Театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның халық әртісі, профессор Талғат Теменовтің, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Болат Ыбыраев пен Түймехан Атымтаеваның, актриса Бақыт Исабекова мен дәстүрлі әнші Нұрай Танабаевтың қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында осы шараға орай ойлар ортаға салынды. Бұл ретте қаллекиліктердің жылдағы маусымды классик жазушы М.Әуезовтің «Абай» трагедиясымен ашуды дәстүрге айналдыруы өнер ұжымы үшін үлкен мәртебе десек, қойылымның қос Абаймен қатар өрілуі бас ақынның бейнесіне режиссердің заманауи тұрғыдан келуінің тағы бір тың үлгісі іспетті әсер қалдырды.
«Абай сөздері дүнияда қалғаны – қазаққа зор бақ... Абайды қазақ баласы тегіс танып, тегіс білу керек» деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, әсіресе сахна өнері арқылы қазақтың бас ақынын танып-білу айрықша мәнге ие деуге толық негіз бар. Осылардың ішінде Қ.Қуанышбаев театры шығармашылығындағы шоқтығы биік рөл және қазіргі заманмен ойы, мүддесі етене жақыны дәл осы Абай рөлі екені даусыз. Мұнда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері режиссер Әлімбек Оразбеков тарихи туындыға өзгеше соқпақпен келіп, жас Абай мен егде Абайды өзара сырластыру арқылы баяндайды. Сахналық өнер ұжымдық ойынның жиынтығы болып саналғанмен, қай спектакльде де қалың нөпірді қаймықпай алға бастап, ризықты төкпей-шашпай діттеген межеге жеткізетін көшбасшылық рөлдің орны бөлек болмақ. Бұл ретте басты кейіпкерлерді сомдаған әртістер ойынынан жауапкершілік пен сүйіспеншілік сезіледі. Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамовтың сомдауында аға Абай бейнесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нүркен Өтеуіловтің бейнелеуінде жас Абайдың боямасыз болмысы өте тұшымды жеткізіледі. Көрермен әділдік пен қатыгездіктің, адалдық пен алауыздықтың күресі арқылы қоғамның шынайы бет-бейнесін тануға мүмкіндік табады. Абай өмір сүрген заман мен қазіргі кезеңнің арасында қандай айырмашылық бар? Қазақ бойындағы кешегі сол кеселден түгел арылып болды ма? Біз жалпы, Абайды толық ұғып болдық деп айта аламыз ба? Режиссер әр адамның соған жол тауып, өз сүрлеуімен баруына көмектеседі. Абайдың сыр-сандығына үңілдіреді. Ақынның ақ айдыны алаңсыз үмітке жетелейді...
Театр ұжымының жетістіктері туралы айтсақ, Мәскеуде өткен XIII Халықаралық «Золотой Витязь» театр форумына «Тыраулап ұшқан тырналар» лирикалық драмасымен қатысып, бас жүлдені қанжығасына байлады. Сондай-ақ, қойылым барысында өз өнерлерін ортаға салған Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов – полковник Лукьянов, актер Әбілмансұр Серіков – Пернебек Боранбаев, актриса Ақмарал Танабаева Инга рөлдері үшін «Золотой Витязьдің» алтын дипломанттары атанған болатын.
Сол сияқты Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастыруымен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Ақтөбедегі Қазақстан драма театрларының XXIV республикалық фестивалінде Қаллеки театрының «Шие» комедиясы «Үздік спектакль» номинациясын иеленді. Ал, биылғы жылы жас актрисалар Сая Тоқманғалиева мен Таңсұлу Баталова «Серпер» жастар сыйлығын иеленсе, актриса Айнұр Бермұхамбетова Қазақстан театр қайраткерлері одағының тағайындауымен берілетін «Еңлікгүлдің» «Жыл актрисасы» аталымымен марапатталды. Сондай-ақ, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жанат Чайкинаға – «Құрмет» ордені, ал Қуандық Қыстықбаевқа Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағы берілді. Белгілі актриса Алтынай Нөгербек Ахан Сатаевтың «Анаға апарар жол» картинасындағы Мәриям бейнесі үшін XII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінде «Үздік әйел бейнесі» номинациясын жеңіп алды.
Жалпы айтқанда, театр ұжымы өткен маусымда көптеген премьералар ұсынды. Ал, алда бұл тізім М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні», Р.Отарбаевтың «Әміре», Л.Н.Толстойдың «Холстомер», Қ.Жұмәділовтің «Ажалдан қашқан періште», Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» сынды тың туындыларымен толықпақ және қарашада Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен Қаллеки театрының 25 жылдық мерейтойына арналған Республикалық театрлар фестивалін өткізу көзделуде.
Қарашаш Тоқсанбай,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Орынбай БАЛМҰРАТ