• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Қазан, 2016

Ардагерлер кеңесінің төрағасы сайланды

1454 рет
көрсетілді

Астана әкімдігінде «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің ІІ пленумы өтті. Бұған дейінгі пленум отырысында «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасының міндетін атқарушы лауазымына Бақтықожа Ізмұхамбетовтің кандидатурасы ұсынылып, оны Президиум мүшелері бірауыздан мақұлдаған болатын. Кешегі жиынның күн тәртібінде төралқа мүшелері «Ардагерлер ұйымы» РҚБ төрағасының лауазымына Бақтықожа Салахатдинұлы Ізмұхамбетовтің кандидатура­сын бірауыздан қолдады. Сөйтіп, Астана қалалық «Қазақ­стан Республикасының ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңе­сінің мүшесі және төрағасы бо­лып Парламент Мәжілісінің депу­таты Б.Ізмұхамбетов сайлан­ды. Енді ол Мәжіліс депутаты бола жүріп, Ардагерлер кеңе­сі төр­аға­сының қызметін қоса атқармақ. Ал жауапты хатшы қыз­метіне К.Бекмағанбет сайланса, бұған дейін ол қызметті атқарып келген А.Ржавский өз еркімен жұ­мыс­тан босатылды. Және осыған дейін аталған кеңес­тің төраға­лық қызметін абыройлы атқарған Өмір­зақ Озғанбаев «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесі төраға­сы­ның бірінші орынбасары болып тағайындалды. Жиын барысында ардагерлер­дің материалдық және әлеуметтік тұрмыс жағдайы, медициналық, тағы басқа да көмек түр­лерін жақ­сарту мәселесі туралы ұсы­ныс-пікір­лер қызу талқыға түсті. Тиісін­­ше, оны шешу жолдары қарас­тыры­лып, ал­дағы уақытта ардагер­лерге жеңіл­діктер қарасты­рылып жатқаны туралы да сөз болды. Өз кезегінде ардагерлер қауымына қолдау көрсетіп, ұйымға демеушілік жасап жүрген кәсіпкерлерге алғыс айтылды. Қорытынды нәтижесінде кеңес мүшелері мен жиынға қатысушылар ұйым жұмысын қанағаттанарлық деп бағалады. Айта кетейік, пленум жұмысына Орталық Кеңестің 81 мүшесінен бөлек, тексеру комис­сиясының 7 мүшесі, түрлі мем­лекеттік органдардың өкілдері мен ардагерлер қозғалысының белсен­ділері қатысты. Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ АСТАНА