Қоғамға төніп отырған қауіптің бірі – маскүнемдік. Қазіргі таңда мас күйінде көлік рөлін тізгіндеп, соның салдарынан жан түршігерлік жол-көлік оқиғасына себепкер болып жатқан оқиғалар қатары толастар емес.
Жамбыл облыстық наркологиялық диспансерінің сараптама кабинетінде жыл басынан бері көлікті мас күйінде басқарған 1412 жүргізуші медициналық куәландырудан өтіп, 287-сі мас күйде болғаны анықталды. Оның 250-і көлікті алкогольді ішімдік ішіп алып басқарған, ал, 37-сі есірткі қолданған. Өткен жылы барлығы 2696 жүргізуші медициналық куәландырудан өткізіліп, оның ішінде 743 азамат мас күйінде көлік рөліне отырғаны, олардың 653-і алкогольді ішімдік ішкені, ал 90 жүргізуші есірткі қолданғаны анықталған болатын. Сонда орташа есеппен санағанда күн сайын алкоголь ішіп немесе есірткіге елтіп, көлік басқаратын 2 жүргізуші ұсталады екен. Бұл әрине, өте қорқынышты жағдай. Осыдан кейін ешкім көшеде өзін қауіпсіз сезіне алмайды. Кез келген уақытта алдыңыздан мас жүргізуші шығып, соңы қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін деген сөз.
Оны айтасыз, сараптама кабинетіне бір күнде мас күйінде көлік басқарған 5-6 жүргізуші келіп түскен сәттер де кездескен. Облысымыздағы түрлі ұйым қызметкерлері наркологиялық диспансерден наркотестілеуден өтеді. Оған талдау жасар болсақ 2015 жылы барлығы 5144 наркотестілеу өткізілген, оның ішінде ішімдік, есірткі тұтынғанын растаған талдаулар саны – 84 болды. Ал 2016 жылдың 7 айында 4486 наркотестілеу өткізіліп, оның ішінде 6 азаматта есірткі қолданғаны анықталып отыр.
Бұдан бөлек наркологиялық диспансер мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығында жүргізуші куәлігін алу үшін наркотестілеу өткізеді. Мұнда да, сондай-ақ есірткілік заттарды тұтыну дерегі анықталуда. 2015 жылы барлығы 18991 наркотестілеу өткізіліп, оның ішінде 128 наркотест тапсырған азаматтың есірткі тұтынғаны расталған болатын. Биылғы жылдың 7 айында 10837 наркотестілеу өткізіліп, оның ішінде 25 азамат есірткі қолданғаны анықталып отыр. Міне, осыдан кейін есірткі тұтыну, ішімдік ішіп көлік рөліне отыру үйреншікті жайға айналып бара ма деген қорқынышты ой келеді. Әлде олар үшін көлік жүргізу құқығынан айырылу, 30 тәулікке қамалу, жұмыстан босатылу немесе айыппұл төлеу түкке тұрмайтын жазаға айналып кеткені ме? Қалай айтсақ та, мұндай келеңсіз жайттармен жалғыз емес, көп болып күресуіміз керек.
Жақып ЖЕКСЕМБИЕВ,
Жамбыл облыстық наркологиялық диспансерінің бас дәрігері
Жамбыл облысы