• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
07 Қазан, 2016

«Қашаған» іске қосылатын күн жақын

520 рет
көрсетілді

Сонау 2000 жылы ашылған «Қашаған» кеніші әлемнің алпауыт мұнай-газ компанияларын елең еткізген-ді. Елең еткізетіндей жөні бар, себебі, соңғы жарты ғасырға жуық уақытта табылған әлемдегі аса ірі кен орындарының бірі. Алайда, Қашаған жырау Күржіманұлының 150 жылдық мерейтойы қарсаңында табылып, есімін иеленген кенішті «құрықтау» операциясы күні бүгінге дейін созылып кетті. Жуырда Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Қа­шаған» жобасының жақын арада іске қосылатыны туралы айтты. Кенішті игеруші ак­ционерлердің бірі «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының басшысы Сауат Мыңбаев та ол туралы хабарлады. Қысқасы, аяқ астынан кедергілер туындап қалмаса, алып кен орнын игеру басталатын күн жақын қалды деуге болады. Осы орайда, еліміздің ғана емес, әлемнің мұнай-газ секторындағы айтулы оқиға қарса­ңында «Қашаған» жобасының маңызына, оны жүзеге асыруға кедергі келтірген проб­лемаларға көз жүгіртіп көрмекпіз. Барланған көмірсутегі қоры 4,8 миллиард тоннадан астам деп бағаланған кенішті игеруге кедергі келтірген басты проблема қандай? Оны игеру оператор компаниялар мен Қазақстан үшін қандай табыс әкелмек? Еліміздің экономикасындағы «Қашағанның» маңызы қаншалықты зор? Сол жағын саралап көрейік. Біріншіден, бұл кенішті игерудің басқа кеніштермен салыстырғанда қиын жақтары жетіп-артылады. Мамандардың айтуынша, жер қойнауындағы атмосфералық қы­сым өте жоғары. Оған қоса, алынатын шикі­зат құрамында күкірт көп, 17-18 пайызға же­теғабыл. Мұндай кеніштер әлемде сирек кез­деседі. Оны өндіру үшін ең озық технология, жоғары сапалы материалдар қажет. Күкірті көп шикізат құбырды тоздырып жіберетіндіктен, апат қаупі де жоғары. Сол үшін де «Қашағанды» игеру операциясында қауіпсіздікке баса көңіл бөлінді. Тіпті, Қазақ­стан­ның кен орны үшін Еуропада арнайы технология қолданылып, ерекше материалдан арнайы құбырлар әзірленді. Тағы бір айта кетерлігі, кеніштің геогра­фиялық жағынан орналасқан жері өндіріс жұмыстары үшін өте қолайсыз. Теңіздің сол тұстағы тереңдігі бар болғаны 5-7 метр шамасында. Бірлескен оператор компания сол үшін қолдан шағын арал тұрғызуға мәжбүр болғаны соған байланысты. Оған қоса, Каспий қыс мезгілінде тез қатып қалады. Жобаның осы­ған дейін толық жүзеге асырылмауына, акционерлерінің ауысуына, негізінен, осы тектес факторлар әсер етті деуге болады. Тартымдылығына тоқталайық. 2008 жылғы дағдарысқа дейін мұнай бағасы өр­леп келгені белгілі. Соңғы 45 жылда ашыл­ған әлемдегі ең ірі кеніш болса, «қара алтынның» құны қымбаттап келе жатса, оны игеруге құлшынушылардың қатары көп болатыны түсінікті. Канададағы Cape Breton университетінің түлегі, мұнай-газ маманы Нұржан Жұмағұловтың пікірінше, «Қашаған» іске қосылғаннан кейін күн сайын 180 мың баррель мұнай өндіру жоспарланып отыр. 2017 жылдың соңына қарай бұл көрсеткіш тәулігіне 370 мың баррельге жетуге тиіс. Осылайша, 2018 жылға қарай кеніштің жылдық қуаты 6 миллион тоннаға жетпек. Бұл кен орнын игерудің алғашқы кезеңіндегі жоспар екенін ескерсек, айтарлықтай зор көрсеткіш деуге болады, одан кейінгі кезеңдерде бірнеше есеге өсуге тиіс. – Шикізаттың әлемдік бағасы құлды­ра­ғанына қарамастан, «Қашағанның» Қазақстан үшін маңызы өте зор. Біріншіден, игеру жұ­мыстары әлемдегі ең күрделі кен орындарының бірі болғандықтан, дүние жүзіндегі ең озық, сенімді деген технологиялар елімізге тартылуда. Яғни, техникалық арсенал мен технологиялық біліктілігімізді арттыруға ықпал етіп жатыр. Екіншіден, қазіргі таңда оператор North Caspian Operation Company бірлескен кәсіпорнында 3 мыңнан астам адам жұмыс істесе, оның 85 пайызы жергілікті мамандар. Демек, біздің азаматтар сапалы жұмыспен қамтамасыз етіліп қана қоймай, осындай күрделі жобада жүріп тәжірибе жинақтайды, жаңа технологияларды меңгереді. Сондай-ақ, операторға қызмет көрсетуге жұмылдырылған компаниялардың кемінде 50 пайызы отандық кәсіпорындар. Осы кәсіпорындардағы 10 мыңға тарта адам да тәжірибе жинайды, еңбекақы алады. Бір ғана «Қашаған» он мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр деуге болады, – дейді Н.Жұмағұлов. «Қашаған» ғана емес, оның төңірегінде басқа да мұнай мен газ кеніштері бар. Олар да болашақта іске қосылады. Осы жобалардың барлығын іске қосу үшін де сервистік кәсіп­орындар жұмылатынын ұмытпаған жөн. «Қашаған» жобасы қолға алынғаннан бергі аралықта оған құйылған қаражаттың көлемі 55 миллиард долларға жетіпті. Осы қаражаттың 40 пайызға жуығы қазақстандық банктер арқылы салынған. Яғни, соңғы 16 жылға жуық уақыт ішінде осынша қаражат ел экономикасында жүр деуге болады. «Қашағанға» қаншалықты мол қаражат құйылса, NCOC бірлескен кәсіпорнына кіретін компаниялар өз үлестерін қайтарып алуды қарастырып қойғаны белгілі. «Қара алтын» секторындағы Қазақстанның басты операторы «ҚазМұнайГаз»-дың «Қашаған» жобасындағы үлесі 17 пайызға жуықтайды. Яғни, шетелдік алпауыт компаниялардан кем табыс таппақ емес, тіпті жапониялық және қытайлық компаниялардан да асып түседі. «ҚазМұнайГаз»-дың үлесі өз алдына, өнімді бөлісу туралы келісім бойынша өндірілген шикізаттан түсетін табыстың 10 пайызы ел бюджетіне құйылады... Бірлескен кәсіпорын құрамындағы ком­пания­лар салған инвестиция толығымен қай­тарылып алынғаннан кейін, кен орнын игеруден түсетін таза табысқа сәйкес, ел бюджетіне түсетін табыс көлемі де 10 пайыздан кері пропорцияда ұлғая беретін болады. Қазіргі таңда шикізат бағасының төмен екенін ескерсек, 55 миллиард доллар қаражатты қайтаруға біршама ұзақ уақыт кететіні жасырын емес. Есесіне, мемлекеттің басты оператор «ҚМГ»-ның үлесі айтарлықтай қомақты. Шикізат бағасының құбылуы «Қашағанға» деген инвесторлардың қызығушылығына да әсер еткен. Алайда, Total, Exon Mobil, Shell, CNPS сынды әлемдік деңгейдегі алпауыт ком­панияларға толық сенім артуға болады. Біріншіден, соңғы 20 жылда бірнеше құлдырауды бастан өткен шикізат бағасы алдағы уақытта қайта көтеріледі деген үміт басым. Екіншіден, қыруар қаржы бөлген компаниялар істі орта жолдан тастамауға тырысады. Үшіншіден, әйгілі компаниялар өз имидждерін сақтап қалу үшін де белсенді жұмысты жалғастыруға тиіс. Қорыта келгенде, «Қашағанның» республикалық бюджет қазанын толтыратын аса ірі жоба ретіндегі маңызы төмендемек емес. Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»