• RUB:
    5.63
  • USD:
    477.15
  • EUR:
    522.43
Басты сайтқа өту
23 Ақпан, 2011

Ақынның таудағы табиғи мүсіні

2020 рет
көрсетілді

Халық – таразы. Ойлы көңіл, сергек көзбен қарай алсаң, халық ешқашан қателеспейді, қате баспайды. Кімнің кім екенін тап басып, жазбай таниды. Әбден саралап алмай тұрып, өзінің көкейіне түйгенін бірден жар салмайтыны және бар. Қолдан құдірет жасап жүргендерге тарих деген алып өткелді естен шығарма дейді. Ша­мына тие берсең, найзағайдай жарқ етіп, құтыңды қашырады. Ендеше, халық – қасиетті. Халық бағасын білген адамның өмірі ұзақ, рухы жылдармен жаңарып, ғасырлар көшінен қалмай, толқын-толқын ұрпақпен қауышып, мәңгі жас болып жүре береді. Сол халық жер басып жүргенде жан дүниесін түсініп, жырын құлшына оқыған, өмірден озғаннан кейін төбесіне көтеріп, мәңгілігіне санаған бірегейдің бірі – жыр ақиығы Мұқағали Мақатаев. Ақын да халқын бақытына балап, киесіне санап: «Ең бірінші бақытым – халқым менің, Соған берем ойымның алтын кенін. Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын, Қымбаттырақ алтын­нан нарқым менің», – деді. Халқын қадірлеген азаматтың абыройы қашан да биік болады. Кешегі кеңес заманы билік құрып тұрған тұста жұртына арқа сүйеген­дер бүгін ұлтының ұлысына айналып жатыр. Өткен жылы айтулы мерекесі аталып өткен Бауыржан Момышұлы өмірден озғанда қазақ­тың қайталанбас қаламгері Тахауи Ахтанов хас батырды ноқталы заманда ноқтаға басы сый­май кеткен арысымыз деп еді. Дәл сондай ноқ­таға басы сыймай кеткендердің бірі осы Мұқа­ғали ақын. Ол: «Туған халқым! Қатемді кешір менің. Сенің арқаң – сескенбей, есіргенім. Егер де жырың болмай, ұрың болсам, Алақанға саласың несін мені... Туған халқым! Қатемді кешіре гөр. Кешіре гөр!» – деп халқынан басқа ешкімнен кешірім сұрамаған ғой. Басын да имеген. Ұлы халық пен ұлы ақын осылай бірін- бірі түсінген. «Дос көп менде, қашан да досым – халқым... Қарғамаса болғаны халқым мені... Бәрін де бір өзіңе аманаттап, Кеудемде тыныш ұйықтап жатсын жаным», – дейді тағы бірде жыр сұңқары, өлең тұлпары. Халқының ұлы болған ақынды жұртының көңіл көзі ашық, жан терезесін тұмшалап алма­ған, өзімшілдіктен ада, ақыл-парасаты мол, бойынан ойы биіктер, жоғарыда айтқанымыздай, ерте таныды, бағалады. «Жасқануды білмеуші ем жалтақтауды...», «Қа­сие­тін сезем деп Ана тілдің, Қауырсыны қалмады қанатымның... Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев, Өлтіре алмас, алайда өлеңді ешкім», – деген өршіл мінезін халқы түсінді. Зияны жоқ ұлт зиялылары да оны ерте танып, рухының мықты екенін, ой байламының терең екенін бағалады. Осыған бір дәлел келтірер бол­­сақ, 1972 жылы Мұқағалидің «Дариға жүрек» атты өлеңдер жинағы шыққан еді. Ақын әркез өзін түсінген студенттердің ор­тасынан табыла­тын. Бір күні қазақ тілінен Ақанай Дәулетова деген апайымыз дәріс оқып тұрған. Дәрісханаға бір құшақ кітабын көтеріп Мұқаң кіріп келді. «Болашақ журналист бауыр­ларым!» деп бәрімізге бір-бір кітаптан үлестірді. Келесі дәріс қазақтың айтулы ұлдарының бірі Зейнолла Қабдоловтікі еді. Мұқағали ақынның келгенін, «Дариға жүректі» таратып бергенін жарыса айтып жа­тырмыз. Сол кезде зерек те зерделі, сөздің нәрін, адамның қасиетін көш жерден білетін ұстазымыз: «Пай-пай, Мұқағали дейсіңдер ме? О, ол арыстан ғой. Шынжырын үзіп шығып кеткен екен ғой!» – деп ақын жинағын қолына алып, кейбір от шашқан шу­мақ­тарды оқып, «Мынау жауһар ғой!» – деген үні күні бүгінге дейін құлақтың түбінен кете қойған жоқ. «Алатау – Алтай – Атырау» деген поэмасында бүкіл қазақтың байтақ даласын қалай жырға қосқаны жұртқа мәлім. Сол даланың ұланы «Мен – таулықпын» деген ақын Хан Тәңірінен бастап, Алатаудың әр шыңын, мөлдір бұлақ, тұнық көлдерін жырға қосқан еді. Әр таңды «Көзінің де, көңілінің де нұрын алған талайдың, Алатауға тамашалап таңмен бірге қараймын, Уа, ассалау­ма­ғалейкум, аппақ басты арайлым», деп ол әр таңды қарсы алса, кешке қарай: «Шаруа-ата секілденіп өміріңді сарп қып, Үлкен үйдің оша­ғын­дай дүниені қарық қып, Аман-есен жатыр­мысың, айналайын жарықтық? Жат осылай тапжылмас­тан, осыныңды хош алам, Баурайыңда бауыр да аман, тең-тұс, аға, дос аман. Жат осылай тапжылмастан, уа, тәкаппар босағам!» – деп тәу еткен ақынның қай жыры да Табиғат-Ананың бүкіл бітім-болмысын беріп отырады. Мұқағалидың сондай жан дүниесіндегі таза­лықты Табиғат-Ана да түсініп, оның мәңгілік бейнесін бір тылсым күшпен Алатаудың сілеміндегі бір төбені жақпар тасқа айналдырып атқан таң, батқан күн, жауған жаңбыр, қарлы боран, соққан жел – бәрі-бәрі табиғи мүсінін сомдапты. Бұл мүсін Алматы облысы, бұрынғы Шелек ауданының аумағындағы Бақай мен Сар таудың ұштасып жатқан жерінен табылып отыр. Жара­тылыстың құдіреттілігі сол, атақты Шарын шат­қалындағыдай тау сілемдері мен қыр белестердің мүжілген түрінен түрлі бейнелер бұл жерден де көптеп кездесіп жатады. Соның ақын кейпіне келетінін 2-3 жыл бұрын саятшы Мұхамед Исабеков көріп, біразға дейін осы ұлы ақынның түр- тұлғасына ұқсап тұр, кімге айтсам екен, кіммен ақылдассам екен деп ойла­нып жүреді. Ақыры жыр жампозының 80 жыл­дығында табиғат өзі қашаған мүсінді қатар­лас­тарына көрсетеді. Біреулер иә дейді, екіншілер қайдам деп күдік келтіреді. Не де болса, белін бекем буған саятшы жігіт мәрмәр тасқа: «Қазақ халқының ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың табиғи мүсіні» деп, оның астына «Қарасаз» атты өлеңінің «Сенің ғажап табиғатыңды кімге айтамын, Кім құмартса өзі көрсін көзімен...» деген екі жолын ойдырып жаздырады. Бұдан кейін ақын Бақыт Бе­делханұлына хабарласып, Мұқаға­лидің ұлы Жұлдызды әкеліп көрсетсек деген тілегін жеткізіпті. Тілек орындалып, 50 шақты адам табиғат жасаған Мұқағалидің мүсініне ба­рады. Сол жерде ақынның ұлы әкесінің қырынан қарап тұрғандағы кейпі көз алдына келіп, құдіреттің мына тылсымына таңданыс білдіріпті. Табиғи мүсін табылған бұл жер атақты Барто­ғай су қоймасынан батысқа қарай жүргенде Асы жайлауына апаратын халық Құрсай деп атап кеткен күре жол еді. Бартоғайдан шыққан соң шағыл құм жақпар-жақпар тас болып, одан қысаңға барған кезде бір жол Бетбастауға, екінші жол Сар­тауға бас­тай­ды. Міне, осы екі жолдың қиылысын­да тұр ақынның табиғат сомдаған мүсіні. Жер атының Құрсай аталуына себеп, ел жайлауға көшкенде ертелі кешкі салқында өтіп кетпесең, айдаған малың ілгері баспай, иіріліп кенезең кеуіп, ерінің кеберсіп жа­та­сың да қоясың. Табиғаты осындай жерден мы­нан­дай алып ақынның мүсінінің шығуы таң­дан­дырмай қой­майды. Жергілікті жұрт табиғи мүсін табылған осы жерді «Мұқағали сайы» деп атап кетіпті. Дегенмен, біздің осы атауымызды тиісті орын­дар заңдастырса деген ниеттерін де білдіріп отыр. Сөйтіп, «Тигендей төбем тұнық, бұлтты көкке, Көрінеді көлденең бел сонау шетте. Солдаттай сапқа тұрған қарағайлар, Мелшиіп қара тастар жатыр текке... Отырмын басымда – бұлт, астымда – тас» деп өзі жырлағандай, ақынның адам қолымен емес, табиғаттың тылсым күшімен сомдаған алып бейнесі Алатаудың бір сілеміне көрік беріп тұр. Халқымен мәңгілікке тіл табы­сып, Табиғат-Ананы жырлап өткен Мұқағалидің өзі де тегін болмаса керек. Оған оның өлеңдерін­дегі қолмен қойғандай, көзбен көргендей етіп айтатын тұстары дәлел бола алады. «Ақын жайлы айтады қызықты аңыз» деп аңыз емес, тау тұлғалы ақынның тылсым күш сомдаған таудағы мүсіні «Мен сені сүйем, Жаныммен сүйем, Жарық Күн» деп өзі айтпақшы, шығысқа қарап тұрған шырайлы тұлғасы Алланың сыйы десек, артық айтқандық болмас. Сүлеймен МӘМЕТ.