• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
05 Қазан, 2016

Терминдер төңірегіндегі түйткілдер талқыланды

405 рет
көрсетілді

Жақында Мәдениет және спорт министрлігі еліміздегі Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру және лингвистикалық сараптама сапасын арттыруға бағытталған шаралар жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумы аясында заңнама мәтіндерінің мемлекеттік тілдегі нұсқаларының және іс қағаздарын жүргізудің сапасын жақсарту, салалық терминдерді біріздендіру мақсатында «Заңнама мәтіндері: теңтүп нұсқалықты қамтамасыз ету және терминдерді біріздендіру мәселелері» тақырыбында республикалық әдістемелік семинар өткізді. Семинарда Президент Әкімшілігі, Премьер-Министрдің Кеңсесі, Парламент Сенаты мен Мәжілісі аппараттарының редакциялау бөлімдерінің, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Заңнама институты Лингвистикалық орталығы қызмет­керлері осы саладағы өзекті мә­селелер бо­йынша өз ойларын біл­діріп, тәжірибелерімен бөлісті. Және де іс-шараға орталық және жергілікті атқарушы органдардың заңдар мен басқа да нормативтік-құқықтық акті­лер жобаларының мемлекеттік тілдегі нұс­қаларын әзірлеуге және редакциялауға жауапты мамандары, ұлттық компаниялар мен акционерлік қоғамдардың мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізуге жауапты қызметкерлері қатысқанын да айта кетсек дейміз. Сарапшылар мен лингвистер қазіргі уақыт­тағы қателерді тізбелеп, кей аудар­малардың қисынға келмейтінін алға тартты. Қатысушылар қордаланған мәселені шешу үшін тіл мамандары жұмылып аудар­маға қатысты ортақ мәмілеге келуі тиіс деген пікірлерін білдірді. Осы мақ­сатта бертінде Мәдениет және спорт министрлігінің мұрындық болуымен Терминком.кz сайты ашылған болатын. Бұл порталда ресми бекітілген терминдер тізбегімен таныса аласыз. – Бүкіл терминдердің тізбесі алфавиттік ретпен біздің сайтымызда орналасқан. Оны кез келген адам сол сайтымызға кіріп, кез келген терминнің дұрыстығын, бұрыс­тығын көре алады. Өйткені, қазіргі кез­дегі терминдердің дұрыс нұсқасы және бұрыс нұсқасы жазылған, – деді семи­нарда сөйлеген Мәдениет және спорт ми­нистрлігі Тілдерді дамыту және қоғам­дық-саяси жұмыс комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Мелдешов. – Терминдерді біріздендіру мәселесі бір күнде шешіліп кетеді деп айта алмаймын. Бүгінгі жиынға қатысушылар өз ісінің мамандары. Бұл күрделі мәселе. Әсіресе, заңнама саласындағы терминдерді біріздендіру үлкен жауапкершілік жүктеп, асқан сауаттылықты талап етеді. Мәдениет және спорт министрлігінің жанында терминологиялық комиссия жұмыс жасайды. Бүгінгі семинар жұмысына қатысушы мамандар қажет деген терминдерге байланысты ойларын білдіріп, бір нұсқасын жасап бізге шешім шығаруға ұсынады, – деді ол қорытынды сөзінде.