• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Ақпан, 2011

Көкпектіде көп өзгеріс

578 рет
көрсетілді

«Тәуелсіздіктің 20 жылдығына – көкпектіліктердің 20 игі ісі» бағдарламасы халықтың көңілінен шықты ҚАЛАУЫН ТАПСА ҚАР ЖАНАР... Жақында Көкпекті ауданында іссапарда болдық. Аудан әкімі Дүй­сенғазы Мусин амандық-сау­лықтан соң атқарып жатқан істерімен таныстыра бастады. Өткен жылдың күзінде пайдалануға берілген Дәулет Тұрлыханов атын­дағы спорт кешеніне ендік. Кең әрі жарық спорт кешенінде бұл күндері грек-рим күресі, волейбол, баскетбол, басқа да спорт түрлері үйірмелері жұмыс істеп тұр. Ауданның жас спортшылары республикалық, облыстық жарыс­тарда топ жаруда. – Бюджеттен 16 миллион, өзі­мізден алты миллион теңге қаржы бөліп, осы әсем ғимаратты салып алдық. Жұрт риза, бос уақыт­тарында балалар спорт залынан шықпайды. Нәтиже қуантады, – деді аудан әкімі. Бұдан кейін тұрғындарға қыз­мет көрсетуге арналған кешенге ендік. Үш қабатты, ішіне еуро­стан­дартты жөндеу жүргізілген ғи­маратта 250 орындық мейрамхана, 32 орындық қонақүй, бала­ларға арналған ойын залдары, бильярд, шағын дәмхана, зияпат зал­дары, сән салоны бар екен. Аталмыш кешен өткен жылдың жел­тоқсанында ауданның 80 жыл­дық мерейтойы қарсаңында пай­далануға беріліпті. «Бірінші және үшінші қабаттарда сәл аяқтал­ма­ған жұмыстар қалды. Ал ауылдық жерде мұндай ғажап ғимаратты өз қаржыларына тұрғызған осы жер­дің түлектері – «Елім-ай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылары Серік Нұрбекұлы Уә­лиев пен Болат Миғразұлы Бекбердинов деген азаматтар. Олар бұл құрылысқа 170 миллион тең­ге қаржы бөлді», – дейді аудан әкімі Д. Мусин. «Тәуелсіздіктің 20 жылдығына – көкпектіліктердің 20 игі ісі» бағдарламасы бойынша кешенді істер атқарылмақ. Аудан әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиевтің айтуынша, бағдарлама аясында Са­мар ауылында «Ромат» фирма­лық дәріханасы, «Дені сау бала – ел байлығы» жобасы аясында 15 мектеп пен екі балабақша­сы­на спорттық тауарлар сатып алу, 60 орындық балалар демалатын лагерь салу, Көкпекті мен Самар ауылдарында хоккей қораптары мен мұз айдындарын ашу, бөбек­терге жаңа жиһаз, дипломмен ау­ылға, ардагерлерге даңқ пен құр­мет, Бастаушы ауылында мешіт салу, басқа да істер атқарылыпты. «Қариялар азайып бара жа­тыр» демекші, ардагерлерге даңқ пен құрмет жобасы көпшілік кө­ңілінен шығатын сияқты. Бір ғана мысал! Қарттар проблемасы бастан асатыны белгілі. Қарттар тұ­ратын үйлерге су құбырын тар­тып беру, Самар ауылындағы Фонов көшесіндегі жолды жөндеу­мен коммуналдық-тұрғын үй ша­руа­шылығы, жолаушы көлігі жә­не автомобиль жолдары бөлімі шұғылданады. Бұған 1,7 миллион теңге қаржы қарастырылған. «Ел іші – халық кеніші», «Ауылдарға – жаңа келбет» жобалары да өмір­шең болмақ. Тассай ауылындағы клуб­ты жөндеу, Тәуелсіздіктің 20 жылдығына 20 мың көшет отыр­ғызу, Үлкен Бөкен және Преображенка ауылдарының көшелеріне жарық тарту, жастар саябағын ор­нату, Көкпектідегі «Жас өркен» балалар алаңқайын көркейту, бас­қа да жұмыстар тындырылды. Ал қалғандары толығымен жүзеге аспақ. Аталмыш бағдарламаны жү­зеге асыру үшін жиыны аудандық бюджеттен 233 миллион теңге, бизнес­тің әлеу­меттік жауапкершілігі есе­бінен 259 миллион теңге бөлініп, 102 жұ­мыс орны аш­ылды. Ра­сында да, ауданда көп игілікті ша­ра­лардың жү­зеге асып жат­қаны көзге көрініп тұр. Ай­тыскер ақын Қа­лихан Алтын­ба­ев атын­да­ғы мәдениет үйі ал­ыстан мен мұн­да­лайды. Оған да күрделі жөндеу жұ­мыстары жүр­гізілмек. Жаңа мешіт, со­ғыс ардагерлеріне ар­налған ал­лея, асфальт тө­селген көшелер, бой көтерген әсем дү­кен­дер мен құ­рылыстар ауылға кө­рік беріп тұр. 18 ақ­панда көк­­пек­тіліктердің тағы бір тамаша бас­тамасына куә бо­луға тура келді. ЖЕТІМ КӨРСЕҢ, ЖЕБЕЙ ЖҮР Қ. Раев атындағы балалар үйі­нің бір ғасырға жуық тарихы бар. Бір кездері балалар үйін Социалистік Еңбек Ері Жақия Шай­жү­нісов деген есімі елге белгілі аға­мыз басқарған. Қазір балалар үй­інде екі жүзге тарта бала тәрбие­леніп жатыр. Қалихан Алтынбаев атындағы мәдениет үйі мерекедегідей безендірілген. Бүгін мұнда «Тәуел­сіз­дік­тің 20 жылдығына – көкпек­ті­ліктердің 20 игі ісі» жобасының алғашқы салтанатты рәсімі өтпек. Ол «Балаларға жүректің жылуы мен махаббат сыйла» деп аталады. Шараға аудан әкімі Д. Мусин, әкімнің орынбасарлары, депутаттар, ауыл әкімдері, мемлекеттік қыз­меткерлер, балалар үйінің тәр­биешілері және биылғы жылы мек­теп бітіруші түлектер, соны­мен қатар, ауданымыздың әлеу­мет­тік-экономикалық дамуына ау­қым­ды үлес қосып жүрген беделді азаматтар, кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының басшы­ла­ры, балалар үйінің бұрынғы тү­лек­­тері, журналистер шақырылды. Қайырымдылық балды ұйым­дастырудағы мақсат – балалар үй­індегі тәрбиеленіп жатқан бала­лар­ға көмек көрсетіп, қол ұшын беру, жүрек жылуы мен сүйіс­пен­ші­лік сыйлау, үміт оты мен шы­рақты жағу. Шараға дайындық барысында үлкен істер атқарылды. Атап айт­қанда, балалар үйінің тәрбие­ле­нушілері арасында «Арманыңа сен» тақырыбына шағын шығар­ма жазылды, шығармашылық көр­­ме ұйымдастырылып, Қ. Раев ат­ын­дағы балалар үйі туралы деректі фильм түсірілді, балалар үйінің түлектері, шаруа қожа­лық­тары мен кәсіпкерлердің жұмыс барысы, олардың отбасылары жай­­лы слайдтар әзірленді. Қайырымдылық балын ашу құр­меті аудан әкімі Дүйсенғазы Мусинге берілді. Ол өзінің сө­зін­де облыс әкімі Бердібек Сапар­баев­тың тапсырмаларының бірі – «Тәуелсіздіктің 20 жылдығына – көкпектіліктердің 20 игі іс» жо­ба­сын жүзеге асыру, аудандағы 20 игі істің алғашқы мәресі осы өт­кізіліп отырған «Балаларға жү­рек­тің жылуы мен махаббат сый­ла» жобасының аясында қайы­рым­дылық шарасы екендігін баса айтты. Мерекеге келген шаруа қо­жа­лықтары мен кәсіпкерлерді құр­меттеу рәсімі ойдағыдай өтті. Әр­бір меценат-демеушілер жомарт­тық танытып, балалар үйіндегі тәр­биеленушілерге арналған кө­мек­терін арнайы жәшікке салды. Жеке кәсіпкер Қанат Айдарғазин 11 сыныпты бітіруші Оралбек Әсет­тің шығармасындағы тіс дә­рігері болғысы келетін арманы­ның орындалуына көмек қолын соза­тынын айтып, оқу ақысын төлеуге уәде берді. Кәсіпкер Виктор Винчук ШҚТУ-да оқитын балалар үйінің тәрбиеленушісі Воронов Максимге жеке есеп шот ашып, ай сайын 5 мың теңгеден аудара­тынын мәлімдеді. Осындай бастамадан кейін басқа да меценаттар сахнаға шығып, өз та­раптарынан көрсетілетін көмек­те­рі туралы ба­яндады. Аудан әкім­дігі мен ауыл әкімдері биыл мектеп бітіретін 10 түлекті бітіру кешіне арналған киімдермен толық қамтамасыз ететін болды. Сон­дай-ақ санитарлық-эпидемиялық басқарма ұжымы мектеп бітіруші 1 түлектің киімін әперуді мой­ын­дарына алды. Жүрекжарды қайырымдылық жасауды мақсат еткен аудан әкімі Дүйсенғазы Мусин өз тарапынан балалар үйіне 500 доллар тап­сы­рып, мектеп бітіруші түлек Бек­мұратов Дастанның оқуына де­меу­шілік жасайтынын айтты. Ең үздік деп танылған «Арма­ны­ңа сен» атты үш шығарма: Құдагелдина Ақбота, Котегин Никита, Иванченко Мишаның шы­ғар­малары меймандарға оқылды. Өз шығармасында Ақботаның арманы – «Алтын белгіге» мектепті бітіріп, медициналық ака­де­мияға түсіп, хирург маманы болу. Арманы орындалып, Ақбота ту­ған жері Көкпектіге дәрігер бо­лып келгенде тұрғын үймен қам­тамасыз ететініне аудан әкімі Д.Мусин сенім білдірді. Балаларға көрсетіліп жатқан осыншалық көмекке риза болған ба­лалар үйі директорының орын­басары Қ. Алтынбаев аудан әкі­міне, демеушілерге алғыс айтып, еңбегіне табыс тіледі. Осындай көрсетіліп жатқан қам­қорлыққа балалар үйінің тәр­биеленушілері атынан оқу озаты, дарынды оқушы Ақбота Құда­гел­дина жүрекжарды алғысын айт­ты. Кеш барысында өнерпаз балалар демеуші аға-апайларына әсем ән­дерін жолдаса, демеуші аға ұрпақ өкілдері де қарап қалмады. Аудан әкімінің орынбасары Е.Нұр­ға­ли­ев, білім беру бөлімінің бастығы М.Ахметова, мәдениет бөлімінің бастығы М. Матанов, кәсіпкер А. Мұқашева ән шырқады. Міне, соңында жәшік ашқан сарапшылар жиналған қаржының 1 млн. 568 мың теңге екенін жариялады. Бұл қаражат қолма-қол балалар үйінің демеушілік есеп қорына аударылды. Оңдасын ЕЛУБАЙ. Шығыс Қазақстан облысы, Көкпекті ауданы.