«Орталық Қазақстан» газетіне – 85 жыл
Кеңес дәуірінде дүниеге келген алғашқы қазақ басылымдарының бірі – Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің жарыққа шығып келе жатқанына 85 жыл толып отыр. Осынша жасап, ел қажетіне жарап келе жатқан газет атаулы саусақпен санарлық. Бастапқыда «Қарағанды пролетариаты» деген атаумен жарық көрген басылымның тұңғыш редакторларының бірі Бәри Мәзитов өткен ғасырдың 60-шы жылдары жазған естелігінде былай депті: «Жұртқа мәлім, сол жылдары Қарағанды бассейнінің іргесі жаңа қаланып жатқан кез болды. Не редакциялық, не баспаханалық үй болмағандықтан, паналаған алғашқы орнымыз вагон еді. Газет шығару жұмысының барлық процесі осы тар вагонда атқарылды».
85 жылдан бері газет қоғам өміріне белсене араласып, Орталық Қазақстан өңірінің тыныс-тіршілігіне айна болып келеді. Мұнда осынша уақыт ішінде қызмет істеген қаламгер-журналистер, баспа ісінің басқа да мамандары қыруар игі істерге мұрындық болып, талай жанның тағдырына оң әсерін тигізді. Айта кету керек, «Орталық Қазақстан» – Ахмет Байтұрсынұлының «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген әйгілі анықтамасынан кейін көп кешікпей шыққан басылымдардың бірі. Және сол қазақтың Ахаңдай арысы айтқан сөздің үдесінен шыға білді. Енді ше, бастапқыда «Қарағанды пролетариаты», кейін 1938 жылдан «Советтік Қарағанды» атауымен шығып тұрған газет редакциясында қазақтың Саттар Ерубаев, Ғабиден Мұстафин, Әлжаппар Әбішев сынды қарымды қаламгерлері қызмет істеген. Қазыналы Қарағандыға ақын-жазушылар жиі келіп тұрғаны мәлім. Сондай сапарларында қазақ әдебиетінің Бейімбет Майлин, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов сынды заңғар тұлғалары әрдайым осы газеттің редакциясында болып, Қарағанды жайлы тың туындыларын ұсынып отырған. Осындай ұлы қаламгерлер облыстық басылымды жаңа биіктерге көтерді.
Мүмкіндік болса, осындай мерейтой тұсында «Орталық Қазақстан» газетінде бүгінге дейін қызмет атқарған жандардың баршасын, олардың сіңірген еңбегін атап көрсетсе де артық болмас еді. Бірақ оны газет бетінің көтермесі анық. Дегенмен, сонау 1931 жылдың 4 қазанынан бастап шығып келе жатқан басылымның бас редакторларын атап өткен артық болмас деп ойлаймыз. Басылымды алғашқы санынан 1997 жылға дейін Х.Садықов, Б.Мәзитов, Ж.Орманбаев, С.Үсенов, Т.Нұртазин, Ж.Сәрсеков, Ж.Кетіков, П.Жұманов, Ә.Қарағұлов, Б.Тәйкіманов, Б.Исабеков, Ә.Бөлдекбаев, С.Оспанов, Р.Сағымбеков, Т.Жүсіпов, Н.Оразбеков, Р.Сүлейменов, Т.Ермекбаев, Б.Жанатов, Ө.Ахметов сынды азаматтар басқарып, жемісті еңбек етті. Ал өткен ғасырдың соңғы жылдарынан бүгінге дейін «Орталық Қазақстанның» тізгінін танымал қаламгер, кезінде «Егемен Қазақстанның» Қарағанды облысы бойынша тілшісі, аппарат қызметкері болған Мағауия Сембай ұстап келеді.
Мен «Орталық Қазақстан» газетінде 1997 жылдан бертінге дейін қызмет істедім. Көрмесек те көңілмен сезінген бұрынғы әріптестерімізге тағзым ете отырып, осы жерде өзім қатар қызметтес болған біраз қаламгер журналистерді атап өткенім орынды болар. Алдыңғы буын ағалардан көзіміз көргендердің біразы о дүниелік те болып кетті. Аруағы риза болсын деп олардың қатарында Серікбай Алпысов, Мақсым Омарбеков, Дәулетбек Мақашев, Ескендір Тишмағамбетов, Зейнолла Ыдырысов, Ермағамбет Лұқпанов, Аманжол Ақын ағаларымызды атар едік. Арамызда жүрген Аман Жанғожин, Мағауия Сембай, Серік Ақсұңқарұлы, Серік Сексенов, Сүйіндік Жанысбай, Тілеуқабыл Байтұрсын, Жұмабек Иманәліұлы, Төрехан Майбас, Амандық Рахұлы, Оралбек Жүнісұлы, Ермек Балташұлы сияқты жүйрік қалам иелерінің тәлім-тәрбиесін көрдік. Бұлар бір өзі тұтас буындай болды. Одан кейінгіде Ержан Имаш, Жомарт Оспан, Жұлдыз Тойбек, Айша Тұрмағанбетова, Дәулетқали Асауов, Болатбек Қауысов, Серік Сағынтай, Қамбар Ахметов, Ержан Қалымбай, Алдаберген Кемпірбаев, Жанат Жаңқаш сияқты газетке кеңестік дәуірдің соңғы жылдары мен ел тәуелсіздігі енді беки бастаған тұста келген лек қосылды. «Толқыннан толқын туады, толқынды толқын қуады» демекші, солардың бәрі журналистика әлемінде алдыңғылардан сабақ алып, кейінгілерге үлгі бола білді.
Дамыған үстіне дамып жатқан заманда электронды техникалар алға озып, баспа өнімдері кейінге ысырыла бастағаны рас. Десек те, ең дамыған деген елдердің өзі мерзімді басылымнан бас тартып көрген емес. Оған мысал ретінде дүниенің әр түкпірінен күн сайын жүздеген мың тиражбен шығып жатқан «Таймс», «Ле Фигаро», «Гардиан», «Индэпэндэнт», «Дэйли Телеграф», «Нью-Йорк Таймс», «Вашингтон Пост», «Файнэншел Таймс» сияқты газеттерді атасақ та жеткілікті. Ал әзірге ең үлкен облыс – Қарағандының маңдайалды газеті аптасына үш рет шығып, 15 мыңнан астам оқырманын рухани азықпен қамтамасыз етіп отыр. Қаз дауысты Қазыбек бидің «Сөздің атасы – бірлік, анасы – шындық» деген аталы сөзін ұран еткен басылым өз ұстанымынан айнымай келеді. Әріптестерімізге 85 жылдық мерейтой құтты болсын дейміз!
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ