• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
07 Қазан, 2016

Дін терроризмге қарсы

822 рет
көрсетілді

Мәскеуде осындай тақырыппен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті Бұған дейін хабарлағанымыздай, кеше Ресейдің халықтар достығы университетінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Президенті Владимир Путиннің бас­тамаларын жүзеге асыру аясында «Дін терроризмге қарсы» деп аталатын халықаралық ғылыми-практикалық конференция болып өтті. Конференцияға қаты­сушы­ларға Қазақстан Республик­а­сының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев құттықтау жолдады. Н.Ә.Назарбаевтың құттық­тауын Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Бас­шы­сының орынбасары Бағлан Майлыбаев оқып берді. «Бүгінде халықаралық терроризм қағидатты тұрғыдан жаңа сапаға ие болып отыр. Лаң­кестік әрекеттері жекелеген актілерден бүкіл адамзатқа қарсы кең ауқымды агрессия сипатына ие болды. Осы қасіретпен күрес − бұл бүкіл әлемдік қоғам­дастықтың ісі. Терроризмге қарсы тұру жауап­­­кершілігін өзіне, бірінші кезек­­те, қоғамдастықтың аса көр­­некті және ықпалды өкіл­дері, дін қайраткерлері мен пар­ла­мен­тарийлері алулары тиіс. Өкінішке қарай, аталған проблеманы біржақты және кең ауқымды шешудің жолы әзірше ойлап табылған жоқ. Сондықтан осы жаһандық қатерге лайықты жауап іздеуде бірлескен күш-жігерді өрістете түсу қажет. «Дін терроризмге қарсы» кон­ференциясы саяси және діни қайраткерлер үнқатысуын да­мытуға соны серпін бере­ді деп есептеймін», деп атап көр­сетілген Қазақстан Пре­зи­ден­ті Нұрсұлтан Назарбаевтың құт­тықтауында. Өзінің сөзінде Б.Майлыбаев Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев пен Ресей Феде­рациясының Президенті Влади­мир Владимирович Путиннің халықаралық терроризммен және экстремизммен күресте бірлескен тарихи аса көкейкесті бастамаларының рөлі аса жоғары екенін атап көрсетті. − Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев терроризм мен экстремизмге қарсы тұ­руды күшейту бойынша бір­қатар халықаралық бастамалар көтерді. Атап айтқанда, БҰҰ туы астында терроризм мен экстремизмге қарсы кең көлемді Жаһандық коалиция құру туралы бастаманы іл­гері­летті. Бұл қатарда «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің БҰҰ Бас Ас­самблеясы мен Қауіп­сіздік Кеңесінің терроризммен және экс­тремизммен күреске қарсы кең ауқымды құжаты ретінде қабылданғанын айта кеткен орынды», − деп атап өтті Б.Май­лы­баев. Кездесуді ашқан Ресей­дің халықтар достығы универ­сите­тінің ректоры Владимир Фи­лип­пов конференция өткізу идея­сы Ресей мен Қазақ­стан прези­денттерінің желтоқ­сан­дағы кездесуінің нәтиже­сінде туғанын еске салды. Оның айтуынша, діни экстремизм мен терроризм қазіргі заман­ның ең күрделі мәселесі болып отыр. Ғалым бұл ретте В.Пу­тиннің осы жаһандық зұлым­дықпен күресте көптеген елдің күш-жігерін топтастыру қажет­тігі, терроризмге қарсы халық­аралық іс-қимылдың бірыңғай жүйесін құру керектігі туралы айтқан сөзін алға тартты. Ре­сей терроризммен күрестің алдыңғы шебінде жүргендіктен, бұл мәселені талқылауға әзір. В.Филиппов Қазақстанның осы саладағы бастамаларының жа­һандық мәнін және Қазақстан елші­лігінің конференцияны бір­лесіп ұйымдастырушы ретіндегі маңызды рөлін атап өтті. Қазақстанның Ресейдегі Тө­­­тенше және өкілетті елшісі Ма­­рат Тәжин діндердің өзі қан­дай да бір тылсым жолмен діни экс­тре­мизмді және терро­ризмді ең­серу тетіктерін жасай алады деп болжауға, дін тө­ңірегіндегі және терроризмге қарсы күрестің айна­ласын­да қалыптасқан қазіргі әлем­­дік ахуалды тар аяда қарас­тыруға болмайтынын атап айтты. Бүгінгі адамның мәде­ни-рухани әлпеті өзгеріп жатыр, ол ақпараттық тех­но­логия­лар мен экстремистік идея­лардың ықпалымен өрке­ниет­тік бағдарын жоғалтып алуы мүмкін. Сондықтан елші қазір­гі терроризмді белгілі бір дінге қатысты контексте емес, тарихи аяда қарастыру қа­жет­тігіне және бұл ретте дәл айқын­далған ұғымдар мен тер­миндер керектігіне назар ау­дарды. Қазақстандық дипло­мат проблеманың басқа да маң­ызды қыры ретінде дін­дер мен геосаясаттың өзара әре­кет­тес­тігін атады, бұл үдеріс бү­гінде кү­шейіп, күрделене түскен. Қа­зі­ргі заманғы терроризмнің  әлеу­­­мет­тік аспектілері, діни экстре­­мизм мен қоғамның әлеу­мет­­тік құры­лымының ара-қа­ты­сы да пікірталас үшін сал­мақ­ты тақырыптар. Терро­ризм пла­нетаның ең нашар өңір­лерінде пісіп-жетіліп жататыны да құпия емес. Елші бүгінгі конферен­ция­ның идеясы жалпыға ортақ діни құн­дылықтар рухани-адам­гершілік тұрғысынан терро­­ристік және экстремистік идео­­­логияларға балама бола­тыны, бейбіт даму мен толе­рант­­тылықты уағыздайтыны және қандайда бір зорлық-зомбы­лықты қабылдамайтыны себе­бінен туындағанын атап өтті. М.Тәжин Қазақстан Көш­бас­шысы Нұрсұлтан Назарбаев­тың ширек ғасыр бойы кон­фес­сия­аралық үнқатысу идея­сын іл­герілетіп келе жатқанына тоқ­талды. – Бүгінгі Қазақстанда кон­­фес­­­сияаралық шынайы татулық бар, – деп атап өтті М.Тә­жин. – Еге­­мен Қазақстан толерант­­тылық мұрасын сақтап, инсти­тут­­тан­дыра алды, осы бірегей үн­­­қатысуды жалғастыра білді. Кон­фессиялардың өзара тү­сі­ніс­тігі мен өзара іс-қимы­лын нығай­татын, діни инсти­туттар мен халықаралық құры­лым­дардың арасында көпір қызметін атқаратын Әлем­дік және дәстүрлі діндер лидер­лері­нің съезі Астанада тұрақ­ты өткі­зі­леді. Қазақстан әлем­дік қоғамдастық үшін топтасты­рушы күн тәртібін жүйелі түрде ұсынып келеді. Қазақстан Прези­денті Н. Назарбаев 2016 жыл­ғы 31 наурызда әлемдік қоғам­дастыққа «Бейбітшілік. ХХІ ға­сыр» манифесін жариялады, ол бүгінде БҰҰ-ның екі негізгі ор­га­нының – Бас Ассам­блея мен Қа­у­іпсіздік Кеңесінің ресми құжаты мәртебесіне ие болды. Ресей Президенті Әкімшілігі Бас­­шысының орынбасары Ма­го­­медсалам Магомедов Прези­дент Владимир Путиннің құт­тықтауын оқып берді. «Барлық әлемдік діндер жалпы адамзаттық мәнін жо­ғалтпайтын іргелі гуманистік құндылықтарға негіз­делген. Олардың рухани бас­шылары діндарларды қайы­рымдылыққа, әділеттілікке, толерант­тылыққа, өскелең ұрпақ­ты мейі­рім мен бір-бірін құрмет­теу­дің ең биік идеалдарымен тәр­биелеуге шақырады. Сондық­тан діни бірлестіктердің күш-жі­­герін топтастыру, олардың мем­ле­кеттік органдармен және қоғам­­дық құрылымдармен өза­ра іс-қимылы планетадағы бей­біт­шілік пен келісімді қам­та­масыз етудің маңызды әрі бірден-бір шарты болып саналады», делінген В.Путиннің құт­тықтауында. М.Магомедов жиналған қауым­ға Ресейдің діни салада­ғы қарым-қатынастардың үйле­сімін табу­дағы тәжірибесі туралы әңгі­мелеп берді. Оның айтуынша, мем­лекет «дұрыс бағыт ұстанатын мұсылман ұйым­дарымен» белсенді жұмыс істейді. Ресейлік мұсылман­дардың әлеуметтік доктринасы әзірленіп, отандық дін мамандары мен уағызшыларды тәрбиелеу үшін исламдық білім беру жүйесі дамытылып жатыр. Волга ислам академиясы аясында отандық діни мектептерді нығайту жұмыстары бас­талды. Мұ­сылмандардың діни бас­қар­малары арқылы Ресей өңір­лерінде барша­ға мойындалған шетелдік дін ма­мандарының қатысуымен діни конференциялар өткізіледі. – Биылғы тамызда Гроз­ный­да өткен ислам ғалым­дары­ның дүниежүзілік конферен­циясы маңызды мәнге ие болды, – деді М.М­а­гомедов. – Біз Ресей үшін дәс­түрлі ислам өл­шемдері туралы және одан экс­тремистік ағым­дар мен секталар түрінде ажы­­рау белгілері туралы пәтуа қа­был­данған осы конферен­цияның шешімдерін қолдаймыз. Бұл – біздің елдің рухани көшбас­шы­ларының басым көпшілігінің маңызды ұстанымы. Ресей Православие шір­кеуі Сыртқы шіркеу байланыс­тары бөлімінің (РПШ СШББ) төрағасы Митрополит Иларион Патриарх Кириллдің құт­тық­тауын жария етті. Онда діни қоғамдастықтар халықтар ара­сында бейбітшілік пен ізгі көр­шілестікті насихаттай отыра пайда әкелетіні атап көрсетіледі. Бейбітшілік сөзін кең көлемде пайдалану қажет. Иларион зорлық-зомбы­лықты сенім арқылы ақтап алу әрекетіне қатаң қарсы тұру қажеттігін мәлімдеп, терро­ризм­мен күресті жаңа әлемдік соғыс ретінде сипаттады. Тер­ро­ризм­мен күресте ең тиімді тәсіл – аяу­шылық таныт­­пау, өйткені, лаңкестік адам­дар­дың өмірге деген құқын аяқас­ты етіп келе­ді. Ол кон­ферен­ция­ның наза­рын Таяу Шы­ғыс­тағы жағ­­дайға аударды. Мұн­да хрис­­тиан­дар қуғындауға ұшы­ра­­ғандық­тан, өзгі елдерге жап­­пай көшуге мәжбүр. Оның үстіне, православиелік иерарх­тың пікірінше, діни терроризм, атап айтқанда, ислам терро­ризмі деген жоқ, өйткені, терро­ризм кез келген діннің ұста­нымына қайшы келеді. – Террористер – сайтанның құлы, құдайдың жауы, – деп мә­лімдеді Иларион. Ресей Федерациясы Феде­рал­­ды жиналысы Федерация кеңесі төрағасының орынбаса­ры Ильяс Умаханов В.Мат­виен­коның кон­ферен­цияға қаты­­с­ушыларға үндеуін оқып берді. Үндеуде халық­аралық күш­­тердің терроризм­мен күрес­те жұ­дырықтай жұмы­луы­нын аса маңызды екені атап өтіле­ді. Ол, сондай-ақ, Феде­рация кеңесіндегілер терро­ризмнің әлем­дік ауқымдағы қасірет болып табылатынына сенімді еке­нін көлденең тартты. Ресей терро­ристердің шабуылына алғаш ұшыраған елдердің бірі және оған лайықты қарсылық таныта алды. Вице-спикер Ресей­де антитеррор мәселесін қозғай­тын мыңнан астам нормативтік-құқық­тық акт қабылданғанын хабарлады. Террористердің адамгер­шілік­ке жатпайтын іс-әрекеттерін ақтап алу үшін қасиетті діни ұстаным­дарды айғақ ретінде пайдалануға тырысатындары сенаторлардың  ерекше ашу-ызасын туғызды. – Біздің конференциямыз пар­ламенттік өлшеммен ал­ған­да жүр­гізіліп келе жатқан жұмыстардың маңызды буыны болып табылады. Біз терро­ристер діни дәлел­де­ме­лерді пай­далана алмайтындай ахуал қа­лыптастыруға тиіспіз. Тер­­ро­ризмде дін де, ұлт та, шека­ра да жоқ, –  деп атап көр­сетті И.Ума­ханов. И.Умаханов түрлі діндер­ді антитеррор бойынша бірік­тіретін құжат дайындау ісін ой­ластыруды ұсынды. Оның сөзіне қарағанда, мұндай құжат Әлемнің барлық діндерінің антитеррорлық хартиясы бола алар еді. Бұл тақы­рыпты 2017 жылдың науры­зын­да Санкт-Пе­тербургте талқы­лауға мүм­кін­дік бар. Мұнда халық­аралық терроризммен күрес бойынша ірі парламентаралық форум өткізу жоспарланған. Ресей Сыртқы істер ми­нис­тр­лігінің Адам құқы, демо­кра­тия және заң үстемдігі мәсе­лелері бойынша елшісі (Ерекше тапсырмалар жөніндегі елші) Константин Долгов ислам тер­роризмі деген түсініктің мүлдем жоқ екені туралы пікірмен келісетінін білдірді. Терроризм идеологтарының исламофобия және христианофобия мәсе­лелерін күн тәртібіне енгізу әре­кетіне қарсы тұру маңызды. – Бүкіл дін атаулы ізгілікке, түсіністік пен отбасылық құн­ды­лықтарды ұлықтауға үндей­ді. Мұ­ны жастардың санасы­на сіңіру керек, себебі,  біз тер­рористердің са­пында негізінен жастардың соғы­сып жүргенін білеміз. Ақыл-ой мен жүрек үшін күресте жеңілмеу керектігі аса маңызды, – деп атап көрсетті К.Долгов. Ресей дипломатының пікі­­рін­ше, Ресей терроризммен күрес­те ғана емес, іргелі дәс­түрлі құндылықтарды қорғау саласында да алғы шептен көрініп келеді. Сондай-ақ, елдің жүздеген жылдар бойы жинаған дінаралық тәжірибесін насихаттау маңызды. Ол Ресей мен Қазақстанның терроризм идеологиясына қарсы іс-әрекет танытуға қатысты жауапты бірге іздеп, тиімді бастамаларды бірлесіп қарастырып келе жатқанын жоғары бағалады. Әзербайжанның Ресейдегі елшісі Полат Бюльбюль оғ­лы бү­­гінде терроризм жарасы ква­зи­мемлекеттік сипат алуға ұм­тылып отырғанын атап өтті. Оның үстіне, проблема транс­шекаралық өлшем алып барады, сондықтан осы кес­апатпен күрес күш біріктіру арқылы жүр­­гізілуі тиіс. Террористерді жақсы мен жаманға бөлуге болмайды. Терроризммен күресте тек күш қолдану әрекеттері ғана емес, сондай-ақ, идеологиялық негіз­делген күрес те маңызды рөл атқарады. Дипломат сөзінің соң­ын­да Әзербайжанның анти­тер­ро­ристік іс-әрекетке қосып отырған үлесі туралы әңгімелеп берді. Иранның Ресейдегі елшісі Мехди Санаи көп жағдайда дін­нің үлкен дүрдараздықтарға ілік ре­тінде пайдаланылғанын атап өтті. Бұл жерде дінді мораль­дық қағидаттардан бөлуге тырысу басты себеп бол­ған жағ­дайлар да аз емес. Иран дип­ло­матының мәлімдеуінше, Теге­ран Таяу Шы­ғыста бейбіт­ші­лік пен тыныш­тықты сақтау мақ­сатында түрлі діндермен және ағымдармен тұрақты диалог жүр­гізіп келеді. Өкінішке қарай, сыртқы ойыншылар жаңа қақ­тығыстардың сызбасын тық­палаудан жалығар емес. Еуразиялық экономикалық комиссия министрі Татьяна Вало­вая  Еуразия кеңістігі бейбіт­­шіліктің, достық пен өсіп-өр­кен­деудің кеңістігі болуы тиіс еке­нін мәлімдеді. Еуразия хал­қы мың­даған жылдар бойы бей­бітшілік пен келісімде өмір сүріп келеді. ЕАЭО-ға мүше ел­дер дінаралық келісімнің үлкен тәжірибесін жинақтаған. Та­рих тағылымы алдыңғы қа­тарлы мемлекеттер барлық дінді құрмет тұтқан кез­дерінде табысты болға­нын көл­денең тартады. Діни келісімге сел­кеу түсісімен, сол мем­лекеттер қираған. Біздің Еуразиялық экономикалық одақ барлық діндердің бір-біріне тек құрметі нәтижесінде ғана орнықтылығын сақтап, өсіп-өркендей алады. Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері коми­тетінің төрағасы Ғалым Шой­кин де терроризмнің идеоло­гиялық негіздерін алас­тау қажеттігін атап көрсетті. Ол Қа­зақстанда құрылған Дін істе­рі және азаматтық қоғам министр­лігінің мақсаты мемлекет пен конфессиялар ара­сын­дағы қарым-қатынасты жетіл­діру, діни экстремизмнің алдын алу, мемлекет пен қоғамды дамыту, ар-намыс бостандығы мен да­мудың зайырлы негіздерін ны­ғайту, жастарды азаматтық қоғам институттары арқылы оң жа­сампаз қызметке тарту болатынын хабарлады. Конференцияның пленарлық бөлігінде, сондай-ақ, Ресей Федерациясы мұсылмандары діни басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Дамир Мұхитдинов, Ресей еврей қоғамдастығының президенті Алек­сандр Борода, Ресей хрис­тиан евангелия сенімі бірлескен одағының басқарушы еписко­пы Константин Бендас, Ресей католиктік епископтары  кон­ференциясының бас хатшысы Игорь Ковалевский сөз сөйледі. Конференцияға қаты­су­шылар  іргелі рухани сұранысқа ие және адам тыныс-тіршілігінің пробле­ма­ларымен айналысатын діндер адамгершілікке қарсы мақсаттар­да пайдаланы­луы, сенім-наным қандай пішім­де де зорлық-зом­былықты ақтап алуы тиіс емес екенін атап көр­сетті. Сенім иесіне зорлық-зом­былықты қабыл­да­мауға сенім феноменінің өзі көмектесуі тиіс. Конференция қонақтары, сонымен қатар, адамзат өркение­тінің дамуы үшін ислам мәде­ниеті мен руханиятының маңы­зы зор екенін атап көрсете келіп, «ислам терроризмі» деген терминді бірау­ыздан концеп­туалды сынға алды. Жинал­ғандардың пікірінше, бү­гінде түбегейлі дінаралық үн­қа­тысу, сондай-ақ,  ғылыми негіз­делген кең ауқымды діни ағарту­шылық үдерістер аса маңызды. Самат МҰСА, Айбын ШАҒАЛАҚОВ, «Егемен Қазақстан»