Қазақстан Президенті «Жиырма сегіз панфиловшы» кинофильмінің көрсетілімін тамашалады, деп хабарлады Қазақстан Президентінің баспасөз қызметі.
Ресей Президентінің Қазақстанға жұмыс сапары Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің «Жиырма сегіз панфиловшы» фильмін бірге көруімен аяқталды.
Кинотуынды А.Бектің «Волоколамск тас жолы» шығармасы негізінде түсірілген. Оның оқиғалары Панфилов дивизиясы атқыштар батальонының командирі Бауыржан Момышұлының атынан әңгімеленеді.
Мемлекеттер басшылары Алматыда құрылған, жау танкілерінің Мәскеуге баратын жолын бөгеген дивизияның ерлігі келер ұрпақ есінде әрдайым қалуға тиіс екенін атап өтті.
Ресейдің мәдениет министрі В.Мединский екі ел басшыларына қазақ, орыс, қырғыз және украин жауынгерлерінен құралған дивизияның батырлығы мен қаһармандығы туралы әңгімеледі.
– Ерлік көрсеткен дивизияның ерекшелігі оның құрамында екендігін атап айту керек. Ол кадрлық әскерилерден емес, әскерге шақырылған қарапайым азаматтардан жасақталды, олар соған дейін бүкіл Еуропаны басып өткен кәсіби танк құрамаларын тоқтата алды, – деді В.Мединский.
Фильмдегі оқиға 1941 жылдың күзінде болған. Жазбаша дерек бойынша 1941 жылдың 16 қарашасында генерал И.В.Панфилов қолбасшылық еткен 316-шы атқыштар дивизиясының 28 сарбазы Дубосеково разъезін қорғап, Мәскеуге бет алған немістің танк батальонын тоқтатады. Сюжет толығымен кеңес сарбаздарының ерлігіне арналған.
Қысқы көріністер Санкт-Петербург пен Иваново төңірегінде түсірілген. Соңғы кадрларда Алматыдағы 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақ көрсетіледі.