• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
07 Қазан, 2016

Қазақ боксының атасы

478 рет
көрсетілді

Ш.Бөлтекұлын еске алуға арналған турнир Қазақ боксының атасы, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Шоқыр Бөлтекұлының есімі  мен еңбегін насихаттау, жастарға үлгі ету мақсатында Ақтау қаласында өткізіліп келе жатқан халықаралық бокс турнирі мәресіне жетті. Қазақстан, Өзбекстан, Беларусь, Қырғызстан, Әзербайжан,  Ресей және Тәжікстан елдерінен 150-ден астам спортшы қатысқан дода үш күнге созылды. Бокс спортын қазақ даласына алғаш әкелген спортшы, ұлтымыздың талай былғары қолғап шеберлерінің жолын ашқан жаттықтырушы-ұстаз, екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, рингте 223 кездесу өткізіп, оның 199-ында жеңіске жеткен боксшы Шоқыр Бөлтекұлының есімі баршаға мәлім. Өмірі қиындыққа толы тарланның сонау бір кездері елеусіздеу қалғаны жасырын емес. Алайда, тәуелсіздік алған соң жоқты түгендеу жолындағы қыруар жұмыстар аясында Шоқырды қастерлеп-құрметтеу, оның спорттағы ерлігін бағалау, насихаттау жұмыстары жүргізіліп келеді. Биыл 9-шы рет өткізілген бокс турнирі тартысқа толы болды. Жарыста 7 боксшысы финалға шыққан Маңғыстау облысы командалық есепте бірінші орынды иеленсе, екінші орынға Оңтүстік Қазақстан облысының спортшылары қол жеткізді. Ал өзбекстандық спортшылар үшінші орынды еншіледі. Бокс додасы қорытындысында 49 кг салмақта Ақмола облысынан келген Теміртас Жүсіпов топ жарса, бұдан әрі маңғыстаулықтар Азамат Исақұлов (52 кг), Махмұт Әл-Мұхаммед (56 кг), Сұлтан Шаршов (60 кг), Мағжан Базарбай (91 кг)  жеңімпаздар тұғырынан көрінді. Сол сияқты 64 кг салмақта Оңтүстік Қазақстан облысының өкілі Абдухалил Балтиев, 69 кг салмақта өзбекстандық Степан Партнов жеңісті жолды жалғастырды. Астаналық Мағжан Амангелдиев 75 килода озық шықса, 81 килода ресейлік Имам Хатаев жеңіске жетті. Ал Қызылорда облысының спортшысы Қамшыбек Қоңқабаев 91 килодан ауыр салмақта күштілік танытты. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» Маңғыстау облысы