Қазақта «Қазаныма ас салып беріп пе ең?..» дейтін кейісті сөз бар. Түпкі мағынасында еңбекті бұлдау туралы зіл жатқанымен, астары терең. Дәл осы тәмсілді отандық ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілерге қатысты айтқанда, қазанымызда қайнап жатқан сүйек-саяқтың кімнің қолынан шығатындығын да бағамдауға болады.
Жалпы, ауылдың әлеуметтік, экономикалық ахуалының артуы дегеніміз, ондағы өндіріс пен жұмыс күшінің кедергісіз іс-әрекет етуі болса керек. Қазіргі мемлекеттік саясаттың басты бағытының бір тармағы да осы емес пе?! Демек, жаһандық дағдарыс алқымнан алған шақта барель бағасы күн сайын құбылып тұрған мұнайдан гөрі, ұлтымызға тән, топырағымызда түлеген өндіріс пен кәсіп көздеріне мейлінше қолдау білдіріп, дамыту талабы күн тәртібіне шығып отыр. Яғни, Қазақстандағы аграрлық сектордың мүмкіндіктері шексіз, тек осы салада мемлекет, қоғам, адамдар тарапынан бірлескен, сауатты, сапалы іс-шаралар керек.
Соның бір саласы ретінде еліміздегі ет өнімдерін өндіру мен саудалауға қатысты нарыққа барлау жасасақ, бұл саладағы табысымыздан гөрі мүмкіндіктеріміздің мол екендігіне көз жеткізе түсеміз. Мәселен, биылғы жылдың басындағы мәлімет бойынша, ауыл шаруашылығындағы ішкі жалпы өнім 101 пайызға өскен. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы 98,5 пайызға, мал шаруашылығы 103,9 пайызға артқан. Деректер сүйсінткенімен, ойландырар тұстары көп. Яғни, ішкі нарықты ет және ет өнімдерімен қамту мәселесі өткір тұр десе болады. Өйткені, біздің аймақтағы аграршылар жалпыны былай қойып, жергілікті тұтынушыларды өз өнімдерімен толықтай қамтамасыз ете алмай келеді. Ал, толық қамтылмаған нарық импортқа жол ашып, бағаның көтерілуіне де апарып соғады. Мысалға, жақында ғана Алматының ет базарларындағы сиыр етінің килолап сатудағы бағасы 1000-1100 теңгеден 1400-1550 теңгеге дейін күрт көтерілді. Осы жерде нақты бір бағытты алып қарайық. Және біз бұл жерде қорасындағы қой-ешкісін, торпағы мен жабағысын сойып алып, ет мәселесін шешіп қойған ауылдағы ағайын туралы айтып отырған жоқпыз.
Дүние жүзінде мал шаруашылығын дамытуды мықтап қолға алған елдер бүгінде әлемдік ет экспортына қожалық етіп отыр. Ал, дәл қазіргі жағдайда Қазақстан ішкі нарықты толықтай қамту жолында жұмыс жасауда. Рас, отандық аграршылардың арасында көршілес елдер нарығына сәтті қадам жасап отырған кәсіпорындар бар. Және Қазақстанда өндірілген ет өнімдеріне сұраныс жоғары. Себебі, еліміздегі етті, сүтті бағытта өсірілетін мал таза, табиғи азықты тұтынатындығын сырт көз көріп отыр. Ең қызығы, әлемде ет пен ет өнімдері өтімділігі жөнінен ауыз судан кейінгі орынға жақындап келеді. Демек, жұрт ет жеуден де алдына жан салмайтындай күйге жеткен. Ал, «Ет дегенде бет бар ма?» дейтін қазақ үшін де ендігі жерде етті жеуден бұрын өндіруді жолға қоятын уақыт келді. Өйткені, жейтін ауыз жетіп жатыр екен. Әзірше, әлемдік нарыққа бармай-ақ, іргедегі көршіміз, кедендік одақтастар арасынан Ресей Федерациясын алып қарайық. Мысалға, бір ғана Мәскеудің 11,5 млн тұрғыны жыл сайын 1,33 млн тонна ет және ет өнімдерін тұтынады екен. Егер медициналық өлшемге салғанда бір адам жылына 75 кило ет жеуі тиіс болса, ежелден жақсы өмір сүруге дағдыланған мәскеуліктер үшін бұл сұраныс 82 килодан айналған. Жалпы, Ресейдің статистикалық деректеріне сүйенсек, ішкі сұраныс тек ірі қараның етіне жылына 2 млн тоннаға жетеғабыл екен, мұның сыртында шошқа етіне сұраныс 1,5 млн тонна және құс етіне де сұраныс 1 млн тоннаға жуықтап қалған. Осы деректерден Қазақстанның ауыл шаруашылығы үшін, оның ішінде мал шаруашылығы үшін үлкен нарыққа жұмыс істеудің мүмкіндігі туып отырғандығы көрінеді. Яғни, қазақ ауылдарындағы негізгі кәсіп көзі болып табылатын мал басын көбейту мен одан алынатын өнімдерге сұраныс бар деген сөз. Ал, сұранысты қанағаттандыру үшін ауылдағы ағайынның қорасындағы мал басының көбеюі шарт. Қазіргі таңда еліміздің мал шаруашылығы қалыпты даму кезеңін бастан кешіріп отыр десек те болады. Арғы жылдардағы деректер бойынша аймақтардағы төрт түліктің болжамды саны: ірі қара – 6 029 084, жылқы – 1 624 325, қой – 16 410 270, түйе 175 851 бас болып есептелген екен. Бұл, әрине, ішкі нарықтағы ауылшаруашылық өнімдеріне, оның ішінде таза мал өнімдеріне деген сұранысты толық қанағаттандыра алатындай көрсеткіш емес. Өйткені, қорадағы мал басының өсіп - көбеюі мен оның сапалы өнімге айналуы аралығындағы үрдіс ұзақ болғандықтан, кететін шығын мен тәуекел де орасан. Дәл осы жерде ауылдағы шаруаның жеке-дара шешуге шамасы жетпейтін мәселелер туындайды. Ол мәселенің басында мал басын сақтап, көбейту мен түлік тұқымын асылдандыру, жем-шөппен, жайылыммен қамтамасыз етуге қатысты сұрақтар тұрғандығы анық. Енді осы жерден мәселені шешуге мемлекеттің араласуының қажеттілігі туындайды. Қазіргі уақытта осы саланы қаржылай сауықтыруға, инвестициялық субсидия жасауға, несиелер мен лизингтер бойынша пайыздық мөлшерлемені азайтуға жұмыстар жасалып жатыр. Мұның сыртында салықтық жеңілдіктерге қатысты жеке тоқталуға болады. Мәселен, ауыл шаруашылығындағы дайын өнімге қатысты салық саясатын Кеден одағы аясындағы елдермен салыстырсақ, Ресейдегі қосымша құн салығы – 18 пайыз, Беларусьте – 20 пайыз. Қазақстандағы қосымша құн салығы – 12 пайыз. Бұған қоса, біздегі ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілерге мүліктік, көліктік, әлеуметтік тұрғыда айтарлықтай салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Сондай-ақ, Қазақстанда ауыл шаруашылығындағы өнім өндірушілерді несиелендірудің 16 түрлі бағдарламасы жұмыс жасайды.
Демек, жеке шаруа қожалықтары мен ауыл шаруашылығының алпауыттарын ет өндірісін дамытуға ынталандыру жаман емес. Нәтижесі де жақсарса дейміз.
Қысқасы, ет дегенде ниет болуы керек!
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ