• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
30 Қыркүйек, 2016

«Денсаулық» пойызы Ақтөбеге аттанды

358 рет
көрсетілді

Ақтөбе облысының шалғайдағы елді мекендерінің тұрғындарына, теміржолшыларына және олардың отбасы мүшелеріне енді диагностикалық тексерілу және медициналық көмек алу үшін республикамыздың ірі қалаларына бармай-ақ, толық медициналық тексерістен өтуге және жетекші мамандардың білікті кеңесін алуға мүмкіндік бар. Ақтөбе облысының алыстағы стансаларына еліміз Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған республикалық акция аясында «Денсаулық» кеңестік-диагностикалық пойызы жол тартады. «Денсаулық» пойызы облыстың 6 стансасына қызмет көрсетуді жоспарлап отыр. 29 қыркүйек күні Алға стансасынан бастап, одан әрі кесте бойынша 4-9 қазан аралығында Мұғалжар стансасына, 10-13 қазан аралығында Шалқар стансасына, 14-19 қазан аралығында Темір стансасына, 20-24 қазан аралығында Хромтау стансасына және 25-28 қазан аралығында Ақтөбе стансасына медициналық қызмет көрсетеді. «Жылжымалы емхана» деп аталып кеткен медициналық пойыздың вагондарында дәрігерлердің кабинеттері, диагностикалық корпус, тіркеу бөлімі, тамақтану және дем­алу блоктары  орналасқан. Пойызда УДЗ-диагностикалау, таңу, процедуралық кабинеттер және шағын хирургиялық операциялар жасайтын операциялық блок қарастырылған. Барлық кабинеттер толықтай компьютерленген. Диагностикалық зерттеулердің және тапсырылған талдаманың нәтижесі де көп күттірмейді. 2016 жылдың басынан «Саламатты Қазақ­стан», «Жәрдем» және «Денсаулық» кеңестік-диагностикалық пойыздарымен 133 күн ішінде Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Алматы, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының 154 стансасының 35 520 тұрғыны тексерілді, олардың 5 422-сі балалар. Дәрігерлерге келушілердің жалпы саны 274 285 адамды құрады. 183 536 диагностикалық процедура, 1 004 амбулаторлық операция жасалды. Маммологта 5 397 әйел адам қаралды. 10 219 тұрғынға стоматологиялық көмек көрсетілді. Жұмыс нәтижесінде пойыз мамандары 86 292 ауру түрін тіркеді, олардың 8 446-сы балаларда. 1 168 қатерлі ісік анықталды. Шалғайдағы елді мекен тұрғындары осындай көмек көрсетілгеніне алғыс айтып, ризашылықтарын білдіруде. Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»