Таяуда қазақ поэзиясының аса көрнекті өкілі, дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың туғанына 105 жыл толуына орай Қарағанды облысының тілдерді дамыту басқармасы Қарқаралы ауданы әкімдігінің қолдауымен «Дүниеге келер әлі талай Қасым» атты жыр мүшәйрасын өткізді. Ақынның туған жері Қарқаралы қаласында өткен бұл бәйгеде облыстың қазақ және орыс тілдерінде жыр жазатын ақындары бақ сынады.
Мүшәйраға 18 бен 40 жас аралығындағы барлығы 23 үміткер өлең ұсынған болатын. Оның ішінде екеуі шығармаларын орыс тілінде жазған. Байқау шарты бойынша үміткерлер Қасым Аманжоловқа, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және еркін тақырыпқа арналған үш өлеңнен тапсырды.
Мүшәйра қорытындысында бас жүлде Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының сектор меңгерушісі Ж.Байбұлановаға бұйырды. Екінші жүлдені облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің аға тілшісі Ж.Әлиман алса, екінші жүлде М.Күземханов пен Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың 4-курс студенті П.Жаңғлышбаеваға бөлініп берілді. Ал үшінші орынға ҚарМУ-дың 3-курс студенті Е.Нарынов, А.Құнанбаев атындағы Саран гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті Л.Гура және аймақтық «Арқа ақшамы» қоғамдық-саяси газетінің жауапты хатшысы Е. Қуатбек лайықты деп танылды.
Мүшәйра жеңімпаздары дипломдар және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы,
Қарқаралы ауданы