• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
06 Қазан, 2016

Педиатрлар жұмысы пысықталды

432 рет
көрсетілді

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің қолдауымен Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы, «Қазақстанның педиатрлар одағы» қоғамдық бірлестігі республикалық балалар дәрігерлерінің VІІІ съезін ұйымдастырды.  Бұл – төрт жылда бір рет бала денсаулығына байланысты жинақталған күрделі мәселелердің шешімін іздестіретін дәстүрлі басқосу. Биылғы съезде 400-ге жуық педиатрия саласының білікті мамандары жаңа туған нәрестелердің сырқаты мен бала өлім-жітімі көрсеткішін төмендету жолдарын, екпе егудің тиімділігін және мектептегі мейірбикелердің міндетін қайта ұйымдастырып, заманға сай жаңаша жетілдіру жайын сөз етті. Ана мен баланы қорғау қызметінің негізгі әлеуетін сақтай отырып, оның құрылымын өзгерту, амбулатория-емхана тізбегінің рөлін арттыру арқылы оны жаңа экономикалық жағдайларға бейімдеу, барлық балалар үшін медициналық көмекті қолжетімді ету денсаулық сақтау саласының басты міндетіне айналып отыр. Осы мақсатта 2016-2020 жылдарға арналған «Денсаулық» атты жаңа мемлекеттік бағдарлама аясын­да аурудың алдын алу және басқаруға арналған жаңа саясатты ендірудің бірқатар стратегиялық бағыт­тары дайындалған болатын. Аталған саясат қоғамдағы жалпы өлім-жітім көрсеткішін төмендетуге, өмір сүру ұзақтығын ұлғайтуға бағытталған-ды. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министр­лігінің медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті төрағасының орынбасары Роза Қуанышбекова мен Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының ұйымдастыру-әдістемелік жұмыс және медициналық статистика басқармасының жетекшісі Гүлнар Тәшенова балалар арасындағы аурудың алдын алу, диагностикалау мен емдеуге арналған заманауи техно­логиялар, екпе жұмысының тиімділігін арттыруға бай­ланысты айтқан ойы маңыздылығымен көңіл аударды. Жабылып қалған педиатрия факультеттерінің жайы, болашақ педиатрларды  дайындау ісі де назардан тыс қалмады. Өңірлерден келген балалар дәрігерлері түйткілді ойларымен бөлісіп, қажетті ақпараттармен алмасып, бейінді қызметіне байланысты жаңалықтарды пысықтады. Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ