• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Қазан, 2016

«Атамекен» кемесі Қазақстанның Каспий теңізіндегі үлесін өсіреді

731 рет
көрсетілді

Санкт-Петер­бург­тегі Нева кеме жасау және жөн­деу зауытынан «Атамекен» құрғақ жүк кемесі суға түсірілді. Бұл – биылғы ресейлік кеме жасау­шылар құрастырған екінші кеме. Алғашқы «Жібек жолы» құрғақ жүк кемесі қазіргі кезде Ақтау портына тіркеуге тұрғызылып, Каспий айдынына коммерциялық сапарға шығаруға әзірленіп жатыр. Айтулы шараға «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, Нева кеме жасау және жөндеу зауыты мен Ленинград облысының ресми өкілдері қатысты. Кемені суға түсіру салтанатында «KTZ Express» АҚ президенті Диас Ысқақов сөз сөйледі. Ол Мем­лекет басшысының тапсырмасы­мен еліміздің транзиттік әлеуетін дамыту мақсатындағы «Нұрлы Жол» бағдарламасы жобасын жүзеге асыру аясында Қазақстанның құрғақ жүк флотын дамытуға арналған­ды­ғын атап өтті. «Қазақстанда Каспий кеме флотын дамытуға баса назар аудары­лып отыр. Жаңа заманауи кемелер сатып алу  халықаралық жүк та­сы­малында бәсекелестікке төтеп бе­ру үшін мультимодальды логис­тика­лық тізбекті құруға ықпал ете­ді. Қа­зіргі таңда «Бекет ата» мен «Түр­­кістан» құрғақ жүк кемелері опе­­раторлық қызметте біраз тәжі­ри­бе жинақтады. Олар қазірдің өзін­­де 150 мың тонна басты жүк­тер­ді тасымалдады», – деді Д. Ысқақов. Еліміздің құрғақ жүк кемелері «Өз жүгіміз – өз портымыз – өз фло­тымыз» тәртібімен негізгі құр­ғақ жүк көлемінің 20%-ын  қам­тиды. 2020 жылдарға қарай құрғақ жүк флотын 20 данаға жеткізіп, Ақ­таудан экспортқа шығарылып, Кас­пийде тасымалданатын құрғақ жүк көлемінің 55%-ын  қамту жос­парланған. 2018 жылдың аяғы­на дейін Құрық портында екі темір­ жол паромы құрылысын аяқтау көз­­делуде. Каспий айдынында кеме қозға­лы­сын дамыту  Халықаралық Шы­ғыс – Батыс – Транскаспий бағда­ры және Солтүстік – Оңтүстік дәліз­дерін байланыстыратын «Қазақ­стан темір жолы» ҰК» АҚ страте­гия­­лық дамуының басым бағдар­лары­­ның бірі болып табылады. Жо­ба Еуропа Қайта құру және даму банкінің қолдауымен жүзеге асы­­рылғанын айту ләзім. «Атамекен» жаңа кемесін суға түсіру кезінде, теңіз тәрті­бі­мен шампан шөлмегін кеме қабыр­ғасына Жанар Ыбыраева ұрып сын­­дырды. Ол «Орал» зымыран-ар­тиллериялық кораблі әскери бөлім­шесінің радиобайланыс жөнін­дегі маманы әрі 1-сыныпты стар­ши­насы қызметін абыроймен атқа­рып жүр. Жанар Ыбыраева – Кас­пий маңы мемлекеттерінің Әске­ри-теңіз күштері әскери кораблінде қызмет ететін тұңғыш әрі жалғыз қыз. Марат АҚҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»