақ дүниеге көсіліп салатынның өзі екен – халықтар тіршілігін қалай-қалай болжайды батырың! Өз еңбектерімен белгі-бедер қалдырған ғалым атаулы алдымен қарайтын әлеміне белгілі бір жүйе жасап алады. Система болмайынша тұтас құрылым мән құрап, бейне түзеп шықпайды. Мәселе сонда, сол системадан (методологиялық схемадан) біртұтас концепция түзіледі. Методология екі ыңғайда қолданылады: бірі – жалпы ғылыми таным процесінде, екіншісі – жекелеген сала бойынша арнайы шеңберді сақтай отырып қолданылады (мұның бәрі саған таныс). * * * Келесі жай: Жүсіп Баласағұнидің мәдени, рухани әлемдегі орны, сол арқылы біздің жұртымыздың өзіндік ой-өріс дәрежесінің орны, оның бергі-арғы сабақтастығының жай-жапсары мәселе болып тұр. Түркілік мәдениетке байланысты жапсарлас материалдар аз ба деп ойлаймын. * * * ...Жүрегім қысып ауырады. Жалпы денсаулығымда кінәрат бар ма деп шошынам. Өлімнен қорықпайсың ғой, өмірдің кәрі өтіп бара жатса қайтерсің. Іс те бітпейді, ісік те жарылмайды – бітеу жара бір өмір. Шіркін, ғұмыр-ай!.. * * * Анамыз көз жұмғалы міне, бүгін аттай 50 күн! Өзегім суырылып, егілмей еңіреген күндер марқұмның бүкіл ғазиз дидарын жадыма қайта бір сіңіріп кетті... Мен, Әлтай, Алдоңғар, Алдаберген есімді үш ұлы бас-аяғы бір жұманың ішінде қайтыс болып, тұлыпқа мөңірегендей сәттерінен кейін дүниеге келсем керек. Ол кездегі ел-жұрт қандай бауырмал, маған деген ықылас-тілеуде, айтуларынша, шек болмаған. Атымтай Жомарттай болсын деп ат қойған, тағы-тағы көптеген ырым-жырым, әлпештеулер болған. Әйтеуір оттың алды, судың тұнығын көріп ержеттік; әке мен шешенің қолынан келгенінен кенделік көрдім деп айта алмаспын, сірә. * * * Адам әрекетке құлшыну үшін ең азы бір адамның сеніміне ие болудың өзі жетіп жатыр, – мұның үшін мың алғыс саған!.. Адам өзін бақыттымын деп сезінуі үшін онша көп нәрсе (жер-жаһанның жақұты) қажет емес, жан-жұқанасын бөлісер жұптасы болса, жетеді де. Құдайға шүкір, ол – сенсің! * * * Ойдың қайшылықтарды анық ажырата алатын дәрежеге жетуі – әрекетшіл, яғни диалектикалық ойлаудың түпкілікті нәтижесі. Ойлауымыз көбіне осы биікке жете алмайды. Сонан соң шешім-әрекет те шалағай... Қайшылықтардың біртұтас бітімін жікке бөліп ажырата әрі бірлік қалпында тану – нағыз дұрыс ойлаудың нысанасы. Дұрыс ойлау әрекетке ұласпаған жерде азап басталады. * * * Бүкіл таным процесінде бұл биікке көтерілген адам өмір шындығымен тура беттесуге көшіп, әуелі жан азабының дозағын, содан соң, мүмкін, күрес, жеңіс...салтанатының рахатын көре бастамақ. Бірақ ойлы адамның ғұмыры – мәңгілік күрес, сондықтан оның мазасыздығы мен рахатында шек жоқ, тойым-толас болуы мүмкін емес!.. * * * ...Сен ойлы (творчестволық) топты үш қосынға бөлесің, ал тұтас халықтың рухани деңгейі қанша қосыннан тұрады? Сұраныс – солардың реалді жағдайынан тамыр алады ғой. Рас, олардың көпшілігі қажеттілік тұрғысынан жақтай алады, және ұсынысқа қарсыласа алмауға тиіс. Бірақ халыққа ұсынып жатқандарымыздың мәні?.. (Міне, қайшылықтың бірлігі). * * * Мен мынадай байламға тірелдім: біз халқымыздың болмысы мен рухани тағдырының диалектикасын ашуға күшіміз (ой-өрісіміздің қарымы) жеткенімен, ісімізге айналдырып рахат кеше алмаймыз. Жуыр маңда да, тіпті, ілгері болашақта да, бұл шындық ашық айтылатынына еш дәлелім жоқ, негізім аз. Мүлдем аз. * * * Хат жазбағалы қанша уақыт: біз көп нәрсені жоғалттық, білем. Менің тіршілігімде Сен есіме түспейтін күн жоқ. Өзіңе тікелей жазбасам да, сөйлеспесем де – сенімен бірегей күн кешкендей, ғұмыр өткергендей сезінемін. Қасыма бір жаны жақын адам кезіксе, саған соқпай, тіршілігімнің бір пұшпағы сенімен жанаспай, әңгіме өрбімейді... * * * Жуырда менің коммунистік есебім тыңдалып, мінездемем бекітілді. Кінәнің үлкені – менің мардымды еңбек жазып, лайықты іс тындырмағаным болып шықты. Жамыраған жаппай үміт!.. Уақыт зулап өтіп барады. Сенім ақталмай, қылбұрау мойында тұр. Ел де, Жер де, Сен де – бәріңнің алдыңда әлі өтелмеген менің қарызым кетіп барады!.. * * * Біз, қазақтар, өз халімізді ең алдымен өзіміз ойлауға әлі күнге дейін беті ашылған халық емеспіз. Шамасы, қабат-қабат құрсау мен мұрындық-ноқтаның табы мен даты әбден сіңсе керек. Бүгінгі қайта құру мүмкіндігі болар-болмас леп бергеннің өзінде, құлаш ұруға құлшыныс там-тұмдап қана сезіледі. Дегенмен аз-кем ауызға алар іс, бетбұрыс басталғанына шүкірлік етуге де болар еді, бірақ академиялық қатпарлар әзірге қолға алынбаған соң және саяси практикадағы ашықтық алаяқтық астармен астасып тұрған соң, Сенім мен Үміттің қарасы қалт-құлт етеді. * * * Бүгінгі қазақ публицистикасы ел-жұртқа ілесе, әйтеуір жан-жағына қарайлай отыра біршама жоба танытып келеді. Публицистикалық ой қозғалса-ақ философиялық танымға сұраныс басталады, бірақ қазақ философиясы әлі ұйқыда! Осы жерден өрісіміз бір тарылып тұрған жоқ па!.. * * * Біздің төл философиямыз өз тағдырымызды өз қотырындай қаситын күн қашар туар екен?.. Әдебиет, эстетика, мораль, этика – бәрі жалпы қазанға түсіп кеткен, бірақ мынау қазақ тіршілігінің заңдылығы деп айыратын біреуі жоқ. Мұндай жағдайда қандай сұрыпталу, қандай сабақтастық, шыңдалу болмақ? Философиясы жоқ халық – өзі туралы ойланбаған, ойламайтын халық. Қазақты осылай десек, Бұқарды, Шортанбай, Дулатты... қайда қоямыз?!. Әрірек үңілсек те, беріректен іздесек те көз тоқтатып, жобаға жатқызатын ойшылдық үлгісі табылатындай. Мифтік сана, предфилософия, тәжірибеге негізделген таным... диалектика – бәрінің нышаны тұнып тұр. * * * Егер біздің халқымыздан туған ұл өз тағдырымызды аналитикалық ақыл таразысына салып, философиялық категориялар деңгейінде сараптайтын болса, тоқтамды теориялық тұжырымдарға дейін ой қорытындысына жеткізсе, бүгін осындай болар ма едік, болмас па едік?!. Саясат дегенін қыла береді..., бірақ ғылым, философия, өнер арқылы оның ырқын меңдеп, тіпті түп ақырда жеңімпаз атанып шығуымызға болады екен ғой. Ахаңдар, Шәкәрімдер... тағы-тағы арда тұлғаларымыз соның айғағы. Әттең!.. Әттең!.. * * * Сен аса үлкен талабыңды, тілеуіңді шақтап, шектеп қарауға дағдылан – менің бір аңдағаным әлеумет тағдырындағы реализм осында – әйтпесе бұл өмір итің (оның ішінде халқыңның халінен бастап есіктегі ала күшігіңе дейін) максимум идеялардың бір де біреуін көтермейді, – оған ұлы утопияларды шындыққа айналдырам деген әрекеттердің бәрі куә, бәрі дәлел. * * * Мына қара, саған қысқа жазамын деп отырып, ұзатып барамын. Хат жазбағалы едәуір болды – сусап жүргенім-ау!.. Ызаланғанда, ашу қысқанда,... саған бірдеңелер айтып, мауық басқым келеді... Әзірлеген Қайсар ӘЛІМ.