• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
05 Қазан, 2016

Ресейлік туристік операторлармен әріптестік орнады

228 рет
көрсетілді

Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының ХІІІ өңіраралық форумы аясында «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компания­сы мен Ресейдің елімізбен шекаралас аймақтарында орналасқан бірқатар облыстарымен арада өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.  Бұл құжатқа қол жеткізудегі басты мақсат – ЭКСПО-2017 ха­лық­аралық көрмесіне ресей­лік туристерді көптеп тарту, жаң­ғырмалы энергия көздеріне, «жасыл» технологияны жетілдіруге байланысты түрлі инвестициялық жобаларды зерттеу және дамыту. Сондай-ақ, меморандум туристік сала­дағы инфрақұрылымды дамы­туға ықпал етуге тиіс. Қол қою рәсімінде Ұлттық ком­панияның басшысы Ахметжан Есі­мов: – Ресей Федерациясының туристік операторларымен белсенді түрде жұмыс істейміз. Бұл елдің шекаралас аймақта орналасқан, жалпы саны 34  миллион адам тұра­тын 14 облысының халқы көрмеге келеді деп күтілуде. Олардың ара­сында Омбы, Астрахань, Сверд­лов, Түмен облыстары, Татарстан Республикасы бар. Бүгінгі меморандум осы облыстармен арада ынтымақтастықты одан әрі арттырып, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне келетін адамдар санын арттыруға ықпал етеді деген ойдамыз, – деп атап өтті. Жалпы, ЭКСПО көрмесінің қандай дәрежеде өткенін айқын­дай­тын басты екі көрсеткіш бар. Ол қанша елдің ат салысқаны және көрмеге қанша адамның келге­ні. Ахметжан Есімовтің айтуын­ша, Астанадағы көрмеге бастап­қыда 100 ел қатысады деп жоспар­ланған, бұл көрсеткіш 103-ке жетіп, асыра орындалды. Енді 5 мил­лионға тарта адамды тарту үшін көрмені барынша тартымды етіп өткізу мәселесі ойластырылуда. Ахметжан Есімов өз сөзінде көрмеге арналған ғимараттардың құры­лысына да тоқталып өтті. Халықаралық шара өтетін ау­мақтың орта тұсында орналасқан сфера пішіндес ғимаратта Қазақ­станның павильоны орналаспақ. Ғимараттың әрбір қабаты ғарыш энергиясы, күн энергиясы, су энергиясы, кинетикалық энергия сынды энергия түрлерін суреттеуге тиіс. Астрахань облысының губер­на­торы Александр Жилкин Аста­нада өтетін айтулы шараның тақырыбы бүгінгі таңда өте өзекті, креативті ойлай білетін адамдар үшін пайдалы деп санайды. – Болашақтың технологиясына, жаңғырмалы энергия технологиясына қызығушылық танытатын, оны өз көздерімен көру үшін Астанаға келетін адамдардың көп болатындығы анық. Астрахань өңірі жел жиі соғатын, күн энергиясын пайдалану үшін ыңғайлы аймақта орналасқанын ескерсек, біздің бизнесіміз үшін, іскерлік ортамыз үшін де қызықты болмақ. Біздің адамдардың ЭКСПО-2017 көрмесін көру үшін Астанаға келуге деген қызығушылығы жоғары. Қазір Қазақстанның туристік агенттіктерімен тығыз байланыс орнатып, логистиканы дұрыс қалыптастыру үшін бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз, – деді ол. «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының есебіне сүйенсек, халықаралық көрмені өткізуге әзірлік кестеге сай жүргізіліп жатыр деуге болады.  Көрмеге қатысуға өтініш берген елдерге арналған павильондар осы қазан айында беріле бастамақ. Көрме аяқталғанша Астанада тұруға тілек білдірген елдердің өкілдеріне арналған пәтерлер де сақадай-сай. Олар өтініш берген ретіне қарай, қазір дайын тұрған 1370 пәтерге қоныстана береді. Көрме аясында 3 мыңнан астам тақырыптық және мәдени-сауықтық іс-шара өткізіледі, этнотуризмге басымдық беріледі. Арнұр АСҚАРОВ, «Егемен Қазақстан»