Елді мекендерді бір-бірімен байланыстырып, қыж-қыж қайнаған тынымсыз тіршілікке өшпес нәр беріп жатқан күре жолдардың қадір-қасиетін оның бейнетін тартып жүрген ауылдықтардан артық ешкім біле қоймас. Әсіресе, жауынды-шашынды, боранды күндері қатынау үлкен азаппен тең. Оның үстіне жолдың сапасы адам төзгісіз болса, шоқырақ аттың үстінде келе жатқандай жайсыз күй кешері анық.
Қызылжар өңірінде күрмеуі келіспеген осынау өзекті проблеманы шешу үшін бұрын-соңды бөлінбеген қаражат бағытталып, озық технологиялар қолданыла бастады. Біз облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бейбіт ИСМАНОВҚА жолығып, «қалдық» қағидатымен атүсті ғана көңіл бөлініп келген әлеуметтік маңызы зор мәселеге ерекше басымдық берілуі жайын сұрастырған едік.
– Көлік инфрақұрылымы ел өмірінде шешуші буын атқаратыны, орнықты орын алатыны ешқандай талас тудырмайды. Елбасы өз Жолдауларында саланың индустриялық экономика мен қоғамымыздың тамырына қан жүгіртетін жүйе екенін, сапалы заманауи магистральдарсыз дамыған ел болмайтынын талай рет атап көрсетті. «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында жол-көлік инфрақұрылымын қалыптастырудың стратегиялық жолдары белгіленді. Уақыт өткен сайын көлік пен байланыстың өңірлік және жаһандық шаруашылық байланыстар жүйесіндегі рөлі өсіп келеді.
Петропавл – республикалық жолдардың тоғысында орналасқандықтан, экспорттың негізгі ағыны саналатын шекаралас аймақтарды бір-бірімен байланыстыруда маңызы өте зор. Облыстың көлік жүйесінде 16 мыңнан астам адам еңбек ететінін, жылына жүздеген мың жолаушы мен жүк тасымалданатынын, 200-ден астам қоғамдық автобус бағыты жұмыс істейтінін, елді мекендердің 96 пайызы тасымалмен тұрақты қамтылғанын ескерсек, сапалы қызмет көрсету қашанда басты міндет болып қала береді.
– Десек те тұрғындар жолдардың сапасыздығына жиі шағымданып, билік орындарына өкпе артып жатады. Осы пікірлермен келісесіз бе?
– «Халық айтса, қалт айтпайды» деген. Тек мына жайтты есте ұстаған абзал. Өңірдегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 9 мыңдай шақырым болса, 1500-і – республикалық, 2500-і – облыстық, 5 мыңдайы аудандық маңызға ие. Оның ішінде 4489 шақырымы асфальтты, 2600-і – қиыршық тасты, 1884-і көтерме жолдар саналады. Осылардың 40 пайызы күрделі, 29 пайызы орташа жөндеуді қажет етеді. Басым бөлігі өткен ғасырдың 50-60-жылдары салынғанын, бұған ширек ғасырдан бері жөндеу жүргізілмегендігін қоссақ, жағдайдың күрделі екенін аңғару қиын емес. Оның үстіне 8 тоннадан аспайтын салмаққа есептелгенін ескермей болмайды. Қазір ауыр көліктердің қарқынды қозғалысы әлденеше есе артқан. Осыған қарап-ақ жол шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі екенін байқауға болады. Өркениетті елдердің барыс-келіс пен алыс-берісте жол қатынасына айрықша назар аударатыны сондықтан. Тақтайдай теп-тегіс жолдар барар жеріңе тез жеткізіп, ешқандай әуре-сарсаңға салмайды. Қазақстанның көліктік инфрақұрылымын 2020 жылға дейінгі дамыту бағдарламасында халықаралық талаптарға ыңғайлай отырып көлік жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін, транзиттік әлеуетін арттыру, сервистік қызмет көрсетуді жақсарту, жаңа жұмыс орындарын ашу ұстанымдары алға тартылған. Ең бастысы, жол сапасына айрықша көңіл бөлінген. Осы мемлекеттік жоба аясында облыста көлік тасымалы шаруашылығын жаңғырту бойынша дәйекті жұмыстар атқарылып келеді.
– Ойыңызды нақты мысалдармен дәйектей түссеңіз...
– Толғағы жеткен түйінді мәселе аумақтық дамыту бағдарламасына арқау етіліп, облыстық, аудандық маңызы бар жолдарды қалпына келтіруге айрықша басымдық берілді. Нәтижесінде бұрын-соңды бөлінбеген қаржы қарастырылып, былтырдың өзінде ғана 5 миллиард 140 миллион теңге игерілді. Бұл қаржыға автокөлік жолдарының 260 шақырымы жөнделді. Тайынша – Чкалов бағытындағы автожолға, Айыртау мен М.Жұмабаев аудандарындағы жол өтпелеріне, Аққайың ауданындағы су өткізу құбырларына жұмсалды. Келлеровка – Тайынша – Чкалов бағыттары 85 мың тұрғыны бар Тайынша, Ақжар және Уәлиханов аудандарын байланыстыратыны ескеріліп, ерекше серпін берілді. Кішкенекөл – Телжан – Мортық – Тілеусай, Новоникольск – Андреевка, Борки – Ташкентка, Саумалкөл – Новоишимка автожолдары қамтылды.
Басқармаға жүктелген талаптар ішінде облыстық маңыздағы жолдарды салу, жөндеу, тиімді пайдалану, талапқа сай күтіп-ұстау, жалпыға ортақ автомобиль жолдарының желісін басқару, тұрақты тасымалдауды ұйымдастыру мәселелері кіреді. Осыған орай кешенді іс-шаралар жоспарын одан әрі жалғастыруға биыл 5 миллиард 813 миллион теңге бөлініп, 360 шақырым жол қалпына келтірілді.
– Жаңа технологияны қолдануға көшкен екенсіздер. Қаншалықты тиімді?
– Салқындатылған ресайклирендіру, топырақты тұрақтандыру секілді инновациялық әдістер Еуропа елдерінде жүйелі қолданылады. Оның жол сапасын жақсарту, қауіпсіздігіне кепілдік беру, қызмет мерзімін ұзарту, баға мен энергия шығынын азайтудағы артықшылықтары көп. Былтыр бұл әдіспен 40 шақырым жол жөнделсе, биыл 60 шақырым қамтылды. Тайынша – Чкалов автожолына, Айыртау, М.Жұмабаев, Шал ақын, Аққайың аудандарына қарасты бірнеше бағыт бойынша жолдың үстіңгі жабындысына қолданылды. Сонымен қатар жалпы сомасы 1 миллиард 481 миллион теңгені құрайтын орташа жөндеулер жүргізілді. Озық технологияның тиімділігі мол. Мәселен, бір шақырым асфальт-бетон жабындылы жолға күрделі жөндеу шығыны 130 миллион теңгені құраса, енді шығын 2 есеге дейін қысқарды. Ескі асфальтты қайтадан пайдалану арқылы оның құрамын жаңа материалдармен толықтыру қаражатты үнемдеуге мүмкіндік берді. Бір сөзбен айтқанда, жаңа әдіспен төселетін тас жолдар беріктігімен ерекшеленеді.
Былтыр Петропавл халықаралық әуежайының ұшып-қону жолағын жөндеуге 4 миллиард, биыл жолаушылар терминалына 1,8 миллиард теңге қарастырылды. Тайынша ауданы, Новоишимка, Саумалкөл кенттерінде автобекеттер, қызмет көрсететін пункттер, қалаларда такси тұрақтары салынады. Оңтүстік-Орал теміржол бөлімшесінің вокзалына күрделі жөндеу жүргізілуде.
«Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес «Щучье – Көкшетау – Петропавл – Ресей шекарасы» транзиттік дәлізінің жалпы ұзындығы 132 шақырым болатын «Астана – Петропавл» автомобиль жолын жаңғырту қарқынды жүргізілуде. Биыл оның құрылысы толығымен аяқталады. Осылайша Ресейге қарай көлік дәлізін құру жүзеге асырылады.
Көктемгі тасқынның салдарынан 149 жол учаскесін қарғын су шайып кеткен болатын. Әсіресе, Донецк, Рощинск, Покровка – Корнеевка тасжолдары үлкен зардап шекті. Оларды қалпына келтіру үшін бюджеттен қаржы бөлінді. Облыс орталығының көшелерін жөндеуге 1,5 миллиард теңге жұмсалады.
– Қылышын сүйретіп қыс келеді. Тұрғындар өткен жылғыдай тағы да жол мехнатын тартып жүрмей ме?
– Иә, қыстың көзі қырауда елді мекендер арасындағы қарым-қатынастың біршама қиындап кететіні жасырын емес. Теріскейдің үскірік аязында, долы боранында жолдарды тазалау, кедергісіз жүріп-тұруды қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі. Осы жай күні бұрын ойластырылып, автожолдарды күтіп ұстау үшін «Петропавл жолдары» ЖШС-мен келісімшарт жасалды. Сөйтіп қыс мезгілінде төтенше жағдайларды болдырмаудың барлық ықтимал шаралары қарастырылды.
«Жол қадірін жүрген біледі» дегендей, діттеген жерге шаршамай-шалдықпай жадыраған көңілмен жету – әр адамның мұраты. Олай болса, қалыптасқан күрделі жағдайларды тиянақты шешудің барлық мүмкіндіктерін қарастыру басты міндет болып қала береді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Өмір ЕСҚАЛИ
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы