Бүгін футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы әлем чемпионаты іріктеу турнирінің аясында Черногорияда осы елдің командасымен кездеседі. Ал 11 қазан күні Астанаға Румыния жасағы келеді. Осы екі матчтың алдында біз ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Талғат Байсуфиновпен әңгімелескен едік.
– Алдағы ойындарға дайындық қалай?
– Екеуі де жақсы қарсылас. Үш күнде екі кездесу өткіземіз. Черногорияның ойыншылары Еуропаның жетекші клубтарында ойнайды. Команданың матчтарына біраз талдау жасадық. Оны әлсіз команда деп айта алмаймын. Жалпы, қазір «кәрі құрлықта» әлсіз құрама жоқ. Соған қарамастан, кездесуде барымызды саламыз. Біздің жігіттердің бір артықшылығы, олардың бәрі ұлттық чемпионатта ойнайды. Бір-бірлерін жақсы біледі. Енді командамызға өздерін жақсы қырынан көрсеткендер алынатын кез келді деп ойлаймын. Әрине, сырт алаңдағы ойын оңай болмайды. Жол болса, алыс. Сосын командаға жаңа алаңға үйреніп, психологиялық жағынан жақсы дайындалу керек.
– Қазір Премьер-лиганың маусымы аяқталып келеді. Ойыншылардың жүгі ауыр. Осы нәрсе матчта әсер етуі мүмкін бе?
– Әрине, әсері болады. Клубтардың чемпионаттағы ойын кестесі тығыз. Соның да әсері болуы мүмкін. Дегенмен, ол басты нәрсе емес. Кез келген ойыншы құрамаға шақырылды ма, соңына дейін барын салып ойнауы керек. Алаңға ел намысы үшін шығуы керек. Мен осыны жігіттерге жиі айтып отырамын.
– Алдағы мачтарда команда алдына қандай мақсат қойылып отыр?
– Жеңілмеу керек деген тапсырма бердік. Екі ойында да жеңіске жетуге тырысамыз. Алдымызға биік мақсат қойып, алаңға еңсемізді көтеріп шықсақ, өз күшімізге сеніп ойнасақ алынбайтын қамал болмайды. Қазір команданың өзіне деген сенімі пайда болды. Шеберлігі артып келеді. Тәжірибелі ойыншыларымыз бар. Бұған дейін Әзербайжан, Грузия және Қытаймен өткен матчтарда біраз тәжірибе жинадық.
Бізге алдағы матчтарда босаңсуға болмайды. Қарсыластарымыз кез келген қателікті аңдып жүреді. Польшамен ойында солай болды. Екі қателіктен – екі гол. Черногория мен Румыния да ешкімді аяйын деп тұрған жоқ. Қысқасы, біз әрбір ойыншымен жеке жұмыс істеп жатырмыз.
– Осы екі матчқа құрама саны белгілі болды ма? Кімдер ойнайды, кімдер ойнамайды?
– Оны уақыты келгенде көресіздер. Қазіргі жұмысымыз – команданың матчтарға жақсы дайындығы, елдің сенімін, үмітін ақтау.
Әңгімелескен
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан»