Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігі Парламентінің Қазақстанмен ынтымақтастық жөніндегі бүкілпартиялық топтың делегациясымен кездесті, деп хабарлады Қазақстан Парламенті Сенатының баспасөз қызметі.
Қауымдар палатасының депутаты Гизель Стюарт басқаратын бұл топқа Парламенттің қос палатасындағы түрлі саяси партиялардың мүшелері, сондай-ақ тәуелсіз депутаттар енеді.
Қ.Тоқаев екі елдің жан-жақты өзара іс-қимылын нығайтуға ықпал ететін Британия Парламентіндегі депутаттық топтың қызметін қолдайтынын айтты.
Меймандардың өтініші бойынша Төраға Президент Нұрсұлтан Назарбаев бастаған институттық реформаларды іске асыру барысы, сондай-ақ, еліміздің саяси жүйесіндегі Сенаттың рөлі туралы әңгімеледі. Төраға реформалар кәсіби және дербес мемлекеттік аппаратты қалыптастыруға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, индустрияландыру мен экономикалық өркендеуге, ұлт тұтастығын нығайтуға, сондай-ақ транспарентті және есеп беретін мемлекетті дамытуға бағытталғаны туралы хабардар етті.
Екіжақты ынтымақтастықтың басымдықтары туралы айтқанда Қ.Тоқаев Қазақстан Президентінің өткен жылғы қарашада Лондонға ресми сапары барысында қол жеткен уағдаластықтарды іске асырудың маңыздылығын атады.
Сенат басшысы Ұлыбританияның Еуропалық одақтан шығу үдерісі туралы өз пікірін білдірді. «Еуроодақ – біз үшін ірі сауда-экономикалық әріптес, ал Ұлыбритания – Қазақстан экономикасының негізгі инвесторларының бірі. Біз Лондон мен Брюссельдің тезірек оңтайлы шешімге келуіне және сауда-экономикалық дамудың мейлінше қолайлы шарттарын даярлауына мүдделіміз», – деді Қ.Тоқаев.
Британия Парламентінің депутаттары Қазақстанның қазіргі замандағы дамуына, Президент Н.Назарбаевтың реформалар бағдарламасына және Қазақстанның сыртқы саяси басымдықтарына оң пікір білдірді, сондай-ақ, Қазақстан мен Британияның парламенттік үнқатысуын жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.