• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
24 Қыркүйек, 2016

Жетісу жүлдегерін күтіп алды

340 рет
көрсетілді

Рио-де-Жанейрода өткен Паралимпиялық ойындар да тарихтың қойнауына кетіп бара жатыр. Сол дүбірлі додада Қазақстан құрамасы өзінің тарихында тұңғыш рет медаль алды. Олардың бірі алтын жүлде болса, екіншісі күміспен күптелген марапат еді. Кеше команда қоржынына күміс медаль сыйлаған пауэрлефтингші Раушан Қойшыбаева туған жеріне оралды. Оны Талдықорған қаласында жерлестері құшақ жая қарсы алды. Шынында да біздің екі жүл­дегеріміз ерледі. Мұхиттың арғы жағына елімізден аттанған 11 спорт­шының қай-қайсысы да құр­метке лайықты еді. Сондықтан 100 метр қашықтықта брасс әдісімен жүзуде алдына жан сал­маған Зүлфия Ғабидулина мен  пауэр­лефтинг­тен 113 килоны еркін ең­сер­­­­ген Раушан Қойшыбаева бас­­­та­ған спорт­шыларға алдымен елор­­­да­ның төрінде құрмет көрсе­тілді. Астананың ақжарылғап қоше­меті Жетісу жерінде жалғасын тапты. Жұрт әуежайға қарай ағыл­ды. Сайын даланың жүлдегер қызы Раушан Қойшыбаеваны күтіп алуға елмен ілесіп, біз де жеттік. Жалынды сөздер жазылған транспаранттар ұстаған үлкен-кішілі спорт жанкүйерлері тағат­сыз­дана күміс жүлдегерді күтуде. Айт­пақшы, Риодағы бәсекеге Жетісу жерінен екі спортшы аттан­ған-ды. Оның екіншісі жетінші орын алған Гүлбану Әбдіхалықова болатын. Көңілі шат көпшілік  кенет әуелетіп ән шырқады. Ұлттық киім киген қыздарымыз шашуын дайындап, елеңдеп тұр. Көп ұзамай жүргізу­ші Рио Паралим­пиадасының күміс жүл­дегері Раушан Қойшы­баева­ның келе жатқанын хабарлады. Жанкүйерлердің қолдауы әуе­жай ішін жаңғыртып, Көк туды жел­біретті. Сол сәтте кеудесін қуаныш кернеп, мойнына таққан күміс медалін жарқыратып, атлет орта­мызға келді. Атаның салты­­мен қайсар қызға гүл шоқ­тарын ұсынып, ортамызға алдық. Қаумалаған жанкүйерде есеп жоқ. Солардың ішінде жол­дасы мен үш қызы елдің жүре­гін тол­­қытып, жүлдегерді құт­тық­­тады. «Мамалап» мойнына асыл­­ған кішкентай қызды көр­генде, жиылған жұрттың көзі­нен қуаныш­тың тамшысы ыршып шықты. Әрине, мыңдаған мық­ты­ның ішінен үздік шығу оңай шаруа емес. Міне, анасының ерлігі Қазақ­стан­ның спорт тарихында алтын әріппен жазылса, кішкентай бүлдіршіннің жүрегінде осы сәт мәңгілік сақталатыны анық. Сал­танатты шараның шымыл­ды­ғын Денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Тұратбек Шарапиев ашты. Ол жиналған жұртқа алғыс сезімін ақтарып, Риода күміс медаль сый­лаған Раушанға жүрекжар­ды тілегін арнады. Олимпиадада өнер көрсету бір бөлек болса, оған жолдама ұту бір басқа. Біз­дің Раушан Риоға ел үмітін арқа­лап аттанған еді. Бағы мен бабы қатар шапқан ол енді ортамызға күміс медальмен келіп отыр. «Рау­шан­ның талай жылғы еңбегі, маң­дай терінің өтеуі Қазақ­станның абыройын асырды», –  деп сөзін түйіндеді ол. Мұнан кейін Ұйғыр ауданының әкімі Әлімжан Тохтахунов сөз алып, Іленің арғы бетіндегі елдің сағынышты сәлемін жеткізді. Ол өз сөзінде спортшылардың осындай жетістікке жетуіне қолдау көр­сетіп отырған Елбасы, облыс әкімі және облыстық спорт бас­қармасы екенін тілге тиек етіп, барлығына алғысын білдірді. Ол сөзін: «Раушан әлем чемпионатынан жүлдемен оралғанда, ауданда осындай құрмет көрсеткенбіз, Риоға бара жатқанында ақ жол тілеп, тайлы-таяғымыз қалмай шығарып салып едік. Сол кезде қайсар қыз «мен жүлдесіз оралмаймын» деген еді. Уәдесінде тұрып, елімізге күміс медаль сыйлап отыр. Үлкен алғыс айтамын», – деп сөзін аяқтады. Соңынан көп алдына қаһарман қыздың өзі шықты. Жүрегі тол­қып тұрған Раушан жанкүйерлер­дің мұндай қолдауына өзінің риза­шылығын танытты. Ол әлі талай додадан осылай абыройм­ен ора­латынын ашып айтты. Содан соң: «Риоға аттанар алдында Елбасыға мен медальсіз қайт­пай­­мын деп уәде еткен едім. Сол уәдем­де тұрдым. Оған жетуіме мына сіздер, спорттың басында жүр­ген барлық басшылар және отбасым көмектесті. Осындай жеңі­сіміз көп болсын, спортпен шұғыл­даныңыздар, елдің намысын жоғары ұстайық», – деп сөзін тиянақтады. Жиналған жұрт Риода жетін­ші орыннан көрінген Гүлбану Әбді­халықоваға да осындай ыстық ықылас көрсетті. Салтанатты шараның соңы естелік суретке түсумен аяқталып, көліктер қайсар қыздарды алып, қалаға қарай бет түзеді.  Ришад ТҰРҒАНБАЕВ, журналист  ТАЛДЫҚОРҒАН