Бүгін Астанадағы «Ғашықтар саябағында» Олимпиада және Паралимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері ағаш отырғызды.
«Ғашықтар саябағына" барлығы 19 түп Тянь-Шань шыршасы отырғызылды. Бұл Рио-де-Жанейро Олимпиадасында ел қоржынына түскен медаль санын білдіреді.
ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті мен Астана әкімдігі бірлесіп ұйымдастырған шараға Олимпиада чемпиондары Жақсылық Үшкемпіров, Серік Сәпиев, Данияр Елеусінов, жүлдегерлер Әділбек Ниязымбетов, Василий Левит, Гюзель Манюрова, Екатерина Ларионова, Дариға Шәкімова, Карина Горичева, Фархад Харки бар. Сондай-ақ, Паралимпиада ойындарында «алтын» еншілеген Қазақстанның тұңғыш чемпионы Зульфия Габидуллина мен күміс жүлдегер Раушан Қойшыбаевалар қатысты.
«Мен мұндай шараға бұрын да қатысқанмын. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген өсиет бар. Сондықтан сүйікті қаламыздың көрікті де әсем болуы үшін мұндай сауапты шараларға қатысуға әрдайым дайынбыз. Бұл саябақта отбасымызбен жиі қыдырамыз. Енді өзім отырғызған шыршаны отбасыммен күтіп отыратын боламын. Болашақ ұрпаққа Олимпиада ойындарынан қалған тағы бір ұмытылмас естелік болады деген ойдамын», – дейді Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов.