Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаевты қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Қ.Бозымбаев Президентке 2010 жылғы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары, ағымдағы жылға арналған жоспары туралы баяндады.
Кездесу барысында сондай-ақ Жамбыл облысында іске асырылып жатқан инвестициялық жобалар туралы әңгіме болды. 2010 жылы инвестиция тарту көлемі 140 миллиардтан астам теңгені құрады, бұл 2009 жылғыдан 58 пайыз артық. Өңдеуші, металлургиялық және кен-байыту салалары басым бағыттар болып табылады.
Өткен жылы Жамбыл облысында үдемелі индустриялық даму бағдарламасы бойынша 56 миллиард теңге болатын 8 жоба іске асырылды. 2,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылды. 2011 жылы 10 жаңа индустриялық-инновациялық нысан іске қосылатын болады. Үш ірі кәсіпорынның құрылысы басталады. Мысалы, 394 миллиард теңге болатын күрделі минералдық тыңайтқыштар өндірісінің зауыты, 13 миллиард теңге көлеміндегі құс фабрикасы және 12 миллиард теңге болатын күкірт қышқылы цехы құрылыстары қолға алынбақ.
– Өткен жылы өнеркәсіп өндірісінің өсімі 114 пайызды құрады. Жалпы өңірлік өнім 8 пайызға өсті. Жергілікті бюджетке салық жинау 26 пайызға ұлғайды. 2010 жылы ауыл шаруашылығы саласындағы 202 гектар суармалы жер тамшылатып суарылды. Ағымдағы жылы аталған технология егістік көлемінің 1400 гектарына пайдаланылады. Ал құны 610,5 миллион теңге болатын 40 су шаруашылығы нысанына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Өңірдің суармалы жерінің 65 мың гектарын суаруды қамтамасыз ететін 406 шақырым канал жөндеуден өтті, – деді әкім кездесудің қорытындысы бойынша журналистерге арналған брифингте.
– Ағымдағы жылы көшелерді жөндеуден өткізуге 6 миллиард теңге бөлінді. Жол төсемінің 600-ден астам шақырымына жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Облыста 220 мың шаршы метр тұрғын үй салынады. Ал, 28 мың адам тұрып жатқан 10 елді мекен таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, биылғы жылы 3 жаңа мектеп және бірнеше балабақша ашылады, – деді Қ.Бозымбаев.
Президенттің тапсырмасы бойынша биылғы жылы кәсіпкерлікті дамытуға ерекше назар аударылатын болады. «Бизнестің жол картасы» аясында Жамбыл облысына 4 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаражат кәсіпкерлерді қолдауға, индустриялық инфрақұрылымды дамытуға және мамандарды даярлауға жұмсалатын болады.