• RUB:
    5.05
  • USD:
    484.37
  • EUR:
    531.06
Басты сайтқа өту
30 Қыркүйек, 2016

Вакцинациядан бас тарту қауіпті аурулардың асқынуына апарады

563 рет
көрсетілді

Кез келген ата-ана өз баласын қандай да болсын қауіп-қатерден қорғауға дайын. Ал енді осы тұста жас аналар тарапынан вакцинация­дан кейін әртүрлі асқынулар болады деген үрейдің негізсіз екен­дігін түсіндіру аса маңызды. Вак­цинациядан бас тарту салдарынан жұқпалы аурулардың ас­қынулары арқылы халықтың бола­шағына балта шабылады. Мамандар бүгінгі таңда қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу­дың ең сенімді құралы вакцинация екеніне еш күмән келтірмей­ді. Американың ауруды бақылау және алдын алу орталығы 1999 жылы жүргізген зерттеулерінің нәтижесі бойынша соңғы жүз жыл ішінде Жер бетіндегі адамдар­дың өмір сүру ұзақтығы 30 жылға ұлғайған, оның ішінде ширек ғасыры вакцинацияның және 5 жылы – сапалы ауыз судың арқа­сында екені дәлелденген. Қазақстан мемлекеті үшін өз азаматтарының денінің сау­лы­ғы – ең үлкен құндылық. Көп­теген ауруларды емдегеннен гөрі алдын алған жеңіл болып есеп­телінеді. Сондықтан да елі­міз­дегі вакцинапрофилактика ұлт­тың денсаулығын сақтауда стра­те­гия­лық аса маңызды қадам болып табылады. Денсаулық сақтау және әлеу­меттік даму министрлігі Меди­циналық көмекті ұйымдастыру депар­­таментінің директоры Бауыр­­жан Байсеркиннің айтуын­ша, елімізде «Халықтың ден­саулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске сәйкес, вак­ци­нация­мен қамта­ма­сыз ету жұмыс­тары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Профи­лак­тикалық екпелердің Ұлттық күнтізбесіне енгізілген вакци­налардың барлығы қазақ­стандықтар үшін тегін. Әрбір емдеу мекемелеріне вакциналарды үздіксіз жеткізуді қамтамасыз ету үшін медицина қызметкерлері келесі жылға 25 пайыз препараттар қорын жоспарлайды. «Учаскенің, қаланың, аудандар мен облыстардың деңгейінде иммуниттеу тұрғындардың кем дегенде 95%-ын қамтыған жағдайда ғана вакцина арқылы жұқпалы аурулардың халық арасында белең алуын тоқтатуға болады. Ми­н­истр­ліктің иммундық профи­лактика саласындағы басты қыз­мет­терінің бірі – халықты тегін иммуниттеу бағдарламасымен қам­­тамасыз етуге негізделген. Қазақ­­стан Дүние­жүзі­лік денсаулық сақ­тау ұйымы (ДДҰ) арқылы ұсы­ныл­ған және сертификатталған, сон­дай-ақ сапасына дәл осы ұйым кепіл­­дік беретін, ал қауіпсіздігі мен тиім­­ділігі ғылыми зерттеулердің нәти­­желері арқылы дәлелденген вак­ци­наларды сатып алады», дейді Бауыржан Сәтжанұлы. Елімізде Ұлттық екпе күнтізбесі тұрақты түрде жетілдіріліп отырады. Қазіргі таңда республи­ка­лық қаражаттан 17 жұқпалы ауруға қарсы, ал жергілікті бюджет есебінен 4 жұқпаға қарсы вак­ци­налар сатылып алынады. Сонымен қатар, 2010 жылдан бас­тап, «Саламатты Қазақстан» мем­лекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында Ұлттық иммундау күнтізбесіне балаларды пневмококк жұқпасына қарсы вакциналау мүмкіндігі пайда болды. ДДҰ-ның статистикасына сүйенер болсақ, әртүрлі қоз­дыр­ғыштар, оның ішінде бас­қасы­нан жиірек кездесетін пневмококк қоздыр­ғыштары шақыра­тын пневмониялардан жыл сайын 700 мыңнан 1 миллионға жуық 5 жасқа дейінгі бала көз жұмады екен. Қазақстанда пневмониядан көз жұму бір жасқа дейінгі балалар­дың шетінеуіне себеп болатын ауру­­лар­дың ішінде үшінші орында және барлық жұқпалы аурулардан болатын өлім себебі бойынша бірін­ші орында тұр. Педиатрлар­дың ескертуі бойынша: ерте жас­та пнев­мококкті отитке шал­­дығу есту қабі­летінің төмендеуі­не алып келуі мүм­кін, 5 жасқа дейін­гі балаларды зақым­дайтын менингит­тің шамамен 15%-ы пнев­мококктің әсерінен туындай­ды екен, ал осы қоздырғыш арқылы шақырылған пневмония дене қызуының өте жоғары болуымен және емдеуге бой алдырмайтын ас­қы­нулары ар­қы­лы сипатталады. Әрине, өкі­нішке қарай, бұл то­лық статис­тика емес. Мамандар айс­берг­тің тек шыңын ғана тіркеп үлгеру мүмкін екенін мойындап отыр. Пневмококк жұқпасына көбі­несе иммунитеті төмен балалар мен ересектер, жүрек-қан тамырлары жүйесінің созылмалы аурулары, бүйрек және эндокринді жүйе аурулары, онкологиялық аурулар салдарынан әлсіреген, сондай-ақ егде адамдар жиі шалдығады. Пневмококкті ауруларға шалдық­қыштық өте жоғары, сол себепті асқынулар тек балалардың арасында ғана емес, сонымен қатар бүкіл бір отбасында белең алуы мүмкін, әрі соңғы жағдайда жұқпаларды таратушы ауруға шалдыққан сәби­лердің әжелері мен аталары болуы мүмкін. Тағы да бір айта кететін жайт, пневмококк жұқпасына шал­дық­қаннан кейін қайтадан бұл қоздырғыштың басқа типімен шақырылатын ауру түріне душар болудың алдын алуына науқастың иммунитеті қауқарсыздығынан  жағдай ушығуы ықтимал. Пнев­мо­коккты пневмония өте ауыр өтеді, әрі бұл қоздырғыш әдетте дәрі­герлердің емдеу үшін тағайын­дайтын антибиотиктерге жылдам дағдыланып алады. Мұндай жағ­дайда пневмококк жұқпасының алдын алудың сенімді әрі жалғыз шешімі вакцинациялау. Мамандар Ұлттық күнтізбеге еліміздің ең кішкентай тұрғындары үшін 3 реттен тұратын екпелерді енгізу арқылы Қазақстанда дұрыс шешім қабыл­данғанына сенімді. Пнев­мо­кокк жұқпасына қарсы вакцинация жүргізу таратушылардың санын азайту үшін де маңызды. Барлық жастағы өкілдер арасында, соның ішінде 5 жасқа дейінгі балаларда пневмококк жұқпасын таратушылардың саны өте жоғары екені белгілі. Қазақ ұлттық медицина уни­верситеті балалар жұқпалы аурулары кафедрасының доценті Ләззат Ералиеваның айтуынша, науқан басталғалы вакцинация негізін­де Маңғыстау, Шығыс Қазақ­­­стан, Сол­түстік Қазақстан об­­лыс­­тарында 5 жасқа дейінгі бала­­лар арасын­да өлім-жітімнің азаю үрдісі тұрақты бай­қалып келе­­ді. Егер 2010 жылы ауруға шал­­­ды­ғу­дың жалпы деңгейі жаңа туған 1000 нәрестеге 19,46 %-ды құра­са, бүгінде – 12,1 %. Жоспарлы вак­цинаны 2012 жылдан бастап жүр­гізе бас­таған Қарағанды қала­сын­­да және Қарағанды облы­сын­­­да 2014 жылы туған нәрес­те­­лер ара­­сын­дағы өлім-жітім жағ­­дайы 1000 балаға 14,4 %-дан 10 %-ға дейін төмендеген, ал тыныс алу орган­дары ауруларына шал­дығу екі есеге қысқарған. «Қолда бар дерек­терге сәйкес, вакцина қабыл­даған балалар арасын­да серо­типтердің немесе ауру ту­ды­ру­ға қабілетті пневмококк жұқ­пасы түрлерінің таралуы бұған дейін вакцина алмаған балалармен салыстырғанда 2,4 есе кем» екенін алға тартады Ләззат Ералиева. Нәтижесінде емханаға түсу және аурудан көз жұму жағ­дайлары азаяды. Түрлі елдерде пневмококк жұқ­­­пасына қарсы вакцинаның алуан түрлері пайдаланылады. Пневмококк жұқпасына қарсы вакцинаны енгізген күннен бастап Қазақстанда тек қана 13-валентті вакцина қолданылады. Бұл препарат жоғары тиімділігімен әрі қауіпсіздігімен дәлелденген. Ләззат Ералиева айтқандай, бүгін­гі таңда пневмококк жұқпа­сына қарсы вакцина жасау көр­сет­кіштер тізімі кеңейіп келе жатыр. Бұған дейін негізгі мақ­сатты аудитория ретінде 2 жасқа дейінгі балаларды алған болса, қазірде иммундаудың одан да үлкен жастағы балалар мен қарт адамдардың денсаулығын сақтауға көмектесетіні анықталып отыр. Олардың қайсысы болсын пневмококк жұқпасынан қорғауға бір ғана екпе жеткілікті. «Иммунитеті төмен балаларға, жүрек-қан тамыры ауруларына шалдыққан, органдарын ауыстыру бойынша ота жасалған балаларға вакцина өмірлік көрсеткіш бойынша қажет және біз мұндай науқастар екпені тегін түрде алуларына қол жеткізіп отырмыз», деп пікірін білдірді сарапшы. Ата-аналар қарапайым ереже­лерді сақтау арқылы өздері де вакцинациядан кейін болуы мүмкін жағымсыз салдарлардың алдын алады. Бұл ережелер туралы толық ақпаратты, сондай-ақ вакцинаның әсері мен иммундауға қарсы көр­сеті­лімдер жайлы сұрақтар бо­йын­ша 8 800 080 55 58 телефоны арқы­лы «шұғыл желіден» білуге болады. Марат АҚҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»