Атасынан қалған ас болмаса да, араққа араны ашылатындар аз емес. Олардың және саны қанша екенін ешкім білмейді, бірақ әйтеуір баршылық екені анық. Солардың бәрі ащы суды ішуге бас қойғанда татып алмайтындар қатары селдіреп қалатындай көрінеді. Әйтсе де соңғы кездері біздің қоғамымыз сындарлы саламатты салтты ұстанып келе жатқаны әмбеге аян. Соның арқасында ащы судан арылғандар қатары да молайып келеді. Бірақ...
Иә бірақ, нақты жағдай қандай екенін тиісті сала мамандары ғана жақсы білетіндіктері сөзсіз. Мәселен, елімізде қанша адам маскүнемдікке салынатындығын ішкі істер органдары нақты айта алмаса да, шамалай алады. Әрине, арақ ішетіндердің бәрін бірдей бір жіпке тізіп, маскүнемдер дей алмайсыз. Бірақ соңғы кездері мас күйінде қылмыс жасайтындардың саны бірте-бірте көбейіп бара жатқан көрінеді. Оны айтасыз, тіпті тұрмыстық негізде орын алатын ауыр қылмыстардың он пайызы спирттік ішімдік ішкендіктен болады екен. Демек, ащы суды ішу азаймай тұр және оның зардабы да зорайып тұр деген сөз.
Бұл нені білдіреді? Бұл мас адамдар бірте-бірте қоғамдық орындарда да көбейе бастайды дегенді білдіреді деп ойлаймыз. Мұны Ішкі істер министрінің өзі де қостайтынын жасырмайды. Өйткені, расында маскүнемдік пен алкоголизмнің алдын алуға бағытталған тұтас кешенді шаралардың қабылданғанын бәріміз білеміз. Бірақ одан біз күткендегідей еш нәтиже шықпай отыр, дейді Қ.Қасымов. Азаматтардың қоғамдық орындарда спиртті ішімдік ішпеуі үшін, арақ ішіп көлік құралдарын жүргізбеуі үшін, жалпы ол пәлені ат шаптырым айналып жүруі үшін заңға да бірқатар өзгерістер енгізілді. Қоғамдық орындарда арақ ішкен жанға айып салынатыны былай тұрсын, егер қажет деп табылса оны күштеп, яғни еркінен тыс емдету амалдары да іске қосылды. Тіпті арақ ішкен адамның іс-әрекетіне айрықша талаптар қойылатын болды. Бұдан әрі болмаған соң алкогольді өнімдерді сату уақытын шектеу де шығарылды. Бұл да болса адамның арақ ішпеуіне әсер ету амалдарының бірі болатын. Бірақ, амал нешік, бұған да мойынсұнып жатқандар аз көрінеді. Арақ ішу жастардың арасында жайылмасы үшін спиртті ішімдікті сатуда белгілі бір жас мөлшері бекітілді. Бірақ «баяғы жартас – сол жартас» көрінеді.
Демек, енді не істеу керек? Адамды күштеп көндірудің кері кесірі қоғамға тиетіні көріне бастады. Мұндайда «Ауруын жасырған өледі» дегендей, жасырын шындықты да жасырмау қажет. Қандай амал бар? Қазір көбейіп бара жатқан маскүнемдерді оңалту және бейімдеу орталықтарына қабылдау күн тәртібінен әлі түсе қойған жоқ. Бірақ бұл салада да түйткілді мәселелер бар екенін бас полицейдің өзі айтып отыр. Өйткені бүгінгі таңда еліміз бойынша барлығы 628 төсектік 31 орталық, яғни айықтырғыштар бар екен. Ал соның өзін бірқатар мамандар қажет емес деп санайтын көрінеді. Демек, ішімдік ішкен немесе маскүнемдікке салынған адамдарды дер кезінде оқшаулап, айықтыратын орындар қажет емес секілді. Солай ма?
Ал біле білсеңіз, айықтырғыштардың қоғам қауіпсіздігі үшін көп пайдасы бар екенін көпшілік айтады. Өйткені айықтырғыш болмаса, бәрібір соған ұқсас бір мекеме, орталық ашуға тура келеді. Бұл мәселені көрмегендей, қол қусырып қарап отыруға әсте болмайды. Бірақ «Аязби әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» дегендей, отбасында, қоғамдық ортада шектен шығатындар бар. Солардың барар жері айықтырғыш болуы тиіс дейтіндер жоқ емес. Бұл пікірді ескеру қажет. Сонда спиртті ішімдік ішу, маскүнемдікке салынудың алдын алудың бір жолы – айықтырғыштарды көптеп қалпына келтіру болмақ. Сондықтан елімізде айықтырғыштар санын арттырып, оны алдымен әлеуметтік, медициналық мекеме деп қарастыру қажет секілді.
Әрине, айықтырғышқа той-томалақтан сәл қызарып шыққан кез келген адамды ұстап, тоғыта берудің негізі жоқ. Олардың қуанышының аяғын бір сәтте тас-талқан етіп бұзуға әсте болмайды. Кейбір дамыған өркениетті елдерде полицияның өзі мұндай жандардың далада тоңып, жаурап немесе бір пәлеге ұшырап қалмасы үшін үйіне дейін апарып салады. Ал кеңестік кезеңнен қалған әдет бойынша біздің елде керісінше сырахана, мейрамхана алдын торуылдаған полиция елдің қуанышы үшін бір сәтке көңіл көтерген бейбақтарды айықтырғыштан бір-ақ шығаратын. Мұндай кезең енді келмеске кеткен шығар деп ойлаймыз. Себебі айықтырғыштардың нақты қандай жандарға арналатынын әркім білетін кез келді. Бұған сіз не дейсіз, ағайын?
Александр Тасболатов,
«Егемен Қазақстан»