Алматыдағы Республика сарайында жылдың ең айтулы премьерасы режиссер Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» фильмінің тұсаукесер көрсетілімі өтті. Кеңестік кезеңдегі ұжымдастыру, сауат ашу кезеңінен бастап, ашаршылық, үркіншілік, соғыс, сталиндік нәубет секілді қазақ ұлтының басына түскен қиындықтарды тізбелеп, тұтас бір дәуірдің сұлбасын кино тілімен көрсеткен режиссердің ауқымды еңбегі бағалауға тұрарлық. Фильмнің басты кейіпкері Ілиястің өмірге келген күнінен бастап тарқатылатын оқиғалар тізбегінің қай-қайсысы да қазаққа жақын әрі түсінікті.
Режиссер кейіпкердің басына түскен сынақтардан өтуіне көмектесетін ана махаббатының күшін оқиға қазығы етіп ала отырып, кейіпкердің өр рухының биіктігін, отанға деген сүйіспеншілігін, адам сенгісіз жанкештілігін көрсетуді мақсат еткен.
Қызылдар құрған өкіметтің өктемдігіне мойынсұна алмаған Ералы бай шекара аспақ болып бекініп келгенінде, арқасүйер ағайыны ізінен ілеспек түгілі, өзіне қарсы тұрады. Адуынды бай ашу шақырып, қолшоқпарлары қару кезеніп, қым-қуыт қақтығыс кезінде қаңғыған оқтан Ілиястің әкесі құрбан болады. Үрерге иті қалмаған ауылда аштықтың құрбаны болар деп қорыққан Ералы інісінің жалғыз тұяғын анасынан айырып, күшпен бөктеріп өзімен бірге алып кетеді. Одан әрі Түркия асып, кеме арқылы Украинаға жетіп, кеңес елінде өмірі қайта жалғасқанымен, бір қиындықтан екіншісіне тап болып, еріксіз еркіндігінен айырылған Ілияс анасымен ұзақ жылдарға табыса алмайды. Ілияс – бір ғасырдағы зұлматтың бәрін басынан кешіп, жанкештілікпен аман қалған адамдардың жиынтық бейнесі. Талай рет өліммен бетпе-бет келсе де, өзінің ең жақын жаны – анасымен қайта қауышатынына сенімін жоғалтпайды. Фильм өмірлік құндылықтарды ой елегінен қайта өткізуге, адамға, қоғамға деген көзқарасты өзгертуге өз әсерін тигізбей қоймайды.
Тарихи тақырыптарды топтастырған бірегей туынды Қазақстан, Беларусь, Әзербайжан республикаларында түсірілген. Фильмнің ең басты жетістігі – актерлердің өз рөлін шынайы бейнелей алғаны. Ананың образындағы Алтынай Нөгербектің, Ілиястің рөліндегі Әділ Ахметовтің, Ералы бейнесіндегі Болат Әбділмановтың, Хамитті кейіптеген Азамат Сатыбалдының, Мұқанды ойнаған Еркебұлан Дайыровтың, Лұқпанды кескіндеген Берік Айтжановтың ойынындағы шындық сендірмей қоймайды. Жалпы алғанда, фильмнің түсіріліміне 2000-нан астам адам жұмылдырылған.
Тұсаукесер салтанатына фильмнің бас продюсері Әлия Назарбаева, Мәдениет және спорт вице-министрі Ғалым Ахмедияров, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, Мәжіліс депутаттары Зағипа Балиева мен Бірғаным Әйтімова қатысты. Фильмнен шыққан соң ұлттық танымы мен жүрегіне қозғау салған қуаттан айыға алмаған барлық аналарды Сарай сыртында қуаныш гүлі күтіп тұрды.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ