• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
29 Қыркүйек, 2016

Дайындық жоғары деңгейде

491 рет
көрсетілді

Алда үлкен спорт дүбірі келе жатқаны күн өткен сайын білінуде. Алматы ауқымды шараны өткі­зуге барын салып отыр. Осы тір­лік­тің аясында 2017 жылғы қысқы Универсиадаға орай жұмыс сапа­ры­мен келген шетелдік делегаттар қала ауруханаларын аралап шықты. Қазір қаладағы барлық емдеу мекемелері студенттердің әлемдік қысқы ойындарына тыңғылықты дайынд­алып жатыр. Арнайы делега­ция алдымен Алматы қаласындағы №4 қалалық ауруханаға, жедел жәрдем ауруханасына бас сұқты. Аталмыш мекемелер алматылық­тарға ғана емес, елдің әр шалғайынан шипа іздеп келгендерге шұғыл және жоспарлы түрде медициналық көмек көрсетеді. Олар озық медициналық технологиялармен жабдықталған. Мұнда шетелдерде тәжірибеден өткен білікті мамандар қызмет ат­қара­ды. Бөлімшелер күрделі опера­циялар жасаумен, сирек кездесетін ауруларды емдеумен айналысады. Емдеу орындарындағы жабдық­тар­ды көрген Ұлыбритания ұлттық студенттер спорты федерациясы медициналық комитетінің жетекшісі Эджэи Абосидэ Олугбоинва: «Біз қаладағы ауруханаларды көріп, жақ­сы ойда қалдық. Бар­лық пала­талар озық үлгідегі техника­лармен жабдықталыпты. Ал мамандардың біліктілігі жоғары екеніне көз жет­кіздік. Жарыс кезінде спортшылар үшін барлық көмек көрсетілетініне сенімдімін», – деді. Сонымен қатар, шетелдіктерге жедел медициналық көмек көрсету стансалары да көрсетілді. Олар автоматтандырылған жүйе мен жаңа жедел жәрдем машиналарымен танысты. АҚШ студенттер спорты феде­рациясы медициналық комитеті­нің жетекшісі Рональд Ольсон Универсиада кезінде шұғыл көмектің аса қажет екенін айта келе: «Үлкен жарыстарда спортшы кез келген сәтте құлап, жарақат алуы мүмкін. Ал оған шұғыл көмек көрсету аса маңызды. Медицина қызметкерлерін көріп, олардың ақжарқын жандар екеніне көзім жетті. Бұл да аса қажет. Меніңше, бәрі ойдағыдай болады», дегенді айтты. Универсиада кезінде Алматы қаласы әкімдігінің шешімімен 40 жедел жәрдем көліктері қатар тұрмақ. Оның 8-і – реанимобиль көліктері. Медициналық көмек көр­сету үшін Алматының 8 стационары жұмылдырылады. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Уәлихан Ахметов медицина қызметкерлері Универсиадаға сақадай-сай дайын екендігін айтып отыр. Ойындар кезінде спортшылар мен тіркелген тұлғаларға амбулаторлық көмек көрсету үшін медициналық орталық пен сауықтыру-оңалту іс-шаралары жұмыс істейді. Шұғыл науқастар үшін Универсиаданың ресми ауруханаларына кедергісіз қабылданады. Қазіргі таңда 130-дан астам меди­циналық қызметкер ағылшын тілін оқып үйреніп жатыр. Ұйымдастыру тәртібі бойынша әрбір спорттық жарыс нысанында және атлетикалық ауылда допинг-бақылау стансалары болады. Допинг бақылау рәсімдері тестілеуге арнал­ған Дүниежүзілік допингке қарсы күрес кодекстің және Халықаралық стандарттың ережелеріне сәйкес жүргізіледі. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ