Шағын ауылдардың проблемасы Қызылжар өңірінде де жетіп артылады. 700-ге жуық елді мекеннің үштен екісі осы санатқа жатады. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары басталған урбанизация үрдісі әлі саябырсыр емес. Керісінше, күш алып келе жатқандай әсер береді. Жаһандану дәуірінің «белбаласы» саналатын бұл толқын осылай жалғаса берсе, тоқтам болмаса, ұлттық құндылықтарымыздың өзегі, тіні – алтын бесігіміздің орны қаңырап, жұртын сипап қалуымыз кәдік.
Жұмыс сапарымен шалғайдағы бір ауылға барғанымызда түтіні түзу ұшқан, шаттығы шалқыған шаңырақ іздестіргенбіз. Сонда «ең сыйлымыз», деп 70-ті еңсерген ақсақалды таныстырған. Қабағы салыңқы екен, әңгімеміз жараса қоймаған. Сөйтсек, кейін естіп-білгеніміздей, қолында тұратын ортаншы ұлы жылы мекенін тастап, көшуге бел байлапты. Ішкілікке салынып, жап-жақсы жұмысынан айырылған ол өз қателігін түсінудің орнына қыңырая қалған. Мұндай қыңыр мінезбен, алды-артын ойламаған шолақ шешіммен ешкімді жеңбесі, мұқата алмасы айдан анық. Бойынан әл-күш кетіп, қабаққа жаутаңдап қалған кәрі әке-шешенің ертеңгі жайы, тірлігі не болмақ деген сауалға бас ауыртпайтын тәрізді. Азын-аулақ малды сатып, жүгін буып-түйіп қойыпты. Оның тұрмысты оңалтудың, асқар таудай панасын, әзиз анасын тентіретпеудің жолын ойластыру орнына, тоғышарлыққа салынып отырғаны көрініп тұр. Жарайды, қаржылық жағдайы, тұрмыстық бақуаттылығы келіссе, қоныс аударуын түсінер едік. Ақылды, сабырды ұмытып, түлен түрткендей тұра қашқаннан кім ұтпақ? Ешкім де. Қаладағы қымбатшылық одан әрі тентіретіп жібермесіне кім кепіл? Ал ата-анасының зейнетақысымен күнелтіп, аяқ-қолы балғадай болғанына қарамастан, санда бар, санатта жоқ сылтыңбайлардың намыссыздығы қарадай күйдіреді. Мұндай келеңсіз көріністердің бір себебі жұмыссыздыққа келіп тірелетіні айтпаса да түсінікті. Оның салдарынан қарттары көп, жастары жоқ елді мекендер көбейді. Бұған жол қатынасының қиындығын қоссақ, түйткілді проблемалар көбейе түседі.
Бірақ солай екен деп қол қусырып отыру өркениетке ұмтылған ел дәстүріне жараспас болар. Барды орайластырудың, тиімді пайдаланудың, кіріс көзін табудың, сөйтіп, тұрмысты жақсартудың орнына бойкүйездікке, бей-берекетсіздікке салынып жүргендер аз емес. Арамызда мемлекет қолдауына сүйеніп, шаруашылықты ұршықша үйіріп жүрген азаматтар көптеп кездеседі. Олардың зор ұйымдастырушылық қажыр-қайраты, білімі, тәжірибесі өзгелерге үлгі-өнеге. Осындай елжандылық, мәрттік қасиеттер жан жадыратып, көңіл сүйсінтеді. Мәселен, Есіл ауданындағы Қайырбек Қожасов 57 түтіні бар Еңбек ауылының 25 тұрғынын жұмыспен қамтып, бұрынғы «Бай Еңбек» деген атағына лайық болуды мақсат еткен. 3 мың гектар жерге астық өсіреді. «Сыбаға» бағдарламасы арқылы несиеге ірі қара мал алып, 200 басқа жеткізді. Орташа айлық жалақы – 80 мың теңгенің төңірегінде. Кәсіпкердің қамқорлығына дән риза үлкендер жағы көшуді емес, сүттей ұйыған ұжымның амандығын тілейді. Жоғары сынып оқушыларының аудан орталығындағы интернатқа қатынап оқуы үшін арнайы көлік бөлінген.
Ауыл тірлігінің кері кетуінің бір себебін Өзбекстаннан көшіп келген Ыбырай Ошанов былай түсіндіреді:
– Біріншіден, Қазақстанды ғана емес, дүйім дүниені жайлаған жұмыссыздық. Екіншіден, мектептердің жабылуы. Десек те, алдағы күннен еш үміт үзуге болмайды. Шындап ізденсе, қам-қарекет жасаса, тығырықтан шығудың жолы қашан да табылады. Оның бірден-бір кепілі – қоғамдық пайдалы еңбекпен айналысу. Оған мүмкіндігі жетпесе, бау-бақша салсын, көкөніс, мал, құс өсірсін. Оған мүмкіндік мол. Жұмысқа орналасарда алдымен еңбекақысын сұрап, оны азырқанса, мұрын шүйіретін адамдарды, ауылдан ат-тонын ала қашатын жастарды еш түсінбеймін. Өткенде облыс орталығында бір танысымның баласын кездестірдім. Ауылдағы әке-шешесін тастап, енді тентіреп жүр. Мамандығы жоқ оған жоғары жалақылы қызметті кім ұсына қояды? Одан да туыстарының жанында ауылды өркендетуге ат салысса, нәпақасын айырар еді.
Ақжар ауданында болғанымызда «Дәуіт-Астық» ЖШС-нің директоры Болат Әубәкіровтің осы аттас ауылда жаңа спорт алаңын пайдалануға беру рәсіміне қатысқанбыз. Жастарға тегін тарту еткен. Бұл сый қарияларды қатты қуантқан. Жас буынға керегі – әлеуметтік қамқорлық. Клуб, көңіл көтеру орталығы жұмыс істеп тұрса, жылы орындарын суытуға ешқайсысы да асықпайды. Тағы бір мысал. Облыстық мәслихаттың депутаты, Ғ.Мүсірепов ауданы «Раисовское» ЖШС-нің басшысы Владимир Коваленконың қарттар мен жастарға деген қайырымдылығында шек жоқ. Мектепке жаңа қазандық орнатты. Жылыжай ашты. Оқушылар тегін тамақтанады. Стадион, хоккей кортын, бокс залын салды. Кез келген мерекеде төр алдымен үлкендерге ұсынылып, айрықша құрметтеледі.
Қазақ ауылдарын сақтап қалудың, бұрынғы ахуалын қалпына келтірудің ұтымды бір жолы – ішкі миграциялық үдерістерге ерекше екпін беру. Бұл тұрғыдан алғанда, облыста жүйелі шаралар атқарылып келеді. Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы бастап берген көші-қон шеруінде қазірдің өзінде демографиялық өсімнің жақсарып, тараудың аз-ақ алдында тұрған шағын ауылдардың тамырына қан жүгіре бастағаны қуантады. Есіл ауданы Бірлік ауылында жабылып қалған мектеп қайта ашылып, іші ақар-шақар балаға толды. Осында орналасқан отбасылардағы ақ сақалды атайлар мен ақ жаулықты әжейлер қуаныштың ортасында жүрді. Биыл оңтүстік облыстардан 110 отбасы көшіп келсе, келер жылғы меже бұдан да биік.
Екінші ұтқырлы шешімі – жергілікті билік орындарының қаржылық, әлеуметтік қолдауы. Осы орайда Шәйін Рамазанованың хатынан үзінді келтіре кеткенді жөн көрдік. Еңбек ардагері Шал ақын ауданына қарасты шағын елді мекендерге қатысты оң өзгерістерді тілге тиек ете келіп, аудан әкімі Ербол Сағдиевке ерекше ықылас білдіреді. Олай болатын жөні бар. Ел азаматы қазақ ауылдарын дамытуға байланысты қабылданған жергілікті бағдарламаның беташарын Ақанбарақ ауылынан бастапты. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы мерейтойы қарсаңында қарттары көп, жастары жоқ елді мекендерді түлетуді перзенттік парыз санапты. Үйренетін осындай тәжірибелер кеңінен өркен жайса, ауылдарымыздың ертеңі еңселі болары анық.
Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласында «Біз жұмыссыздардың барлығы бірдей жұмыс істеуге ұмтылмайтындығын көріп отырмыз. Өкінішке қарай, адамдар арасында жаңа біліктілікті меңгеруден гөрі базарда «таксист» қызметін атқаруды қалайтын психология сақталып отыр», деп атап көрсете келіп, баршамызды ел игілі жолындағы еңбекке шақырған болатын. Олай болса, екі қолын қалтаға салып, масылдыққа бой ұрған ауылдықтар үшін де, тиісті органдар үшін де бүгінде еңбек шешуші ұлттық фактор екенін ұғынатын мезгіл жетті. Әлемнің әміршісі еңбек қана бар қиындықты еңсермек.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы