Республикадағы тарихи-мәдени ескерткіштердің 70 пайызы сақталғандықтан және тарихи-табиғи ерекшеліктеріне байланысты «аспан астындағы мұражай» деп аталып, ардақталатын Маңғыстаудың бұл жолғы жаңалығы осы мәселеге қатысты болып тұр.
Маңғыстау облысындағы Шетпе кентінен 40 шақырым жерде орналасқан Қарауылкүмбет биігінен табылған ескі қорым маңғыстаулық өлкетанушылар мен ғалымдарды қалың ойға қалдырды. Бұдан 8 жыл бұрын Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорық қызметкерлері анықтап, тарихи ескерткіш ретінде тіркеуге алған «Қарауылкүмбет» кесенесінің өзіндік сәулеттік құрылымына, ерекшелігіне қарай XIV-XVI ғасырлардың қолтаңбасы екендігі айтылады.
2014 жылы филология ғылымдарының докторы Б.Нұрдәулетова және белгілі жыршы А.Өтешов «Қырымның қырық батыры» жырлар циклының маңғыстаулық іздері» тақырыбында деректі фильм түсіріп жүріп, биіктігі 8 метр, қабырғасының қалыңдығы 1 метр көне кесенені тапқан болатын. Жартылай қираған кесенедегі мүк басқан анық емес жазуды оқу сол жолы мүмкін болмағандықтан, биік басынан бұл істі ертеңнің еншісіне қалдырып аттанып кеткен. Араға бір жыл салып қайта барған ізденушілер кесенеден «Едіге» деген жазуды және «Едіге баһадүр болды, би болды, шаһид болды» деген жазуды тапты.
Сонымен, бұл қай Едіге? Әңгіме осы арада болып тұр. «Едіге би және Ноғай Ордасы» еңбегінде А.Құнтөлеуұлы қазақта төрт Едігенің болғандығын айтады. Осы автордың, өзге де көнекөздер мен зерттеушілердің еңбектеріне сүйеніп, бар деректер бойынша қай Едігенің қай жерде, қашан, қандай жағдайда қайтыс болғандығын сараптай отырып, жергілікті өлкетанушылардың пікірі Маңғыстауда табылған кесененің басқа емес, нақ Алтын Орданың бас биі, ноғайлының негізін қалаушы Едіге батырдың кесенесі болуы мүмкін дегенге саяды. Бұлай деуге екінші себеп – «Қырымның қырық батыры» жырындағы Едіге бимен есімдері бірге аталатын тұлғалардың Маңғыстауда айтылуы және киелі орындар ретінде сақталуы, Хантөрткүл, Суықтөрткүл, Қостөрткүл, Мамайтөрткүл, Бидайтөрткүл сынды жер-су атауларының Маңғыстауда тізбектеле сақталуы. М.Көпеевтің «Едіге Қаратудың бойындағы Баба Түкті Шашты Әзіз» қорымына іргелес жерленген деген дерегін еске алған өлкетанушылар көнеріп, құм басып, жартылай қирап қалған бұл кесенені толыққанды зерттесе, талай сырдың пердесі сыпырылып, тарихтың жаңа парағы ашыларына сенімді.
– Кесенені тарихи Едігемен байланыстыруға бірнеше себеп бар. Біріншісі, кесенеде «бас би, баһадүр болды» деген жазудың сақталуы. Екінші себеп – кесененің Едігенің бабасы болып саналатын Баба Түкті мен оның қызы Шашты Әзіз бейітіне жақын орналасуы. Үшіншіден, жырлар циклының бас қаһарманы, Ноғай Ордасының тарихи тұлғасы Едіге мен оның Орақ, Мамай, Қарасай, Қази, Қараүлек, Қарашаш, Манашы, Күйкен, Әділ есімдерінің географиялық атаулар, киелі орындар ретінде Маңғыстаудың қара ойы мен қырында шоғырлануы, төртіншіден, жырлар циклінде, оның қазақ, қарақалпақ, ноғай, башқұрт, татар тілдеріндегі нұсқаларында ноғайлы жұрты мен оның жау елінің поэтикалық географиясындағы атаулардың Маңғыстау аймағынан табылуы. Біз аталмыш кесенені үзілді-кесілді Алтын Орданың бас биі Едігенікі дей алмаймыз, әйтсе де кесенедегі белгілер мұнда текті адамның жатқандығын аңғартады. Мамандар назар аударып, осы кесененің сырын тарқатса, тарихымыз үшін айтуға тұрарлық үлкен бір жаңалықтың беті ашылған болар еді, – дейді ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Бибайша Нұрдәулетова.
Ескерткіш сырын ашып, кесенедегі ердің Едіге екендігі анықталса, қазақ даласы, Маңғыстау жері тың жаңалықпен жалпақ жұрттың назарын өзіне аударатын болады.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы